Жаңалық

Ержан Сәлімгереев: «Жүзіп келе жатқанда қорықпауың керек. Өмірде де солай»

Ержан Сәлімгереев – паралимпиадашы, жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әр жыл сайын халықаралық дәрежегі додаларда Қазақстанның намысын қорғап жүр. Ол 2018 жылы Джакарта қаласында өткен Азия ойындарында қос алтын медальды иеленді. Жақында ғана “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында өткен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының II кезеңінде үздіктер қатарынан көрініп, 29 жеңімпаздың қатарынан табылды.

Ruh.kz: Ержан, сізді ең алдымен, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының II кезеңінде жеңімпаз болуыңызбен құттықтаймын. Қуанышты хабарды алғаш естігенде қандай әсерде болдыңыз?

Ержан: Өзімді «100 жаңа есім» жобасына ұсынғанын ең алғаш Facebook әлеуметтік желісінен білдім. Шыны керек, оған дейін мүлде хабарым болған жоқ. Facebook -тен қарасам, 13 500 адам дауыс беріпті. Соңғы рет Индонезия елінде Джакартадан екі алтын медаль иелендім. Мен Атырау тарихында Азия ойындарынан қос алтын алған тұңғыш спортшы екенмін. Сол себепті мені осы жобаға ұсынуға лайықты деп тапқан болуы керек. Бұған дейін 2017 жылы осы жоба туралы естігенмін. Өзіме ұнады. Әлеуметтік белсенділігі жоғары адамдарға одан әрі қарай алға жылжуына үлкен септігін тигізеді. Бірақ осы жылы өзімді жеңімпаз боламын деп күткен жоқпын.

Ruh.kz: Елбасымен кездесуде Атыраудан спорт кешенін ашқыңыз келетіні туралы айттыңыз, бұл ұсынысыңыз қолдау тапты ма?

Ержан: Осы мәселе бойынша кеше маған министрліктен хабарласты. Ұсынысымның нақты мақсатын, бағыт-бағдарын сұрады. Мен оларға Елбасының алдында айтқандай, ұсынысыма ешқандай өзгеріс енгізбейтінімді, дәл сол мақсатымды жүзеге асырғым келетінін айттым. Өзімнің ауылым – Атырау облысының Еркінқала ауылынан спорттық нысан ашып, болашақ жас чемпиондарды дайындағым келеді. Біздің ауылда спорттық кешен жоқ, бірақ мықты жігіттер көп. Оларды спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыруға болады. Барлығы бірдей чемпион болып кетпесе де, өзі үшін спортпен шұғылданса деймін. Ұсынысымның қолдау табатынына сенемін.

Ruh.kz: Бір сұхбатыңызда Құрманғали Тасмағамбетов деген азаматтың сізге үлкен қолдау көрсеткенін айтыпсыз. Ол қандай азамат, сіздің ұстазыңыз ба, әлде ағайыныңыз ба?

Ержан: Мен 9 жасымда 3 сыныпта оқып жүргенімде үйдің жанындағы трансформаторға ойнап жүріп, тоққа түсіп қалдым. Осы ауыр жағдайдан соң бұл кісі мені теледидардан көріп, үйге арнайы іздеп келді. Құрманғали Тасмағамбетовпен менің ешқандай туыстық байланысым жоқ. Ол кісінің кім екенін нақтырақ таныстырып кетсем, бұрын Алматы, Астана қалаларының әкімі болған Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтың туған інісі – Құрманғали Тасмағамбетов. Қиналған сәтте үлкен қолдау көрсетті. Аяғыма протез салып беріп, компьютер де алып берді. Есейгеннен кейін менің Атырау мұнай және газ институтына оқуға түсуіме көмектесті. Өскесін өзіме қол ұшын созып көмектескен қайырымды жанның еңбегін қайтарғым келді. Әлеуметтік желілерде көпшілік түрлі пікір қалдырады. Біреулер тұрмысы жақсы жердің баласы болғасын, осындай мүмкіндікке ие болған шығар деп жазып жатады. Ешқандай да ауқатты отбасынан емеспін. Мен осы ауыр жағдайға түскенде 5 адам 1 бөлмелі үйде тұратынбыз. Құрманғали Тасмағамбетов маған материалдық, моральдық жағынан көп көмектесті. Сол үшін менің ол кісіге алғысым зор.

Ruh.kz: Соңғы жаңартқан жеке рекордыңыз қандай болды?

– Азияда жүзуден 3 арақашықтық бойынша рейтингте бірінші орында тұрмын. 2018 жылы бірінші еркін жүзу әдісімен 50 метр қашықтықта 31 секундқа, екінші 100 метр қашықтықта 1 минут 8 секундқа, үшінші 50 метр қашықтықта баттерфляй әдісімен 32 секундқа рекорд жаңарттым.

Ruh.kz: Мексикада өткен кезекті паралимпиадалардың бірінде сізге төрешілер тарапынан әділетсіздік жасалды, деп ел арасында біраз шу көтерілгені белгілі. Бұл қалай болды?

Ержан: 2017 жылдың желтоқсан айында Мексика елінің Мехико қаласында Әлем чемпионаты болды. Бұл сайысқа барардың алдында Қырғызстаннан, Алматы қаласынан үлкен жаттығудан өттік. Жаттығуда жарақат алған кездерім де болды. Бірақ бәрін жеңіп, сол додаға қатыстым. Фавориттердің қатарында болдым. Жартылай финалдан елу метр қашықтыққа баттерфляй әдісімен озып тұрған жерімнен, төрешілер ережеге сай емес іс-қимыл жасадың, деп жарыстан шығарып тастады. Бәрібір өзімнен ерте секірсе де, қарсыластарыма менен озуға мүмкіндік жоқ болды. Олардан екі корпусқа алға кетіп қалғанмын. Жүзуде «екі корпус» деген өте үлкен арақашықтық. Төрешілер бәрін көріп тұрса да, мені шығарып жіберді. Маған ауыр тиді. Бірақ әр нәрсені жақсылыққа балаймын. Қайғылы жағдайдың артынан бір жақсылық күтіп тұратынына сенемін. Одан кейін үмітімді үзбей, жаттығуды қайта жалғастырдым.

Ruh.kz: Сіздей ерік-жігері мықты азаматты тәрбиелеген ата-анаңыз немен айналысады?

Ержан: Отбасында әкем-анам, ағам, інім бар. Анам туралы айтатын болсам, ол кісі өте қарапайым жан. Қарапайымдылығы сонша, ұялы телефон ұстамайды. Қызықпайды. Кейде кішкене шектен шығып жатсам, «Ержан, қарапайым болсайшы» деп ескертіп отырады. Кіммен қалай сөйлесу керек, өз-өзіңді қалай ұстауың керек бәрін айтып отырады. Әкем анама ешқашан жұмыс жасатқан жоқ. Анам осы уақытқа дейін біздің тәрбиемізге көңіл бөліп келеді. Әкем кезінде түйе балуан болған. Бойы – 2 метр, салмағы – 120 кг. Республикалық деңгейге дейін шыға алмағанымен, күрестен 3 рет Атырау чемпионы болған. Кейін белгілі бір себептерге байланысты жастайынан жұмыс істеуіне тура келген. Сол кісінің спортқа жақындығы қан арқылы маған да берілді деп ойлаймын. Әкеміз бізді адалдыққа тәрбиеледі, біреудің затын рұқсатсыз алмаңдар, ала жібін аттамаңдар деп үйретті. Ол кісі – мұнайшы. Өз ортасында сыйлы. Бастықтарына дейін звандап «мына жері қалай болады?» деп әкеммен ақылдасып отырады.

Ruh.kz:  Спорттан басқа, қандай қызығушылықтарыңыз бар?

Ержан: Мектеп кезінде 10 сыныпта жеке орындауымда «Ақ арман» деген ән жаздым. Жұрттар сұрайды «Қайда бара жатырсың?» деп, мен «Студияға кетіп бара жатырмын» деймін. Олар маған «сен-ақ жатпайды екенсің» деп күлетін. Мен алға қарай жүретінмін. Күн боран болғанда, жұрттың көлігі жолда тұрып қалады, ал мен бір жерге баруым керек па, ауа райының қолайсыздығына қарамай жүре беретінмін. Соңында студиядағы жігіт маған дискіні беріп жатып: «Мына өлең өзіңе үйде тыңдауға арналған», – деді. Мен қатты намыстанып кеттім де, бірден облыстық радиоға бардым. Ондағылар: «Әнді тыңдап көреміз, ұнаса 3 күннің ішінде радиоға жібереміз» деді. Әнім радиодан берілді, мен одан әрі қарай талпына түстім. Танымал эстрада әншісі Ақылбек Жеменей Атырауда концерт берді. Сол концертте мен Мейрамбек Бесбаевтың «Сен үшін жаралғандаймын» деген әнін жанды дауыста орындадым. Содан кейін Ақылбек Жеменей маған өнер жолын бастауға ұсыныс білдірді. Бірақ мен өзімді өнер адамы ретінде көре алмадым, өйткені менің қайсар мінезім мені спортқа әкелетінін білдім.

Ruh.kz:  Қазіргі уақытта Токио олимпиадасына дайындық қалай жүріп жатыр?

Ержан: Негізі дәл қазіргі уақытта психологиялық тұрғыдан дайынмын. Ал менің психологиялық тұрғыдан дайынмын деген сөзім бұл менің физикалық тұрғыдан да дайын екенімді білдіреді. Себебі физикалық дайындығы жоғары болса да, психологиялық дайындығы әлсіз талай жігіттерді көргенмін. Олар қарсыластарын көргенде «е, мынау келіпті ғой жарысқа» деп сынып қалады. Жүзіп келе жатқанда, қорықпауың керексің. Саспай, бәрін есептеуің қажет. Өмірде де солай. Мен қазір спортпен ғана айналысып жүрген жоқпын, жұмысым бар. Белсенді жастардың қатарынанмын. “Жас Отан – Жастар қанатының” мүшесімін. Әр түрлі мотивациялық кештерге барамын. Олардың ешқайсысынан бас тартпаймын. Себебі менің жағдайымды бастан кешіп жатқан қаншама адам бар. Олар маған қарап, еңселерінен көтеруі тиіс. Менің жағдайымдағы адамдар жүзуден чемпион болған Дмитрий Баландинді көріп, ризашылық білдіреді. Бірақ алға қарай ұмтыла қоймайды. Ал мені көрсе, қызығушылықтары оянып, өзінің жаңа қырларын аша бастайды. Менің спортқа келгендегі мақсатым – бүкіл алтынды жинап алып,  орын алып кетіп қалу емес, артымнан еріп келе жатқан жастарға жол көрсету.

Ruh.kz: Расында, сізде бос уақыт деген жоқ сияқты…

Ержан: Бос уақытымда әлеуметтік желілерде отырамын. Жан-жақтымын. Менің парақшама кіріп, адамдар мотивация алып отырады. Мысалы, мен Instagram желісінде 2-3 суретімді өшіріп тастасам, маған адамдар «неге өшірдіңіз?» деп жаза бастайды. Олар маған: «Бір іс бастайтын болсақ, қиналып тұрсақ, сенің суреттеріңе қарап, күш-жігер аламыз» дейді.

Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет. Жеңісті күндері жүздескенше!

Айнұр Нұрманғалиева

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button