Жаңалық

SOYLE.KZ - ЖАҢА ЖОБА

Қазақ тілінің жоғалмауы, одан әрі дамуы және де басқа ұлтты азаматтарға насихатталуы жолындағы еңбектер аз емес. Алайда, уақыттың тапшылығы – заманымыздың ағымы. «Тіл үйренеміз», деген ниетті азаматтар баршылық, ал уақыт жоқ. Осындай мәселелерді шешу жолында еліміздің ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақ тілімізді насихаттау әдістемесінің жаңа жобасын шығарды.

Жаңа жоба 25 ақпан күні ҚР АКМ Орталық коммуникациялар қызметі алаңында таныстырылған. Бұл «Soyle.kz» онлайн-курсы. Курстың екі нұсқасы бар – ағылшын тілінде және латын графикасында. «Soyle.kz»-тің ерекшелігі де сол, бұған дейін қазақша тек орыс тілді  қолданушылар үйреніп-оқи алатын болса, биылғы жылдан бастап онлайн-курста берілетін материалдар шетелде тұрып жатқан этникалық қазақтар мен ағылшын тілді шетелдіктер үшін де қолжетімді болмақ. Қор қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі күні Венгрия елінің бір азаматы қазақ тілін осы курс арқылы меңгеріп жүр. Бұл азаматтың тіл үйренудегі басты мақсаты – Қазақстанда тұратын ағайынмен еш кедергісіз хабар алмасу. Ал, Ресей елінің 15 жасар баланың қазақ тілін онлайн үйрену курстарын ғаламтордан іздеу барысында, осы «Soyle.kz»-ке тап болғаны оны қатты қуантты. Жасөспірімнің болашақта қазақ тілін үйреніп, Астанаға жұмыс бабымен келгісі келетін ойы тағы бар.  Сондай-ақ, порталда латын графикасын үйренемін деген ізденушілерге бұл таптырмас жоба болмақ.

«Soyle.kz»-ұйымдастырушыларының ұсынған ақпаратына сүйенсек, бүгінгі күні порталда 115 000 астам адам тіл үйрену үстінде. Курстар ашылған уақыттан бастап, оның ресурстарын, алыс-жақын шетелдерді есептегенде,  5 000 000 астам қолданушы пайдаланған. Әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланатын тіл үйренушілердің саны 30 000 адамнан асады.  Айта кететін бір жәйт, «Soyle.kz» әдістемесінің Skype бағдарламасы арқылы қазақ тілді үйрену сабақтары тегін және «Астана» радиосы арқылы аптасына үш рет қазақ тілін үйрету бағдарламасын тыңдап, тілді үйрене аласыз. Сонымен бірге,  «Soyle.kz» онлайн-сабақтарын бейне роликтер арқылы үйренгіңіз келсе, «Soyletube» Youtube-каналынан бейнероликтерді көре аласыздар.

Мемлекеттік тілді дамыту қоры тек «Soyle.kz» онлайн-курсымен шектеліп қоймай, Android пен iOs платформаларындағы «Balasoyle» мобильді қосымшасын, «Ұлы дала аңыздары» («Легенды великой степи») веб-графикалық романдар сериясын, қазақ тілін үйренуге арналған Soyletube видеожобасын әзірледі. 

Бұл жобалардың ішінде аты айтып тұрғандай, «Balasoyle» мобильді қосымшасы жасөспірімдерге арналған. Қосымшаны жүктеу арқылы, ата-аналар өз балаларына қазақ тілін ойын формасы арқылы үйрете алады. Bala.soyle.kz порталын бүгінгі таңда бір жарым мың адам  пайдаланып отыр. Қосмшада балалардың қазақ тілін дұрыс сөйлеу, оның сөздік қорын кеңейту және қоршаған ортаны танып білу секілді қажетті білім көздері табылады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған игі істерді жүзеге асыру мақсатында Мемлекеттік тілді дамыту қоры «Ұлы дала аңыздары» жобасын көрерменге алып келді. «Ұлы дала аңыздары» онлайн жобасына тоқталатын болсақ, бұл веб-графикалық романдар сериялары негізінде қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Qazcomics.kz» веб-сайты мен мобильді қосымшасы әзірленді.  Оның мазмұнынан халқымыздың ежелгі аңызы «Ұлы махаббат туралы жеті хикая» және «Қазақ жерінің ұлы батырлары» енді. Бұл аңыз-әңгімелер арқылы оқырман қазақ халқының ежелгі мәдениетін, салтын және келешек ұрпаққа қалдырған өсиетімен таныса алады.

 Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ, 

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button