Жаңалық

БІР УЫС ТОПЫРАҚ ТАҒЫЛЫМЫ

Атам қазақ тағы бір даналы сөзінде: «Асыл адамға өлім жоқ» деген екен. Осы аталы сөз рас-ау тегі. Халықтың перзенті, халық ұлы – Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақ Географиялық қоғамының бастамасымен  6 адамнан құралған ғылыми топ Алаш көсемінің туған жері бүгінгі Ақтоғайдан ғұмыр-жапырағы үзілген Мәскеуге дейінгі аралықты қамтыған «Әлихан Бөкейхан ізімен…» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция аясында сапарға барып келді. Бәлкім, осы экспедицияның жұмысы жоғарыда келтірілген халық даналығының мән-мағынасын толық ашса керек-ті. Шындығында, Әлихан Бөкейхан өлген жоқ, жер бетінде соңғы қазақ қалғанша, оның есімі әрбір қазақ баласының жүрегінде сақталары хақ. Экспедиция барысында көңілге әсер еткен жайттармен бөлісейік…

Тәлкекті тағдыр

немесе

профессор Зейнеп Әлиханқызының ашқан ғылыми жаңалығы

Алты Алаштың аймүйізді серкесі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның ұрпақтарының бәрі шетінен дарынды, талантты болған. Әке қаны, ана сүті арқылы қонған тегінде бар тектіліктің өнегесі ұрпақтарына дарыған. Алаш көсемі Әлиханның қос перзентінің де, олардан тараған ұрпақтарының да тағдыр дәптеріне (Дауһіл-мағфузына) еліне, жеріне қызмет ету жазылыпты. Бақ дарып, құт қонған әулетке солақай саясаттың кері әсері тиіп, тәлкекті тағдырға душар еткені болмаса, ұлт көсемі Әлихан да, оның ұлы Өкітай (Сергей) мен қызы Зейнеп те бүгінгі қазақ елінің болашағы үшін адал қызмет еткен жандар. Өзекті өртейтін өкініш, орны толмас өкініш сол – Алаштың абыройы болған марғасқа тұлғалардың әулетінің бордай тозып, қуғын-сүргінге ұшырауы.

Алаш көсемінің өзі секілді аса дарынды, білімді болған перзентінің бірі, қызы – Зейнеп. Зейнеп (Елизавета) 1903 жылдың сегізінші мамыры күні дүниеге келген. Ол Совет Одағы көлеміндегі аса танымал, жетекші медицина қызметінің демографы, социал-гигенист маманы, медицина ғылымының докторы, профессор және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер, медицина саласы бойынша ІІІ дәрежелі майор шеніндегі әскери-дәрігер болған.

1923 жылы Зейнеп Әлиханқызы Алаштың үлкен қайраткері, Әлихан Бөкейханның шәкірті әрі үзеңгілесі, қоғам және мемлекет қайраткері, әдебиетші Смағұл Сәдуақасұлына тұрмысқа шыққан. 1924 жылы Смағұл мен Зейнептің Ескендір есімді ұлы дүниеге келеді. Алаш көсемі аялап өсірген Ескендір 1941 жылдың 19 қарашасында КСРО-ны фашистік Германияның басқыншылығынан азат ету жолында ерлікпен қаза табады (Кейбір деректерде Ескендірдің қаза тапқан жері Мәскеу облысының Скирманово елді мекені делінеді).

Зейнеп Әлиханқызы 1927 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің бірінші медицина факультетін тәмамдаған. Ол ұзақ жылдар бойы Денсаулық сақтау министрлігінің аппаратында қызмет атқарған. 1945–1948 жылдар аралығында Н.А.Семашко атындағы ВНИИ әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтау бөлімінің ғалым-хатшысы, 1959–1969 жылдар аралығында осы институттың санитарлы статистика бөлімінің меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерде істеген. Алаш көсемінің қызы өмірінің соңғы жылдарында Орталық дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтында қызмет еткен.

Зейнеп Әлиханқызы өзінің ғылыми шығармашылық ғұмырында санитарлық-статистиканың теориясы мен әдіснамасының мәселелерін һәм түсік тастау (аборт) және оның қауіптілігі мен зияны сияқты мәселелерін жан-жақты зерттеген. Ғалым КСРО көлемінде медициналық статистика саласы бойынша сұранысқа ие маман болған. Әрі Зейнеп Әлиханқызы халықтың өсімі, көбеюі және туу көрсеткіші сияқты демографиялық мәселелермен КСРО-ның медицина тарихында тұңғыш рет шұғылданған маман болып саналады. Ол көптеген қиын әрі жауапты оталарға қатысып, өзінің шеберлігімен көптеген науқастардың ажалына араша түскен.

Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақаскеліні 1965 жылы «Түсік тастаудың әлеуметтік-гигиеналық проблемасы» («Аборт как социально-гигиеническая проблема») атты докторлық диссертациясын сәтті қорғап, медицина ғылымының докторы ғылыми дәрежесін иеленген. Ал, 1967 жылы медицина саласының «профессоры» ғылыми атағын алады. Ғалымның 1969 жылы «Отбасының әлеуметтік-гигиеналық аспектілерін реттеу» («Социально-гигиенические аспекты регулирования размеров семьи») атты монографиясы жарыққа шыққан. Ғалым-дәрігердің бұл еңбегі КСРО тарихындағы түсік тастау мәселесіне орай жазылған №1 еңбек болып саналған. Әлі күнге дейін Ресейдің медициналық оқу орындарында осы еңбекті басшылыққа алып, оқу процессінде қолданады екен. Өздеріңіз жақсы білесіздер, түсік тастау мәселесі – қазіргі қоғамның да өзекті мәселесі болып тұрған іс. Тіпті, өзегін жоймаған мәселе десек те болады.

Профессор Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақастың ғылыми еңбектерін назарларыңызға ұсынуды жөн санадық:

1.Мероприятия по ограничению рождаемости и их влияние на воспроизводство населения. /Советское здравоохранение. 1966. № 5. С.16-22.

2.Социально-гигиенические аспекты регулирования размеров семьи. М.: Медицина. 1969.

3.Роль аборта в осуществлении сознательного материнства в СССР (по материалам выборочного обследования). // Изучение воспроизводства

населения. (Сб. статей. Научн. Ред. А.Г. Волков). М.: Наука. 1968. С. 207-224.

4.Комплексное изучение здоровья населения СССР на год переписи (1970). /Здравоохранение Российской Федерации. 1969. № 10. С. 7-11.

5.Материнская смертность в некоторых зарубежных странах и методика вычисления этого показателя. /Здравоохранение Российской Федерации. 1965. № 2. С. 30-32.

6.Аборт как социально-гигиеническая проблема. Автореферат диссертации на соискание ученой степени доктора медицинских наук. М. Центральный институт усовершенствования врачей. 1965.

7.Социально-гигиенические аспекты изучения здоровья населения. /Советское здравоохранение. 1965. № 10. С. 9-13.

Алаштың оқыған аяулы қыздарының бірегейі, үлкен дәрігер-ғалым, профессор Зейнеп Әлиханқызы өзінің санаулы ғұмырында басынан түрлі қиындықты өткеріп, құсалықпен күн кешіп, айықпас дертке шалдығып, 1971 жылдың 23 маусымында дүниеден өтті. Ғалымның сүйегі күлі Мәскеу қаласындағы Новодевичье мазарында жерленген.

Әкесі мен жан жарынан, бауыр еті баласынан тірідей айырылып, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған Зейнеп Әлиханқызы ақтық демі таусылғанша КСРО-ның медицина саласына көп үлес қосқан білікті маман. Оның ашқан ғылыми жаңалығы – отбасының тұрақты болуына жағдай жасалып, халықтың санын көбейту керек деген ғылыми тұжырымы болатын. Алайда, ғалым-дәрігердің теориялық ашқан ғылыми жаңалығына көзінің тірісінде билік тарапынан әлденеше рет тиым салынған болатын.

Бір уыс топырақ киесі

Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!

І.Жансүгір

Ілияс ақын атақты Ақан серіге арнаған поэмасында осылай деп жазған. Осынау сөздер Ақтоғай өңірінің азаматтарына арналып жазылғандай. Өйткені, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның өмір жолы туралы айтқан кезде, оның туған өлкесі – қасиетті Ақтоғайды айтпай кете алмаймыз.

Ұлт көсемін ең алғаш ұлықтаған кімдер? Әрине, оның өз замандастары. Кеңес үкіметі құлап, ақтаңдақтар ақиқаты ашылып, өз қолымыз өз ауызымызға емін-еркін жеткенде, жерлестері ұлықтаған еді. 1992 жылдың өзінде-ақ, ақтоғайлықтар Әлиханның құрметіне арнап рухани шараларды өткізе бастаған. Міне, содан бері 24 жыл уақыт өтіпті. Әлиханды құрметтеуге арналған алғашқы қадам жайында айта кетейік, бүгінгі жаңа буын – жас ұрпақ біле жүрсін. «Әлихан!» десе ішкен асын жерге қоятын, ардақты азаматты  көпке таныту, насихаттау ісіне белсене араласып жүрген, әзіз рухтың шырақшысындай бола білген, әлі де  бола беретін өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан «Алаш арыстарының есімдерін ардақтайық!»  атты мақаласында: «Ақтоғай жұртшылығы өздерін Алаш қайраткерлерінің атамекені екендігін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ әйгілеп танымдық шаралар өткізіп, тағзымдық жолды бастап берген болатын», – депті. Иә, дұрыс айтады. 1992 жылы Ақтоғайда үлкен той өткен-ді. Сол жылы «Алаштың Арқадағы үш арысы» атты ғұмырнамалық конференция өткізіп, қуғын-сүргін кезінде атылған тарихи тұлғаның шығарылмаған жаназасының сауабы үшін Әлекеңнің рухына құран бағыштап, ас берді. Осындай тарихи салтанатты шара барысында Ақтоғайдағы М.Горький атындағы орта мектепке Әлихан Бөкейханның есімі беріліп, ауылдағы Ленин көшесі Әлихан Бөкейхан көшесі болып өзгертілді. Осы игі шараға Мәскеуден арнайы шақырылған Әлекеңнің немересі Евгений қатысып, асылдың тұяғына жерлестері ақбоз ат мінгізген болатын. Бұл шараның мәнді де, тағылымды болып өтуіне ерекше үлес қосқан Ақтоғайдың алғашқы әкімі Сағадат Дүйсебеков екен.

1998 жылы сол кездегі аудан басшысы болған Төлеужан Ахметбековтің бастамасымен Ақтоғайдың орталық алаңындағы пролетариат көсемі В.И.Лениннің ескерткішінің орнына Алаштың үш арысы Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбай, Әлімхан Ермектің зәулім ескерткіші орнатылды.

2013 жылы қазіргі аудан әкімі Салтанат Әбеуованың ұсынысымен археолог ғалым Арман Бейсенов және ол жетекшілік еткен ғылыми экспедицияның мүшелері Алаш көсемінің Жекежалдағы қыстауынының орнын топырақтан аршып алып, іргетасын ретке келтірген еді.

Қазақ: «Әкім бол – халқыңа жақын бол!» деген екен. Біз сөз еткен осы үш әкімнің де атқарған ісі – бір күннің емес, мың күннің тірлігін қайырғандығында.  Дүниеге келер буынның өзі осы тарихи оқиғаларды танып білген сайын, бұл әкімдердің есімдері де ұлықталып, оларға деген ұрпақтың махаббаты арта түседі. Оған кәміл сенемін. «Алаш!» деген азаматтарды Тәңірдің өзі жарылқайды! Әкім болсаң, осы үш азаматтай бол!

***

Атажұрт, атақоныс, атамекен деген жүрекке жылы тиетін сөздер бар. Атақоныс –  әрбір адамның кір жуып, кіндік кескен байырғы мекені. Бұ дүниенің мәні: игілігіңде! Тәуелсіздік пен атамекен – Тәңірі Тағаланың қазаққа берген бағы. Задында, Тәуелсіздік бесігінде тербеліп, атажұртыңның алтын ордасында туылу емес пе! Жат босағаны телміріп, біреуге қараған күнің құрсын. Ең сорақысы сол – біреудің қас-қабағына қарап, бағынышты болу. Біздің қазақ – бағзы заманнан-ақ ешкімнің айдауына түспеген, ешкімнің ығына көнбеген ел еді ғой. Иә, солай болған. Бағзы замандар да… Кейінгі жылдары тағдырдың асау толқыны алапат дауылға ұласып, қарға тамырлы қазақ баласын атақоныс – ақ ордасынан айырып, шартарапқа қаңғытып жіберді. Қаңғытқан кім, қансыратқан кім? Кешегі қылышынан қан тамған, қанға жерік, қаны бұзық – қызыл империя жезтырнақтары киізтуырлықты еркін жатқан бұл елді атақонысынан айырып, кіндігін кескектеді.

Алаштың ар-намысы үшін атқа қонып қалың елдің қамын жеген қайраткер асылдарымызды аттырды. Нешелеген ту ұстар арыстар сотталып, лек-легімен итжеккенге айдалды. Дүниенің төрт бұрышына тентіріп, босып кеткен елдің көкейіндегі бар арманы – атақонысына келіп, көру немесе осы қасиетті даласында жан тапсыру. Арман, аңсар – атажұрт, бүгінгі – Тәуелсіз Қазақстан!

Елі үшін құрбан болған ерлер қаншама! Санауға саусағың жетпейді-ау, шіркін! Кімнің сүйегі қайда қалмаған десеңші. Туған елі мен жерін шетсіз, шексіз сүйген хас перзенттеріміздің бірегейі, қазақтың біртуар, қайталанбас перзенті – Әлихан Нұрмұхамед баласы, Бөкейхантегі.Біз, жас ұрпақ туған елді қалай сүю керек екенін, санаулы ғұмырыңды туған еліңе қалай бағыштау керек екенін осы – Әлихан Бөкейханның өнегелі де, ғибратты ғұмырынан ұғынып өсуіміз қажет. Шынымен де, Әлихан Бөкейхан – шын сүюдің символы! Әлихан бастаған әрбір Алаш қайраткерінің ғұмыры – ғибратты, тағылымды!

Тәуелсіз қазақ елінің жастары, ойы – азат, саналы жас өскінінің идеалы – Әлихан және оның үзеңгілестері болатын болса, бүгінгі Тәуелсіз қазақ елі әлдеқашан дамып, өркендеп кетер еді. Себебі: Әлиханның, Алаштың рухымен тәрбиеленіп өскен жас ұрпақ әділетсіздікке, жемқорлыққа, мансапқорлыққа қарсы тұрады. өйткені: олар – ар мен ұяттың тұтқыны! Меніңше, осылай болатын еді.

***

Әлихан!

Не деген сұлу есім! Алла қаласа, етек-жеңімізді жинап, шаңырақ көтерсем, атұстарымның есімін бабасының құрметіне арнап қоятын едім. Сол күнге аман-есен жетейік!

***

Жер, топырақ деген қасиетті сөздер – Әлихан үшін тым қадірлі болған. Өзінің жеке басына, зәузатына қауіп-қатер төніп тұрса да, елінің болашағы үшін не түрлі тәуекелге басын тікті.

Біз осы жылдың 5-22 шілдесі аралығында жүзеге асқан «Әлихан Бөкейхан ізімен…» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедицияның құрамына еніп, ұлт көсемінің туған жері, кіндік қаны тамған Желтау өңірінен сауат ашқан Қарқаралы, азамат болып қалыптасқан Семей, Омбы, саяси қайраткерлігін танытқан Петербор, Минск, Самар, Орынбор, ғұмырының соңғы он жеті жылдай уақыты өткен, ғұмыр-жапырағы үзілген Мәскеуге дейін жүріп өттік.

5 шілде – мұсылман қауым Ораза айт мейрамының алғашқы күнін қарсы алып, арқа-жарқа болған күн. Экспедиция құрамы осы күні Әлекеңнің туған еліне тағзым етіп, бабалар қорымы – «Талды бейітке» барып, арнайы құран-хатым оқытып, мазардағы әруақтардың рухына дұға етті. Әлекенің жақын туыстарының, елінің ұлықсатымен бейіт басынан топырақ алды. Топырақ Мәскеудегі оның мәңгілікке мекен еткен «Дон» мазарына жеткізілмек. Бұл топырақ Ақтоғайдан бастап Мәскеуге дейін біздің қол сөмкемізде болып, экспедиция бағытын басып өтті. Бұл топырақ – туған елдің, мұқым қазақтың сәлемі еді. Бұл экспедиция – Алаш аманатын арқалаған керуеннің нақ өзі болды!

Мәскеуге де аман-есен жетіп, «Дон» мазарына барып, тағзым еттік. Әлиханның шөбере інісі Нұрым Райымжанұлы Әзіхан немересі Бөкейхан туған елден келген топырақты өз қолымен бабасының қабіріне сеуіп, ишарат жасады. Сол жерде қасиетті құранның аяттарын оқып, дұға еттік. Ел аманатын орындап, бұл бейіттен де топырақ алды. Бұл топырақ – Әлиханның бейітін арнайы ата-бабасының бейітіне алынған топырақ еді.

24 қыркүйек күні Ақтоғайда Әлекеңнің 150 жылдық мерейтойына арналған үлкен дүбірлі той болып өтті. Сол тойға елордадан бір топ ғалымдар легі барған болатын. Сол шақырылған қонақтың арасында мен де болдым. «Әлихан бөкейхан ізімен…» экспедициясының құрамынан атынан елге сәлем айтып, бабалар қорымына Мәскеуден жеткізілген топырақты Әлиханның немере інісі Балабаршын мен немере қарындасы Әйіш Смахан Төре қызы үшеуміз сеуіп, дұға еттік. Мәскеуден жеткізілген бұл топырақ – Әлиханның рухы мен ата-баба рухының қайта қауышқандағы белгісі.

Қаймана қазақ үшін қашан да болсын бір уыс топырақтың жөні бөлек. Сонымен, бір уыс топырақтың ұқтырар тағылымы – елге, жерге қызмет ету. Бір уыс топырақтың киесі – АМАНАТ! Бір уыс топырақтың философиясы – елге оралған РУХ! Бір уыс топырақтың мәні – елге айтылған сәлем!

Алаш көсеміне туған елінен 2,5 кездік жер бұйырмады. Өкініштісі – осы. Бірақ,  Әлихан – туған жерге байлап қойған кіндігін! Туған елдің топырағы деген құдды бір – магнит секілді тылсым күші бар рух емес пе! Әлиханның сол рухы – елді ішкі-сыртқы қауіптен қорғап тұр. Қазақтың дәстүрінде сәби дүниеге келген уақта, оның кіндігін кесіп, жолдас етін алты қырдан асырып, адам баласының аяғы баспас қиянға көмеді. Міне, сол топыраққа көмілген жолдас етіңмен – кіндігің егіз емес пе! Құдайдың өзі кіндестік қылып жаратқан соң, қалай ғана туған топырағыңа адал болмайсың! Қалай ғана оның қорғаны болмайсың! Жаратқан Иенің адам баласын топырақтан жарататынын қалай ғана ұмытарсың.

***

Михайловск  Пушкиннің, Ясная Поляна Толстойдың, Шахматово Блоктың, Константиново Есениннің туған жері ретінде әлемге әйгілі болса, қазақ баласы үшін Жидебай Абайдың, Бөрілі Мұхтардың, Ақтоғай Әлиханның, Сарытүбек Ахметтің, Бидайық Міржақыптың туған жері болғанымен қадірлі, құнды болмақ.

Әлиханның шырақшысы

Алты Алаштың басшысы болған,  қазақтың заманынан озып туған ойшылы Әлихан Бөкейханның ғұмырнамасы – бүгінде иісі қазақтың ғұмырымен сабақтасып, салаласып жатыр.

Әлиханның тағылымы мен аманатына адал болып жүрген жандардың бірегейі – Тұңғышбай Мұқан ағамыз. Өміртайдың Тұңғышбайы 1946 жылдың 1 қазанында Қоңырат ауданында дүниеге келген. Қарағанды педагогикалық институтының түлегі. Қарапайым мектеп мұғалімі қызметінен бастап үлкен лауазымды қызметке дейінгі еңбектің барлық сатысынан сүрінбей, адал жүріп өткен білікті маман. Заманында  «Ақтоғай халық тетары» мен «Тоқырауын толқындары» ансамблінің негізін қалаған. «Білім беру саласының үздігі», «Ы.Алтынсарин атындағы төс белгі» иегері, Қазақстан Республикасының басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталған. Оның қаламынан «Ел тарихы – рухани қазына»,  «Ақтоғай өнерінің шамшырақтары», «Алаштың Әлиханы» сынды бірнеше танымдық кітаптар туған.

Жасынан сөзуар болмай, сөзұғар болып өскен Тұңғышбай өлкенің тарихын бес саусақтай тарқатып, жетік білетін көнекөз ақсақал. Осы жылдың 23-24 қыркүйегінде Ақтоғай халқы өздерінің саңлақ тұлғаларын ұлықтап, Әлихан бабамыздың 150 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті. Салтанатты шараға елімізге белгілі алаштанушы-ғалымдар қатынасып, аудан жұртшылығымен ұлы тойдың қуанышын арқа-жарқа болып бөлісті. Сол тойға барған қонақтың бірі, жас ғалым, замандасым Еркін Ерланұлы: «Елдос, мына Тұңғышбай ағамыз – Ақтоғайдың, Әлиханның «тірі» биохронигы екен» деп жақсы сөз айтты.Шындығында деймін-ау, Тұңғышбай ағамыз жан-тәніммен еңбек ісіне берілген адам емес пе!

Ақсақалдың Әлиханның сырлы әлеміне адалдықпен енгенін сөйлеген сөзінен байқайсың. Жан-тәнімен беріліп сөйлейтін ақсақал Түкеңе Алла ұзақ ғұмыр бергей!

***

Алаштың Әлиханы – әлемге ортақ тарихи тұлға. Алдағы уақыттарда Алаш ардақтысының 160, 170,… 200 жылдық мерейтойлары кеңінен аталып өтетініне сенейік. Дана Абай, хакім Абай туралы «…Абайдың өлген күнінен қаншы алыстасақ, рухына сонша жақындармыз» деп Міржақып Дулатұлы айтпақшы, біз Әлекеңнің өлген күнінен қанша алыстасақ та, оның рухына сонша жақындай түсеміз десек қателеспейміз.

Келешекте алаштану, әлихантану – Абайтану ғылымы секілді әбден қалыптасып, өз алдына дербес дамыған ғылым саласына айналатынына да сенеміз. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтау бойынша тиісті шаралар қабылданады деген үкілі үмітіміз бар.

Қазақта қанағат деген жақсы сөз бар. Әзірше барға қанағат, істелген іске қанағат тұтайық. Тарихтың түкпірінен сөз келгенде, Алаштың ардақтылары өздеріне лайықты бағасын алатын болады. Соны жақындата түсу үшін Әлихан Бөкейханды және Әлихан бастаған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің, Алаш арыстарының құнын қайтаруға жасалған қадамдарымызды көбейте берейік. Оған көп болып жұмылайық. Алаштың тойы тойға ұласып, қазақтың бағы жана берсін!

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button