Жаңалық

И. Мондоки Қоңырдың 1976 жылы жазған хаты

Оқырман назарына белгілі лингвист-ғалым, филология ғылымдарының докторы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Бекжан Әбдуәлиұлының мақаласын ұсынамыз. Аталмыш мақалада қыпшақ ұлысының текті перзенті, Тұран халқы үшін зор қызмет еткен көрнекті ғалым Иштван Мондоки Қоңырдың 1976 жылы қазақ тілінде жазған хатының тарихы туралы айтылған. Биыл, И. Мондокидың туғанына жетпіс жыл. Көпке беймәлім болып келген хаттың сырына, тарихына үңіле отырыңыз…

Күн өткен сайын http://ruh.kz/“>http://ruh.kz танымдық сайтының оқырманы да, аудиториясы да көбейіп келеді. Бұл сайт –  ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыратын ғаламтор кеңістігіндегі ашық энциклопедия жүйесі іспетті. Рухани жаңғыру дегеніміз – ел азаматтарының, дұрысы оқырмандарымыздың тарихи санасын қалыптастыру, отарлық санадан, құлдық психологиядан арылту. Қазақтың сан ғасырлық баба тарихын қалтқысыз дәріптеу. Сөздің шыны керек, ұзақ уақытқа созылған советтік кері идеологияның салдарынан ұлт тарихы өзіне лайықты бағасын ала алмады. Міне, еркіндік таңы атқанда, «ақтаңдақтар мәселесі» ашылып, Отан тарихы Тәуелсіздік көзімен жазыла бастады. Десе де айтылмаған ақиқат, жазылмаған тарих өте мол. Отыз жылдың ішінде үш жүз жылға созылған отарлық саясаттың тигізген кері әсерінен арылу мүмкін де емес. Жанбаған – шырақ, лауламаған – алау көп. Бәріне – уақыт емші. Ал, Мемлекет басшысының ұлтты ұйыстырар бағдарламасы қазақтың өзін-өзі тануына жол ашуы тиіс. Бұл тарапта біздің сайт «ашық мінбер» ұйымдастырып, ұлт тарихын жазамын деген кез келген шығармашылық адамының сарабдал ойларын басуға әзір екендігін жеткізгіміз келеді.

Осы орайда, оқырман назарына белгілі лингвист-ғалым, филология ғылымдарының докторы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Бекжан Әбдуәлиұлының мақаласын ұсынамыз. Аталмыш мақалада қыпшақ ұлысының текті перзенті, Тұран халқы үшін зор қызмет еткен көрнекті ғалым Иштван Мондоки Қоңырдың 1976 жылы қазақ тілінде жазған хатының тарихы туралы айтылған. Биыл, И. Мондокидың туғанына жетпіс жыл. Көпке беймәлім болып келген хаттың сырына, тарихына үңіле отырыңыз…

ruh.kz ұжымы 

Туған топырақ

Қазақ ономастикасының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, ғалым Телғожа Жанұзақтың есімі отандық және алыс-жақын шетел ғалымдарының арасында кеңінен танымал. Орыстың әлемге белгілі С.Е.Малов, Н.А.Баскаков, Э.В.Севортян, А.Н.Кононов, Э.Р.Тенишев т.б. секілді түркологтарымен, немістің Петер Зиеме, Карл Латшмид, Гунтер Кафхаммер т.б. профессорларымен, венгер ғалымы Ю.Немет, АҚШ ғалымы Петер Биехницкимен, түркі халықтарынан шыққа көптеген хат жазысып тұрған. Ресми және жеке әріптестік қатынастардың арқасында жер бетінде қазақ дейтін халықтың бары, оның ономастикасының мәселелері туралы Еуропа мен АҚШ ғалымдарының хабардар болғанын білуге болады. Жасы тоқсаннан асқан ғұлама ғалымның архивінен алынған хаттар бізге міне осындай ақпараттар береді. Телағаң артынан ерген іні-қарындастары мен шәкірттеріне пайдалы кеңесі мен ыстық ықыласын аяған емес, ғұламаның осы тамаша қасиеті өзі өмір бойы талмай зерттеген қазақ ономастикасының игілігіне айналғаны рас.

Қазақ халқына есімі жылы естілетін Иштван Мондоки Қоңыр алғашқы хатын Телағаңа жазған екен. Осы хаттан кейін арада тығыз байланыс орнайды. Шын мәніндегі бауырлар арасындағы қатынас екі ел арасындағы ғылыми байланыстың тереңдей түсуіне жол ашады. Қоңырдың елге келу себебі туралы мына бір әңгіме оны көпшіліктің ыстық ықыласына бөлеген болатын. Телағаң естеліктерінде «Сол кезде менің адресімді беріп, хат жаз деген кім еді?», – деп сұрағанымда, академик Ю.Неметтің дүниеден өтер алдындағы аманаты екенін айтты. Сол кезде ол кісінің 86 жастағы шағы болса керек. Қазақ тілін үйренуге де әке аманаты себеп болған: Әкесі көз жұмар алдында «Біздің еліміз, отанымыз қазақ жері. Біз қыпшақпыз. Сен қазақша үйрен, қайтсең де елімізбен табыс, – деген болатын – сондықтан әке өсиетін орындадым», – деп еске алады.

… Қыпшақтық қанына тартып, тарихи топыраққа ұлы аманатты арқалап келген ғалымның осы хатында білгенге үлкен тағылым бар. Тағдырдың айдауымен Еуропаға барған қыпшақтардың арада жеті ғасыр өтсе де қанында сақталған туған жерге деген аңсар ойландырмай қоймайды.

Тарихи тамырына тартқан сол сағынышты өзімен ала кетпей артына аманаттау далалық менталитеттің өміршеңдігін айғақтаса керек. Олай дейтініміз, мектептің 8 сыныбына арналған оқулықта автор З.Қабылдинов орыс ғалымдарының зерттеулеріндегі «Қазақтар алыс жаққа кетіп, қайтып келгенде сағынышын басу үшін атынан түсіп, туған жерін құшып сүйеді» дейтін жолдарды келтіреді. Қоңырдың қанында сақталған осы қасиет, екіншіден тілімізде «әке аманаты» дейтін ұғым бар. Оған қиянат жасалмайды, аруағы риза болу үшін ұрпағы жанын құрбан етсе де орындайды. Аманаты орындалған әкенің ана дүниеде де жаны жай таппақ!

«Ер еліне…» дейді қазақ. Қоңыр әке аманатына адал болды. Туған тілді меңгерді, туған жұртпен табысып, көзайым болды. Туған тарихым, халқым деп соққан жүрегі атамекенге келіп мәңгілікке дамыл тапты. Өзінің аманаты бойынша Алматыдағы Кеңсайға жерленді. Осындай ұлы тұлғаның алғашқы хатын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Бекжан Әбдуәлиұлы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button