Жаңалық

Жақсылық МҰРАТБЕК: Қазақ әдебиетіне тамшыдай үлесімізді қоссам деймін

Еліміздегі талантты жастардың шеберханасы – Астанадағы Еңбек ері, ҚР Халық әртісі, профессор, әлем әртісі атанған Айман Мұсаходжаева басқаратын Қазақ Ұлттық Өнер университеті. Бұл университеттің шаңырағынан шыққан дарынды даралардың саны өте көп. Әлемнің даңқы болған Димашымыз да осы өнер ордасының төл шәкірті. Өнер ордасында оқып әрі қазаққа қызмет етіп жүрген жастардың бірі – Жақсылық Мұратбекұлы. Жақсылық – жас қалам иесі. Атақты жазушы, профессор Роза Мұқанованың шеберханасының өкілі. Болашақ – кинотеледраматург. Бүгінде студент Жақсылықтың жеке шығармашылық клубы бар екен. Ендеше, екеуара әңгімемізге назар салыңыз:

Ruh.kz: Ең алғашқы сұрағым әрине сіздің игі бастамаңыз, яғни Өнер университетінен ашқан клубыңыз жайлы болмақ. Бұл клуб қай жылы құрылды және клубтағы ашудағы негізгі мақсатыңыз қандай болды?

Жақсылық Мұратбек: Негізі бұл клубтың өткен жылдың қыркүйек айының басында қолға алынған болатын. Өзімнің авторлық жобам. Негізгі идеясы мен мақсаты әдебиетке тамшыдай болсын үлесімді қосу. Мен бұл істі даңқ үшін немесе әлдебір дақпырт үшін бастаған жоқпын. «Тұлғатану» бұл жазушы мен оқырманды жақындастыратын үйірме.

Ruh.kz: Қазір ғаламтор заманында кітапқа үңіліп, кітапхана жағалап жүретін жастардың саны азайғанын өзіңіз де жақсы білесіз? Жалпы сіз жетекшілік ететін үйірмеде бір аптада бір кітап оқып оны талқыға салу немесе кез келген жазушының өмірбаянын зерттеп талқылау деген сияқты жұмыстар жүргізіле ме?

Жақсылық Мұратбек: Кездесу кешіне жазушылар мен ақындардың өздері келгендіктен олардың шығармалары жастарға видеокөрсетілім арқылы таныстырылып отырады, бірақ әр оқырман кез келген шығармасы жайында сұрағын қойып, сүйікті жазушысынан жауабын ала алады. Әрине, заман талабына сай болуға талпынғанымызбен сонда да болсын кітапты серік етіп кітапханаға жиі келетін жастардың саны көбейіп келеді.

Ruh.kz: Көшбасшымыз бір сөзінде «Рухани жаңғыру яғни Ұлттық жаңғыру ұғымының екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтау деген еді. Ал осы орайда сіз жастарды толағай тұлғалармен жүздестіру арқылы қаншалықты ұлттық болмыстың өзгермей сақталып тұруына ат салысып жатырмын деп есептейсіз? Жалпы бұл үйірме жастарға не бере алады?

Жақсылық Мұратбек: Негізі біздің үйірме тек Әдеби өнермен шектелмейді, сонымен қатар алдағы уақытта музыка, саз, театр, дәстүрлі ән т.б. өнер тұлғаларымен кездесіп олардың өмір жолы мен ерен еңбектерін көпшілікке ұсыну ойда бар. Бұндағы менің мақсатым –  «Әдебиет ардың ісі» деген сөзді жастарға  бір табан болса да жақыннан ұқтыру.

Ruh.kz: Үйірмеңізде қонақта болған ең ірі кесек тұлға кім болды?

Жақсылық Мұратбек: Ең алғаш үйірмені Шерхан Мұртаза ағамыздың құрметіне арнап өткіздік. Кеш жоғары деңгейде өтті, ол кісінің жарқын бейнесі мен бізге алдырған мәңгілік мұрасы жайлы әдемі естеліктер айтылды. Одан кейін тау тұлғамыз Оралхан Бөкей ағамызға арналған кешті туған қарындасы Ғалия Бөкей жүргізді. Студенттер ол кісімен де кездесуден үлкен әсер алды. Айта берсек көп әрине қазақтың қайсы бір қайраткерін алмасақ та бәрі өз алдына бір таутұлға. Соның ішінде Исламбек Тәуекел, Оралхан Бөкей ағамыздың қарындасы, Айзат Қыдырғалиева, Сәулебек Асылханов және өзімнің ұстазым Роза Мұқанова сияқты бірқатар әдебиет өкілдерімен кездесу ұйырдастырылды.

Ruh.kz: Қазіргі күнде үйірмеңіз қанша студентті әдебиет әлеміне баурай алды?

Жақсылық Мұратбек:  Үйірменің әр кездесу кеші университеттің кішкентай ғана кітапханасында өтсе де аядай бөлмеде әрдайым адам саны ортайған емес. Мен үйірмені ондағы адам санымен емес сапасымен есептеймін. Жүрегі әдебиет деп соққан бір адам болып мен оны сол жарық сәулеге жетелей алсам ол мен үшін үлкен қуаныш. Ал жалпылай мөлшермен алғанда үйірмеге қазіргі күнде 40-50 студент тіркелген.

Ruh.kz: Биылғы жылды Елбасымыз «Жалынды жастар жылы» деп жариялады. Осы кезекте сіздің де жарқ ететін кезіңіз келді деп ойламайсыз ба? Сонымен, осы жылға қандай жоспарлар құрып отырсыз?

Жақсылық Мұратбек:  Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді демей ме. Сондықтан ең алдымен осы авторлық жобамды соңына дейін жеткізуім керек. Десек те, алға қойған жоспар көп.

Ruh.kz: Демек, жақында кітабыңыздың да тұсауы кесіліп қалуы мүмкін ғой?

Жақсылық Мұратбек:  Ол жағы енді бір Алланың ғана қолында. Әйтеуір қазақ әдебиетіне   тамшыдай үлесімізді қоссам болғаны.

Ruh.kz: Аптасына қанша кітап оқисыз?

Жақсылық Мұратбек:  Ең алдымен қайда жүрсем де кітапты қолымнан тастаған емеспін. Өзіммен бірге алып жүргенді ұнатамын. Аптасына демей-ақ қояын айына бір кітапты оқып бітіремін. Қазіргі уақытта Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабын оқып жатырмын.  Жалпы  кітапты таңдап оқу және талғап оқу деген бар. Адам кітапты талғап оқу арқылы ғана әдеби бағытын дұрыстай алады. Ал шетел әдебиетінен Лев Толстой, Лермонтовтың, Джек Лондонның шығармаларын оқып таныстым. Бірақ әлі де оқитын дүниелерім көп деп есептеймін.

Ruh.kz: Сырлы сұхбатыңызға рахмет! Сау болыңыз!

Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button