Жаңалық

ЕЛ ЖАСТАРЫ ЕЛБАСЫНА АЛҒЫС АЙТТЫ

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің шекарасын шегендеп, территориясын бекіткен, елімізді ширек ғасырдан астам уақыт басқарған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 19 – наурыз күні Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөніндегі шешімін мәлімдеді. Бұл – тарихи шешім. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы зор оқиға.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Отанымыздың саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуына қосқан үлесі және жас мемлекетіміздің имиджін әлемдік деңгейге көтергені, Көк туымызды биікке желбіреткені, төрткүл дүниеге шашыраған қандастарымызды атажұртымызға шақырып, демокрафиямызды көбейткені, сөздің шындығын айтқанда, бүгінге дейінгі Қазақстанның даму перспективасы мен тенденциясына қосқан қажырлы еңбегі ұшан-теңіз.

Мемлекет басшысының жарқын бастамалары мен салиқалы саясаты, пассионарлық еңбегі өлшеусіз. Елі сүйген, халқы сенген Елбасының бұл мәлімдемесі – кемел ойлы, сұңғыла саясаткердің, данышпан көсемнің, парасатты ақсақалдың сөзі екенін көрсетті. Осы орайда, біздің сайт ұжымы еліміз Тәуелсіздігін алған шақта дүниеге келген, Елбасының жарқын бастамаларының шапағатын сезініп, еркіндік бесігінде тербеліп өсіп, бүгінде мемлекетіміздің дамуына үлес қосып, Ел үмітін арқалап жүрген қоғамдағы өз орны бар танымал жастардың пікірлерін жариялауды жөн санадық:

Мақпал МЫСА, ақын, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:

Менiң елiм. Менiң жерiм. Менiң тұңғыш Президентiм. Бұл хабарды естiп көңiлiм алаңдап қалды. Елбасымыз Тәуелсiздiктiң көшiн бастап, байтақ елдiң бүгiнi мен ертеңi үшiн аянбай еңбек еттi. Бұғанасы қатпаған жас мемлекеттi аяғынан тiк тұрғызып қатарға қосты. Соның арқасында Бейбiт елде берекелi ғұмыр кешiп келемiз.

Аз ғана уақыт бұрын екi мәрте қабылдауында болып, ықыласына бөлендiм. Руханиятқа, әдебиетке деген құрметiн сезiнген соң  кеудемдi мақтаныш кернедi. Бұл менiң өмiрiмдегi ұмытылмайтын тарихи сәт. Кiтабымды сыйлап тұрып қолтаңбамды қалдырған өлең жолдары мынадай едi:

Шақырған елін, жұртын нұрлы асуға,

Шынарлар өседі екен шың басында.

Бағына қазағымның бере салған,

Біртуар ер боларсыз бір ғасырда.

Құшатын тауларының өркеші нұр,

Жайнайтын етегінде көрпесі гүл.

Жолбарыс кие болып түсіне енген,

Сүйінбай, Жамбыл бабам өлкесі бұл.

Қыран боп көкті тіліп самғағанда,

Ақ жолын Абылайдың жалғағанда.

Жол бастап даңғыл жайдың, ер арысым,

Алашым ақ батасын арнағанда.

Дәулет КӘРІБЕК, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ Атқарушы хатшысы, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

Елбасы, Партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің тарихи шешімін айтқан уақытта, біздер, жастар өте үлкен толғаныспен қабыл алдық. Жастардың толғанысының көрінісін Сіздер әлеуметтік желілерден де байқаған боларсыздар. Себебі, біздің бейбітшілік аспанымыз үшін, тұлғалық кемелденуіміз бен білім алуымыз үшін Елбасы өзінің барлық күшін сарп етіп жұмыс атқарып келеді. Өздеріңіз де білесіздер, Елбасы аз ғана уақыттың ішінде Еуразия атрабында Қазақстан деген тәуелсіз жаңа мемлекет құра білді. КСРО-ның ыдырған кезеңінде жаңа экономикалық саясат құрып, тұрақты өсім қалыптастырды. Қиын-қыстау кезеңінде «Қазқастан – 2030» Даму Стратегиясын қабылдап, еліміздің табысты дамуы мен гүлденуін қамтамасыз ете алды. 2012 жылы Әлем дағдарыс пен тұрақсыздық кезеңіне аяқ басқан тұста «Қазақстан – 2050» Стратегиясын қабылдап, біздің ортақ мақсат дамыған 30 елдің қатарына кіру және қазақстандықтардың өмірін түбегейлі жақсартуға мүмкіндіктер жасады. Бұның барлығы, біздің, жастардың білімге ұмтылысына, белсенді азаматтық ұстанымының қалыптасуына, тұлғалық дамуы мен еңбекке ұмтылысына жаңа серпін берген бағыттың жаңа мәні болып келеді.

Бізге, Тәуелсіздіктің ұрпақтарына, 2050 жылғы Қазақстанды құру және онда өмір сүру тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Сондықтан да, Біз «Жас Отандықтар», барша жастар бірлесе отырып, елімізді әлемнің дамыған 30-дығының қатарына жеткізуге бар күшімізді саламыз. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы, Партиямыздың Төрағасының бастамасымен қол жеткізген тәуелсіз Қазқастанның жетістіктерін сақтап және көбейте отырып, оны нығайта отырып, ХХІ ғасырда тұрақты дамуды қамтамасыз етуге барымызды салатын боламыз.

Менің Президентім! Менің Елбасым!

Мерей ҚАРТ, ақын, ҚЖО – ның Семей қаласындағы филиалының төрағасы, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

Елбасы өкілеттілігін тоқтату туралы үндеу жолдағанын естідік. Тариxи – саяси шешім. Нұрсұлтан Әбішұлы – елді қиын-қыстау кезеңде басқарды, тұңғыш Президент. Басқа мемлекеттермен тереземіз теңесті, керегемізді де кеңінен жая бастады, түңлігіміз түрулі. Ең бастысы бейбіт күн кешіп жатырмыз. Экономика, дипломатия салалары қарыштады. Елдік мүдде жолдында, ұлттық руxымызды көтеретін «Руxани жаңғыру» бағдарламасы баба өсиетін танудың ерен бастамасына айналды. Ендігі кезекте еліміздің осылай дамып келе жатқанын ары қарай жалғастыратын, елдік мүде мен берекені ерекше ойлайтын басшы болса деген тілек бар. Елбасы болған Нұрсұлтан Әбішұлына зор денсаулық, амандық тілеймін. Өкілеттілік тоқтағанымен, өмір тоқтамайды.

Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ, экономист, жастар қозғалысының өкілі:

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату жайлы шешімі тұлғаның және ұлт көшбасшысының кеңінен толғанып қабылдаған тоқтамы деп санаймын.

Экономист ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Мемлекет тарихының тағдыршешті кезеңінде ел тізгінін қолға алып, тарих үшін қас-қағым уақытта тәуелсіз елдің экономикалық архитектурасын қалыптастырған  тұлға деп білемін.

Қазіргі таңда тәуелсіз мемлекеттің қаржылық-экономикалық жүйесі қалыптасқан. Егемендіктің экономикалық символдары ұлттық валюта мен Ұлттық қор қызмет атқарады. Қазақстан экономикасы күрделі стагфляция мен әлемдік қаржы дағдырысынан ұтымды шыға білді. Бүгінгі ел экономикасы – нарықтық, инвестициялар үшін тартымды, бәсекеге қабілетті ашық экономика.

Экономиканың өсуі азаматтардың әл-ауқатының артуына ықпал етуі үшін қабылданған жаңа әлеуметтік шаралар топтамасы еліміздің әлеуметтік мемлекет екендігін дәлелдеп қана қоймай, «алдымен экономика, сосын саясат» үлгісіндегі Назарбаев моделін кеңейтті деуімізге болады.

Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа экономикалық жүйемен қатар жаңа мемлекеттік іргетасын қалады. Сондықтан Елбасын тәуелсіз Қазақстанның кіндігін кескен «әкесі» (отец-основатель) деп санағанымыз жөн.

Алижан ТҰРСЫНТАЙ, Қазақстан медицина жастары» РҚБ Вице-президенті,  «Астана Медицина университет» КеАҚ студенттік Президенті:

19 наурыз 2019 жыл – мемлекетіміз үшін тарихы күндердің бірі болатыны сөзсіз. Себебі бүгін, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде Президенттік өкілеттігін тоқтататынын жария етті. Елбасы, біздің Тұңғыш Президент мемлекет үшін орасан зор еңбек еткен, жаның мен тәнің берген бірден-бір жасампаз тұлға, ХХІ ғасырдың алтын жұлдызы.

Оның өмірбаяны әр қазақстандық үшін қажымас қайраттың, Отаныңа деген сүйіспеншіліктің, білім мен батылдықтың, даналық пен қайсарлықтың айқын үлгісі. Мен өзімді осы әлемдегі ең бақытты адамдардың бірі деп білемін. Осындай тұжырымдаманың негізін еліміздегі бейбіт өмір, достарымның еш кедергісіз өздері қалаған білімін алуы, ата-аналарымыздың қызмет етуі, ата-әжелеріміздің лайықты зейнетақы алуы, бауыр-қарындастарымыздың мектеп пен балабақшаларға баруы және т.б. үлкен жетістіктер құрап отыр! Президенттің жүргізген салиқалы саясаты арқасында мен өз арманымды жүзеге асырудамын. Ол – Қазақстан Республикасына қызмет ету, оның әрбір азаматының денсаулығын сақтап, нығайтуға өз үлесімді қосу.

Әр өзгеріс тек жақсылыққа! Еліміз аман, мемлекеттігіміз нығая берсін! Қазақстан – мәңгілік ел.Ел жастарының көшбасшы өкілі ретінде мен барлық жастарды жасампаздық, бейбітшілік және жарқын болашақ жолында лайықты азамат, мақтан тұтарлық тұлға болуға шақырамын! Бірге болайық!

        PS: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – қазақ ұлтының, қазақ елінің тарихындағы есімі алтын әріппен жазылып қалған тарихи тұлға. Ендігі де дана да, кемеңгер басшымыз Қазақ елінің ары қарайғы дамуына, өсуіне, саяси қадамдарының жарқын болуына туған жұртымен бірге алаңдап, бірге сын көзбен қарап отыратын болады. Ендігі тілек сол – елімізге тыныштық, береке, Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының деніне саулық, амандық тілейміз. Қазақстан Республикасының Президентінің міндетін уақытша атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға сәттілік болсын!

Енді Қазақстан үшін тағдыршекпек, сын сәт. Ел Үкіметі халық сенімін, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасының үмітін ақтаса, жастар да оқып, туған жерімізге өлшеусіз қызмет етсе екен…

Жарқын ӘЛІ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button