Жаңалық

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына екі жыл

Ұлттық кодымызды жеткіншек жас ұрпақтың санасына зерделеу үшін, болашақ ел тұтқасын ұстар жастарға насихаттау үшін осыдан екі жыл бұрын Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын ел назарына ұсынған еді. Екі жылда не өзгерді?

Тәуелсіздік алған сәттен бастап еліміздің ішкі және сыртқы экономикалық, әлеуметтік жағдайы дамудың даңғыл жолына түсе бастаған еді. Жиырма сегіз жылда көптеген асуларды ала алдық. Алайда, алдағы жолда көп белестер мен алар таулар күтуде. Сол белестердің бірі – дамыған отыз елдің қатарынан орын алу.  Бұл жолда саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынды. Осы екі бағытты ұстанып, анық мақсаттарға айқын қадамдармен жетуде, біз өзіміздің ұлттығымызды, ұлылығымызды және тарихымыз бен мәдениетімізді ұмытпауымыз керек.

Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей:  «Рухани жаңғыру тек бүгін басталған жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық.». Расында да, республикамыз тәуелсіздік алған уақыттан бері, «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» және тағы да басқа жобаларды іске асырып, үлкен нәтижелерге жеткен болатын. «Рухани жаңғыру» халықтың болашаққа рухани, мәдени бағдарын анықтауға септік болары анық.

Бағдарламаның қызметі өте күрделі, әрі жауапты. Халық алдындағы жауапкершілікті мойнына алған ел азаматтары «Рухани жаңғырудың» жүзеге асырылуының басы-қасында жүріп, екі жыл уақыт аралығында ауқымды істерді атқарды. Соның ішінде, «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасы. Қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасын әлемге паш ету мақсатында шет елдік ең белді баспаханалармен меморандумдар жасасқаны бір бөлек ауқымды бағыт. Бұл жасасқан келісімдердің нәтижесінде қазақ әдебиетінің көрнекті туындылары Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аударылып, қазақ әдебиетінің антологиясы құрылып, шет елдік тарихы бай кітапханаларда насихатталатын болады. Бұл іс өз бастауын алған сәттен бастап, басы-қасында жүрген азаматтардың бірі Қазақстан Республикасының жазушылар Одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

–                 «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі заман поэзиясы мен прозасын әлемге таныту жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын әлемнің жетекші тілдеріне аударып, таныстыру тарихымызда алғаш рет. Төрт том прозалық және бір том поэзиялық шығармалар антологиясының БҰҰ-ның алты тіліне, яғни,  ағылшын, француз, испан, қытай, араб және орыс тілдеріне аударылу жұмыстары жүргізілуде. Төл әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтеру біздің міндет. Аударма жұмыстары бағдарламасының жетекшісі, Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Аида Ғалымқызы мен Ұлттық аударма бюросының жетекшісі Рауан Кенжеханұлының бастамасымен өткен жылы, БҰҰ-ның алты тіліне аударылатын кітаптардың әлемдік аудармашыларымен кездестік және келісім-шарттар жасастық. Бұрын-соңды осындай ауқымды аударма жұмыстары біздің елде болмаған. Әлемнің ең танымал баспаханаларымен келіссөз жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде, Ұлыбританияның танымал Кембридж университеті баспаханасымен меморандум жасалды. Келіссөз негізінде, Кембриж баспаханасы қазақ туындыларын ағылшын тіліне аударуға, басып шығаруға және таратуға міндетті.  Антологияларды аудару мәселесі бойынша, бізбен серіктес болған шет елдерінің жауапты комиссиялары, өткен жылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына іссапармен келген болатын. Сондағы мақсат, антологияға кірген шығармалар бойынша авторлармен жұмыстар жүргізу. Елордада екі күн және Алматы қаласында үш күнге созылған екіжақты кездесулер нәтижелі аяқталды.  Кездесу барысының негізгі тақырыбы – аударылатын шығармаларды талдау, авторлардың пікірін білу еді. Қазіргі таңда, шығармаларды қытай тіліне аудару жұмыстарымен айналысып жүрген Пекин Ұлттар баспасының басшылары, қазақ әдебиетінің екі томдық антологиясы толық аударылғаннан соң Қытай елінде таныстыру рәсімін өткізуді жоспарлап отыр. Жоспар бойынша, аударылатын шығармалардың аяқталу мерзімі- 2019 жыл. Елдің шығармаларын әлемнің алты бірдей тіліне аудару, ешбір мемлекетте бұрын-соңды кездеспеген. Еліміз үшін бұл жоба – жаңа бастама. Антологияның құрамына тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі ақын-жазушылардың шығармалары енді. Әр томда отыздан аса автор кездеседі. Алдағы жоспар, Қазақстан Республикасы жазушылар Одағының ұсынысы бойынша бес жыл көлемінде антологияның тағы екі том шығармаларын аудару жоспарланған,- деді Ұлықбек Есдәулет.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында жастар үшін маңызды бағыттардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Бұл жобаның негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарында білім алып жүрген, болашақта білім алатын жастарға, соның ішінде гуманитарлық сала бағытындағы студенттерге әлемдік деңгейдегі сапалы оқу әдебиетін қолжетімді, әрі тілжетімді ету. Әлемнің ең ежелгі оқу орындарының профессор-ғалымдарымен, кәсіби мамандарымен зерттеліп жазылған түпнұсқа оқулықтарды тікелей қазақ тіліне аудару екенін атап өту керек. Бұл бастаманың негізінде, осыдан екі жыл бұрын «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры құрылып, өз жұмысын бастап кеткен болатын. Қоғамдық қордың бас редакторы Мұхтар Сеңгірбай мырза екі жылда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталмыш бағытта қандай жетістіктерге қол жеткізгенімізге тоқталып өтті.

–              Жоба, 2017 жылдың ортасында ғана қолға алынды. Содан бергі уақыт ішінде, біз әлемнің жетік оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізілген 48 оқулықты қазақ тіліне аударуға ұйытқы болдық. Оқулықтар тарих, философия, филология, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, бизнес, кәсіпкерлік сияқты ғылым мен білімнің түрлі салаларын қамтиды. Аз ғана уақытта, бұл бастама еліміздің барлық оқу орындарына, оқытушылары мен студенттеріне әлемнің ең озық ғылым мен білім орталықтарының алтын қорын ашып берді. Дүние жүзінің алдыңы қатарлы оқу орындарында қолданылатын, ең жақсы деген оқулықтарға қол жеткізу үшін сол ілгері оқу орындарының баспалары, ең ірі деген халықаралық баспа үйлерімен әріптестік орнатылды. Өткен жылы біз бұл жоба шеңберінде аударылып, басылған алғашқы 18 оқулықты таныстырдық. Содан бері оның әрқайсысы 10 мың данамен шығарылып, еліміздегі 112 жоғары оқу орнына тегін таратылды.

Биыл, 18-сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ҰлттықУниверситетінде зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен келесі 30 оқулықтың тұсауы кесіледі. Одан соң, оқулықтар, дәл, сол схемамен еліміздің барлық оқу орындарының кітапханаларына таратылады. Сонымен бірге, кітаптардың электронды нұсқалары дайындалып, «Қазақстанның ашық университеті» (OpenU.kz) платформасы арқылы еркін қолданысқа беріледі. Аталған оқулықтар негізінде ЖОО мамандарының қатысуымен Жаңа оқулықтардың мазмұны мен құрылымы, аударма сапасы, жаңа ғылыми ұғымдар мен терминдердің қолданысы, оларды қазақстандық жоғары мектеп бағдарламасы мен ғылыми айналымға енгізу мәселелері академиялық және университеттік ортада кеңінен талқыланды.

Оқулықтарды таныстыру, талқылау шаралары еліміздің барлық аймақтарында өтті. Ғалымдар мен оқытушылар “100 жаңа оқулық” жобасы еліміздегі жоғары гуманитарлық білімнің мазмұнын түбегейлі түрде өзгертіп, оны ілгері халықаралық деңгейге шығаруға жол ашқанын айтып келеді. Іргелі еңбектердің қазақ тіліне аударылуы ғылыми қазақ тілін дамытып, оны жаңа биікке көтеруге, жаңа терминдер жасап, оларды бір ізге түсіруге үлес қосады деп ойлаймыз. 48 кітапты аудару барысында ғылымның түрлі салаларында  8 мыңға жуық термин тәржімаланды. Олардың көпшілігі бұрын қазақ тілінде мүлде қолданылмаған ұғымдар. Әсіресе, менеджмент, экономика, бизнес салаларында жаңа терминдер көп жасалды. Терминдерді аудару ісінде жетекші лингвист мамандар мен сала ғалымдары қоян-қолтық жұмыс істеді. Оқулық аудару аясында жинақталған тәжірибені қорытып, ғылыми аудармаға қажетті сөздіктер дайындау туралы Елбасы тапсырмасына орай сөздік шығару тәжірибесі аса мол Оксфорд университетінің баспасымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтсақ, Оксфорд белгісімен үлкен қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ сөздігі, сондай-ақ, қоғамдық ғылымдардың түсіндірме сөздігі, экономикалық түсіндірме сөздік және қазақ тілінің кірме сөздер сөздіктерін дайындау қолға алынды.Жоба аясында, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры әлемдегі оқулық шығаруға маманданған Cambridge University Press, Oxford University Press, Pearson, Cengage, Penguin Random House, McMillan және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен әріптестік қарым-қатынас орнатты.

«Nur Otan» партиясымен және «Қазақ радиоларымен» бірлесіп, жарық көрген оқулықтардың аудионұсқаларын әзірлеуге кірістік. Қазір бұл кітаптарды еліміздің белгілі дикторлары оқып жатыр. Дайын болған соң олар да көпшіліктің игілігіне ұсынылады.

Ruh.kz: Аударылған оқулықтар қалай таңдалды және олардың аудармасының басы қасында қандай мамандар жүр? Басқа оқулықтардың аудармасы қашан қолға алынбақ?

–       Жоғары оқу орындарына қазақ тіліне аударылуы тиіс деген оқулық тізімін беру туралы жиі ұсыныс жасап отырамыз. Оның үстіне, біздің 100kitap.kz сайтымыз арқылы кез келген азамат өз ұсынысын айта алады. Жиналған ұсыныстар негізінде тізім әзірленіп, оны Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссияның қарауына жібереміз. Оқулықты таңдауда бірнеше талап ескеріледі. Біріншіден, оқулық әлемнің ең үздік деген 100 университетінің оқу бағдарламасында болуы шарт. Екіншіден, кітап кем дегенде үш рет басылып, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан болуы тиіс. Үшіншіден, оқулық мазмұны бейтарап болуы керек. Төртіншіден, оқулықтың түрлі интерактивті қосымшалары мен видеолекцияларының, онлайн-курстарының болуы маңызды.

Аударма жұмысын «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры үйлестіреді. Дегенмен, әр кітапты аударуға сол саланың ең білікті мамандарын, ғалымдар мен тіл мамандарын тартуға тырысамыз. Әр кітапқа арнайы шығармашылық топ құрылады. Олардың арасында аудармашы, ғылыми редактор, әдеби редактор, жауапты шығарушы, дизайнер, корректор болады. Шығармашылық топ тығыз жұмыс істей отырып, аударма процесін бастан-аяқ алып жүреді. Аударма барысында жаңа термин енгізу қажет болған жағдайда, жетекші ғалымдардың пікірі шешуші рөл атқарады. Оның үстіне, бір сала бойынша шығып жатқан кітаптардың арасында терминдердің бірдей болуына көп көңіл бөлеміз. Бұл мақсатта арнайы компьютерлік бағдарламаларды қолданамыз. Аударылған мәтін бірнеше мәрте әдеби және ғылыми редакциядан, корректордың тексеруінен өтеді. Содан кейін кітапты сырт көз ретінде басқа ғалымдарға беріп, тағы да рецензия жасатамыз. Бұл жұмысқа Қазақстандағы ондаған оқу орнының жетекші профессорлары, практик мамандар қатысып жатыр. Тәржімамен айналысып жатқандар арасында “Болашақ” стипендиясының иегерлері де өте көп.

Қазір келесі 30 оқулықтың аудармасы жүріп жатыр. Бұл жолы кино, театр, музыка, психология, этика, эстетика, халықаралық қатынастар, саяси философия, экономика, құқық, педагогика, тарих салаларындағы кітаптар ағылшын, француз, орыс тілдерінен аударылып жатыр. Бұл кітаптардың аударма жұмысы жыл соңына дейін бітеді деп жоспарлап отырмыз.

Бұған қоса, Оксфорд университетінің баспасымен бірлесіп  ағылшын-қазақ сөздігін, қоғамдық ғылымдардың, экономиканың түсіндірме сөздігін, кірме сөздер сөздігін әзірлеп жатырмыз, – деп түйіндеді Мұхтар Сеңгірбай.

Еліміздің киелі астанасы, қазақтың рухани Меккесі Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар бастама қолға алынып, екі жыл ішінде елдің көкейінде, рухани өзегінде жүрген іс-шаралар жүзеге асырылды. Түркістан облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсе  жетекшісі  Әшірбеков Бақытжан Айдарханұлы бағдарлама хақында өз ой-пікірін білдірді.

–         Әлемде 5000-7000 дейін ұлттар мен ұлыстар бар және жаһанадану дәуірінде олардың ішінен жыл сайын біршамасы ассимиляцияға ұшырап, өзінің болмысын жоғалтуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты – ұлттық ерекшелікті сақтау, оны дамыту, жетілдіру. Түркістан өңірі тілін, дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтаған және тарихын таныған өлке. Әрине бұған тоқмейілсуге болмайды, әлі де тарихымыздың біз білмеген белестері баршылық.«Рухани жаңғыру» бағдарламасы өз еліміздің тарихы мен  киелі орындарын тануға, тұмса табиғатын аялауға ерекше серпін берді.Киелі орындарды танып білу, оны құрметтеуді облыс жұртшылығы  өзінің азаматтық парызы деп ұғынғандай.Біздің облыс тарихи оқиғалар, киелі орындарды анимациялық фильмдер арқылы насихаттауда көш бастап отыр.  «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан», «Бәйдібек би», «Ордабасы- бірліктің туы» сынды мультфильдер арқылы  құндылықтар кеңінен насихатталып келеді.

«Туған жер –әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан касиетті мекені», деп Елбасы атап өткендей, өз ауылын көркейтуге, абаттандыруға, дамытуға облыс тұрғындары белсене ат салысуда. 2018 жылы    97 нысан пайдалануға берілсе, 2019 жылы 215 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстар, азаматтарымыз өз елінің қонағы емес, нағыз иесі екенін сезінгенінің арқасы деп білемін. Елбасының облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру және қалыптасқан халықаралық бренд – Түркістан атауын облысқа беру туралы Жарлығы да елдің рухын жаңа белеске көтерді, қаситетті қала мәртебесін арттырды. Жалпы алғанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын облыс жұртшылығы өте жақын қабылдады, өзгерісті өзінен бастау керек екенін жүрегімен ұғынды.

P.S. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіну үшін, оны бар болмысыңмен қабылдау үшін жаның «Қазақстан», рухың «Қазақ елінің болашағы» деп соғуы керек. Өз елінің патриоты, жарқын болашақтың азаматы, ұлттық кодымызды сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманат етіп арқалайтын елдің азаматтары, ақылын аямайтын ақсақалдары мен жігерін игі істерге жұмсайтын жастар барда Қазақ елі қашан да биікке самғай береді. Қыран құстай самғаған ел үшін рухани азық пен рухани мұра қашан да керек.

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button