Жаңалық

ҚАБАНБАЙ БАТЫР

Хан батыры Қабанбай!

Иә, мұқым ел, дүйім жұрттың намысын жыртып, жерін қорғап, Қазақ хандығының абыройын асқақтатқан халық батыры Қабанбай еді. Иә, бұл Сіз де, біз де сонау бала күнгі халық жырынан, аңыз-әңгімеден естіп өскен Қаракерей Қабанбай батыр!

Қазақ ұлысының ең бір құйқалы тағдыр, ащы кезеңімен өмірі тұспа-тұс келген дарабоз ердің ерлігі заманнан заманға аңыз болып жеткен-ді. Қожағұлдың Ерасылы боп дүниеге келген бала –  ел басына қиындық түскен, жұрт өмірінен тыныштық кеткен шақта анталаған жаудың екпінін басып, ұлыс тұғыры үшін қара басын қатерге тіккен қол бастаған ер, Хан батыры атанды.

Хан батырының кесенесі

Білекті ердің күреске толы өмірі, кескілескен шайқастары халық сөзіне негіз болды. Көкірегі жырға толы қалың елі батырдың асқақ ерлігін жырға теліп, аңызға бергісіз әдемі әңгіме таратты. Біздердің бала күні аталарымызды ұйып тыңдап, құмарлана ден қойған жырымыз еді. Жаугершілік заманының тарихшысы Құрманғали Халиди «Шығыстағы бес елдің тарихы» еңбегінде: «Ер Абылай ханның дәуірінде батыр және әскербасы болып келген адамдар Қаракерей Қабанбай батыр, Ақтанберді батыр, Алтыбай батыр, керей Жәнібек батыр, матай Шөңкей батыр, Еспенбет батыр, Бәсентин Малайсары батыр еді. Бұлардың әрқайсысы батырлықтарымен асқан атақ абырой алған болса да, олардың барлығынан өресі биігі –  Қабанбай батыр еді» деп жазған екен.

Мәңгілік мекені

Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқан толғауларында Қабанбай батырдың ерлігіне зор баға берілген. Мәселен, көмекей әулиенің рухты сөздерінде: «Қабанбайдан бұрын найзаңды// қашан сан жауға тіредің?!» деген жыр жолдары кезігеді. Асылында, Қабанбай – Абылай ханның сенімді серігі әрі Бас батыры болыпты. Қабанбайдың әскери тактикасы мен соғыс ісін жетік меңгерген маневріне иланған.

Қабанбай батыр туралы аңыз да, әңгіме де, әпсана да өте көп. Хан батырдың образы көркем әдеби шығармалардан да көрініс тапты. Әсіресе, батырдың ерлігі мен даңқын шынайы суреттеген шығармалардың ішіндегі шоқтығы биігі әрі мазмұны мен идеясы, тақырыбы жағынан озық тұрған халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» дилогиясы.Тарихи танымы зор, дүниетанымы кең алпауыт жазушы аталмыш романына ұзақ уақыт бойы дайындық жүргізіп, бас қаһарман тұлғасына қатысты мол деректерді жинастырып, архив қопарып, шежіре қарастырған. Міне, сол Қабдеш аға ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовтің мектебінен шыңдалып, жетпісінші жылдары қоғамдық сілкініс тудырған Ілияс аға Есенберлин қалыптастырған жолда Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Софы Сматаевтармен қатарласа жүріп, төл тарихымызды жырлауға, ұлттық сананы ұйыстыруға қызмет етті. Қилы тарихи кезеңде Қабдеш қаламынан Қабанбай, Назым, Ханбибі, Демежан, Гаухар, Барақ, Абылай, Төле би, Боранбай би, Нартай би, Қанағат би, Естай, Жолбарыс, Бұқар жырау, Құланбай образдары туды. Батырлар мен сұлтандардың бейнесі арқылы ұлттық әдебиеттегі образдар галереясын жасақтап, тарихи тұлғаларды танытуға, қоғамдық ортаның тұлғатануға деген көзқарасын қалыптастырды. Ұлт жазушысы тарихқа деген сұранысты кеңейтті. Хан батырының образымен халық батырын туған халқына жақын қылды. Баяғы бағзы замандағы қазақтың аласармас ұлы рухын оятты, намысын жігерлендірді. Міне, бұл да қалам құдіреті әрі әдеби шығарманың қоғамдық санаға түрткі болған зор әсері еді.

Қабанбай батыр тұлғасы туралы көп жазған қаламгердің бірі – жазушы, зерттеуші, этнограф Зейнолла Сәнік еді. Ескі сөзді білетін фольклоршы әрі тарихшы ағамыз да ел ауызындағы көне сөздерді хатқа түсіріп, батыр туралы сыр шертер қаншама тарихи толғам жазды. Ықылым заманнан жеткен жорықты жырлардың ұқтырар тәлімі сол – туған жерге деген перзенттік махаббат әрі жау әскеріне қарсы күрес. Бұл – патриоттық әрі Отансүйгіштік қасиеттерге баулитын нағыз тәрбие көзі.

Профессор, ұлтшыл ғалым Қайым Мұхамедханұлы бір сөзінде: «Қабанбай батыр Абылай заманының Бас батыры. Ел намысы үшін жайып құрбан еткен халықтың қамқоршысы. Бүкіл қазақ халқына мақтан болған батыр туралы айтылатын жырларда өзге батырлардан жеке дара тұлға ретінде суреттеледі» деген екен. Рас, Қабанбай батырдың халық жырындағы образы өзге замандарда жасаған батырлардың тұлғасынан бөлек, ерек шыққан. Қабанбайдың ел басына қауіп төнген шақтағы абадан мінезі, қайыспас қайсарлығы мен табандылығы, күрескерлігі, сарбаздарға берген ұраны һәм соғыстағы көзсіз ерліктері бәрі бәрі шынайы шыққан. Жоңғар қазақ соғысы көшпелі елдің мәдениетіне, тұрмысына кері әсерін тигізді. Осындай қиын қыстау шақтағы ұран ұстап ер Қабанбай күреске кірді. Бұқар жыраудың айтқанындай, «Хан ұраны Қабанбай, Қазыбек үні самардай. Ұранмен қызып денеміз, Ұмтылдық жауға қамалмай. Сасқалақтап жау қашты, тіресуге ақыл таба алмай» жан жаққа босыған екен.

Жазушы Елдос Тоқтарбай мен әдебиет зерттеушісі Заңғар Кәрімхан Батыр баба музейінде

Уақыт алмасты. Арада қаншама айлар сырғып, қаншама жылдар зулап өтті. Сол замандағы қазақ бүгінде Тәуелсіз, егемен ретінде өз салтанатымен жеке мемлекет болып, Ақ Ордасын көтерді. Өткенін ұлықтады. Тарихи тұлғасын ұмытпады. Ал, Қаракерей Қабанбай батыр жаңа замандағы ұлысының Ордасын күзетіп, Сарыарқа төсін мәңгілікке құшағына қысып, өз аманаты бойынша жерленді. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Қасиетті Қазақстан» жобасына енген елорданың киелі жерлері сапында хан батырдың кесенесі де бар. Бұл кесене – кешегі Абылай заманының ерлікке, өрлікке толы жылнамасы. Айбат, рух берер шерлі шежіресі. Әрі тарихи сан ғасырлық жәдігер.

Батыр баба музейіне зиярат етуші Батырбек Мұқатов

Қабанбай атаның аманатына адал болған ұрпақтары Арқа төсіне от қойып, тұтатты. Батыр рухының қабылан жалынына келіп жылынып, медеу тапқан жандар көп. Шапағатты, әруағы шалқар батыр бабаның кесенесінде шырақшылық отын жағып белгілі жазушы, қабанбайтанушы Камал Әбдірахманұлы отыр. Камал деген ескінің көзіндей болған ақсақал елордаға келген қонақтарға батырдың өнегелі өмірін насихаттап, күні-түні жырлап-ақ келеді.

Біз де кесенеге арнайы ат басын бұрып, жылы ниет, ақ адал сезіммен батиқа оқып, дұға еттік. Қасиетті бабаның зиратында отырып елге амандық, Отанымызға тыныштық тіледік. Сосын, Камал шырақшы салдырған Қабанбай батыр музейіне кіріп, Қабанбайнамамен танысып, ескі заманның тылсымына еніп кеттік….

Айтпақшы, қадірлі оқырман сіз үшін керек-дерек болар: Қабанбай батырдың кесенесі ел астанасының іргесінде, Ақмола облысының аумағында орналасқан. Қаламыздан 20 км қашықтықта. Кесененің ғимараты екі мыңыншы жылдың басында, яғни жаңа ғасырдың алғашқы жылында ашылған еді.

Жарқын ӘЛІ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button