Жаңалық

Сыр өңірінде табысты ұстаз марапатталды

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында білімнің салтанат құруы жайлы «…табысты болудың ең іргелі басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек» екендігін атап өткен. Жаһандық үдерістер кезеңінде әрбір азамат өзін дамытуға, жаңа білімді игеруге талпынып, даралық қабілетін арттырғаны абзал.

Қазақстанның білім беру жүйесі мен тәрбие саласында соңғы жылдары түбегейлі өзгерістер мен жаңалықтар жүріп жатқаны баршаға аян. Біздің алдымызда әлемдік білім кеңістігінде бәсекелік қабілетімізді таныту міндеті тұр. Қазіргі қоғамда мұғалім мәртебесі мен білім сапасын арттыру өзекті мәселеге айналып отыр.

Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова байқау ұйымдастырудағы басты міндеттерді айқындап берді.

«Бүгінгі мұғалімнің білім бәсекесінде жоғары көрсеткішін қалыптастыру мен олардың табысты жолын көпшілікке насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқау өз мақсатына жетті деген ойдамыз. Өйткені байқау барысында әрбір қатысушы жаңартылған білім мазмұны бойынша өз пәндерінің үздік сабақ үлгілерін, оқушылармен байланыс жасау тәсілдерін, шығармашылық ізденістері мен ғылыми жобаларын ұсынды. Соңғы кезеңде қатысушылар «Ұстаздық миссия ма, әлде мамандық па?» тақырыбында идеяларын ортаға салды.

Әрине, мұғалім өмір бойы оқумен, ізденумен, үйренумен, үйретумен айналысуы тиіс. Қатысушылардан осындай қасиеттерді байқадық. Алдағы уақытта байқау нәтижесінде жеңімпаздар тәжірибесі аймақтық телеарнадан көрсетіліп, педагогикалық сайттарда жарияланады. Тағы бір айта кететін жайт, мұғалімнің мәртебесін білімін сапасын арттыру арқылы көтеріп, оның бәсекеге қабілетті тұлғаға айналдыру үшін оларды шабыттандыратын, ізденіске жетелейтін шараларға мән беруіміз керек», – деді Әлима Әбдіхалықова.

«Бүгінгі конкурста мұғалімдердің идеялары ерекше болды. Үш кезеңнен тұрған байқау мұғалімдердің ізденісін арттырғандығы сөзсіз. Облыстың әр аймағынан жиылып, іріктелген білім саласының мамандары сабақ беруде қолданатын ерекше әдіс-тәсілдерімен бөлісіп қана қоймай, тед форматында аудиторияны игеру, сөйлеу мәдениеті мен шеберлігі секілді ерекшеліктерімен таң қалдырды. Мұндай шаралар ұрпақ тәрбиелеуде орасан зор үлесі бар мұғалімдердің мәртебесін арттырады»,- деді София Камалова.

Осы орайда жаңа білімдік трендтер мен технология дәуіріндегі табысты мұғалім бейнесін, педагог кадрлардың құзіреттілігінің жаңа моделін айқындау мақсатында «Табысты мұғалім академиясы» атты байқау ұйымдастырылды. Байқау аудандық, қалалық, облыстық кезеңдерден тұрды.

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда филиалы өткізген байқаудың мақсаты – мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру, білімнің салтанат құруына жол ашу.

Қаңтар айында басталған байқаудың алғашқы кезеңіне 60 мұғалім қатысқан болатын. Олар өзі сабақ беретін пәннің орта және қысқа мерзімді жоспарын, сабақтың 10 минуттық бейнеүзіндісін ұсыну секілді турлардан өтіп,  екінші кезеңге 7 мұғалім іріктелді. Соңғы кезеңде қатысушылар 15 минуттық панорамалық сабақ көрсетіп, «Ұстаздық миссия ма, әлде мамандық па?» тақырыбында өзіндік педагогикалық идеяларын Ted форматында жеткізді. Онда педагогтың шешендік қабілеті, көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі сарапқа салынды.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялағанына екі жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада өзімнің тың жобаларым мен креативті идеяларыммен бөлісе алғаныма қуаныштымын. Қатысушы ретінде мұғалімдердің бойынан көп ізденіс көрдім. Мұндай шаралардың бізге берері мол екендігі анық»,-деді II орын иегері Әсем Ембергенова.

Сайыс қорытындысы бойынша I орынды Жалағаш ауданы №123 мектептің ағылшын тілі мұғалімі Айкерім Искакова иемденсе, II орынды Арал ауданы №262 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Әсем Ембергенова, ал III орынды қалалық «Мұрагер» мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Назым Қыдырбаева қанжығасына байлады. Сонымен қатар, «Үздік зерттеуші» номинациясымен қалалық №11 мектеп-лицейдің математика пәні мұғалімі Нұргүл Смағамбет, «Шебер» номинациясымен №212 мектеп-гимназияның физика пәні мұғалімі Мөлдір Таширова, «Үздік көшбасшы» номинациясымен Арал ауданы №57 мектептің география пәні мұғалімі Жанар Жумашова марапатталды. Байқауға қатысқан барлық мұғалімдер алғыс хаттар, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы

«Ақпарат толқыны» бөлімі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button