Жаңалық

Ерлігіне таңданамын ғажап тым...

Әлия Молдағұлованың туған күні жылына үш рет аталады. Неге? Жас буын батыр қыз жайында не біледі? Саралап көрелік.

Көзге жас әкелген кездесу

Атылған мина, тастай жұмылған жұдырықтағы снаряд сынығы мен қаза тапқан 78 фашист. Бұл оның соңғы қысы еді. Сықырлаған аяз бен қыстың гуілдеген қара суық желі ерлікпен қаза тапқан қазақ қызын жоқтағандай болды. Балтық жағалауы майданындағы 22 әскердің 54-ші атқыштар бригадасының мергені Әлия Молдағұлова ол кезде 19 жаста еді.

Аты аңызға айналған мерген қызымыз биыл 94 жасқа келер еді. Кеңес одағының батыры атанған Әлияны сәуір айында көпшілік еске алып, атына құран бағыштап, жасөспірімдерге ерлігін үлгі етуде.

«Рухани Жаңғыру» бағдарламасының аясында Елордадағы 59 мектеп-лицейде жас ұрпаққа патриоттық сезімді ұялату мақсатында Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованы еске алу кеші өтті. Жүректері елім деп соққан жас ұрпақ ерлігімен тарих бетінде қалған батыр қыздың туған сіңілісі Әлипа Үсеновамен кездесті.

Құрметті қонақты мектеп ұжымы мен оқу орнының шәкірттері барша салтанатпен қарсы алды. Өз сөзінде Әлипа апа балаларға ерлікпен қаза тапқан батырларымызға ерекше құрметпен қарау керегін және сұрапыл соғыста қаза тапқандардың мәңгі жадымызда қала беретінін, өшпейтінін айтты. “Әлия Молдағұлова мен үшін өлген жоқ. Батырлар ешқашан өлмейді”,- деді ол.

Әлияның өмірбаянын, қандай ерлікпен қаза тапқанын туған сіңілісінің аузынан міз бақпай тыңдап тұрған жас буын қатарында Рамазан Орал есімді 3 сынып оқушысы да болды. Бұл кездесуден ерекше әсер алған ол көзіне жас келгенін жасырмады.

– Рақымжан Қошқарбаев, Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы сияқты батырларымыздың есімі әрқашан жадымда. Осы адамдар сияқты ерлігімен тарихта қалған тағы бір ер жүрек апамыз – Әлия Молдағұлова жайында да бүгін көп тыңдадым. Мектебімізге Әлия апамыздың туған сіңілісі келеді деп естігеннен бері осы кездесуді асыға күткен едім. Бекер күтпеппін. Бұл күннің есімде қалары сөзсіз. Әлипа апаның айтқан сөздері жүректі қозғады. Расымен, бүгінгі кездесуден кейін батырлықтың білекте емес, жүректе болатынын тағы бір мойындадым.

Ерекше кездесуге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Нұр-Отан» партиясының, Қазақстан халықтар Ассамблеясының өкілдері мен Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының шәкірттері келіп қатысты.  Ер етігімен  су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен заманда ер азаматтармен қатар жүріп, қолына қару алып, қанды шайқасқа аттанған қайсар қыздарымыздың бірі – Әлия Молдағұлованың ерлігіне арналған кездесудің балалар үшін маңызы зор, дейді 59 мектеп-лицейінің ұстаздары. Бұл тектес кездесулер жастарды ерлікке, батырлыққа жігерлендіріп тұрғандай. Батырдың өзі өлсе де, біз үшін есімі мәңгі өлген жоқ.

Әлия өмірбаянынан

Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысының Қобда ауданында Бұлақ ауылында дүние есігін ашқан. Бірақ нақты туған күні жайында деректер көп. Мақаланың жалғасында оқи отырыңыздар…

«Ақмоншағым»… Әлияны анасы осылай деп еркелеткен екен. Әлияның азан шақырып қойған аты – Ылия. Орыс тілділерге қазақ қызының есімін атап жүру қиындау болған соң, оны Алия, Лия, Лиечка деп атап кеткен екен.

Әлияның әкесі – Сарқұлов Нұрмұқанбет, шешесі – Молдағұлова Маржан. Әлия сегіз жасқа толғанда анасы қайтыс болады. Әкесін Әлияны бағу қиын болғандықтан оны нағашысының тәрбиесіне береді. Кейін ол нағашысының жанұя жағдайына байланысты Ленинградтағы балалар үйіне тапсырылып, сонда оқиды. Орыс тілін білмейтін Әлияға орыс  тілін үйрену оңайға соқпайды. Дегенмен өз дегенінен қайтпайтын қайсар қыз сабақты жақсы оқиды. 1941 жылы ел тыныштығы бұзылып, елімізге қауіп төнген шақта ол ерлермен бірге майданға аттанады.

1944 жылдың 14-қаңтарында батыр қыз ерлікпен қаза тапты. Ерен ерлігі үшін Әлияға ҚСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылы 4-маусымында «Кеңес Одағының батыры» атағы берілді. Батырдың есімі Әлияның туған ауылына, қалаларымыздың көшелеріне беріліп, ескерткіштер орнатылып, Ақтөбе облысында қайсар қызымыздың атына мұражай ашылды.

Әлияның туған күні қашан?

Әлия Молдағұлова 1925 жылы туғаны баршаға белгілі. Бір мәселеде ғана көпшілік бір келісімге келе алмауда. Түрлі ақпарат көздері батыр қыздың туған күнін түрлі датамен белгілейді. Бірі Әлия Молдағұлова 15 маусым күні дүниеге келген десе, басқалары 20 сәуір немесе 25 қазан деп жазып жатады.

Қазақтың батыр қызы Әлияның атымен қоса Ғалымжан Байдербестің де есімін жиі естіп жатамыз. ҚР білім беру ісінің үздігі, Ақтөбе педагогикалық институтының Құрметті профессоры, “Қос шынар” Әлия-Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес қырық жылдан бері Әлия Молдағұлова өмірі мен ерлігі туралы терең зерттеп келеді. Қазақтан шыққан қос батыр қыз туралы деректерді жинау барысында Ғалымжан Байдербес сұрапыл соғыс өткен жерлерге, Ресейдің бірқатар елді мекеніне барып, тарихи кітаптарды, мұрағаттық жазбаларды ұзақ зерттеді.  Мәскеу, Санкт-Петербург, Псков, Новосокольникиге дейін барып қайтты. Әлия мен Мәншүктің ізі қалған жерлермен байланысын әлі күнге дейін үзген емес. Сол себепті бұл арда азаматтың тірнектеп жинаған еңбектеріне сенбеу мүмкін емес.

Ғалымжан Байдербестің ұйғарымы бойынша, кейбір деректерде Әлияның туған күнін 20 сәуір деп көрсететіні Лениннің туған күніне, яғни 22 сәуірге жақынырақ орайластырып жазылған саяси астары бар жағдай, дейді. Ал 25 қазанды туған күні деп комсомол күніне жақындатып, яғни 29 қазанға жуытып көрсетіп келген. Дегенмен Әлияның анасын босандырған дәрігердің өзімен Балапаш апамен кездескеннен кейін, Ғалымжан Байдербес батыр қызымыздың нақты туған күнін анықтап біліпті. Белгілі болғандай, Әлия 1925 жылы жаз мезгілінде дүниеге келген. Сол уақытта Балапаш апаның тұрмысқа шығып жатқан кезі екен. Ол уақыттары нақты күнтізбе пайдаланылмағандықтан, министрліктің шешімімен, Әлия 15 маусым күні туды деп бекітілді.

Ғаламтордан Әлияның туған күніне қатысты ақпарат іздеген адамға түрлі даталар қалқып шығады. Ол ескі Қазақстан энциклопедияларында сақталып қалған көне ақпараттың ұшқындары, дейді Ғалымжан Байдербес. Бүгінде Әлияның нақты туған күнін ғана емес, туған жерін де ресми деректермен дәлелдеп бере алған Ғалымжан Байдербес қайсар қыздың батырлығы бүгінде өз деңгейінде насихатталмай жатқанына налиды.

1944 жылы 13 қаңтар күні Әлия өзінің апасы Сапура Молдағұловаға өзінің соңғы хатын жолдаған екен. Өз хатында ол үйге жеткенінше асығып жүргенін, Ұлы Жеңісті көзіне жас ала қарсы алып, туған-туыстарының барлығын құшағына алғысы келіп жүргенін жазған еді.

1942 жылдың 14 қаңтарында 54-ші атқыштар дивизиясының Псков бағытындағы шабуылы басталды. Міндет – үлкен стратегиялық маңызы бар Новосокольники-Дно бағытын кесіп өтіп, Казачиха деревнясын жаудан азат ету. Әлия құрамында болған 4-ші батальон Насваның батыс жақ шетіне жете бергенде немістер танкілердің қолдауымен қарсы шабуыл ұйымдастырды. Әлияның бөлімше командиріне оқ тиіп, ол саптан шықты. Жауынгерлер кібіртіктеп, кейін шегіне бастады. Осы сәтте кішкентай ғана қазақ қызы Әлия: «Бауырлар! Отан үшін алға!» – деп ұран тастап, батальон жауынгерлерін шабуылға көтерді. Сол қан майданда Әлия жау оғынан жараланды.

1944 жылдың 14 қаңтарында Казачиха селосын жаудан азат ету үшін болған осы шайқаста Әлия Молдағұлова қаза тапты. 1944 жылдың 4 маусымындағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Қазақтың қаһарман қызы, құралайды көзінен атқан Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың денесі Монаково деревнясының маңында бауырластар зиратында жерленген деген болжам жасалып отыр.

Әлия есімі – біз үшін өнеге, біз үшін мақтанышпен айта алатын, тарихта алтын әріптермен жазылған есім. Отан үшін отқа түскен  батырдың есімі біздің жадымыздан мәңгі ұмытылмақ емес.

Айнұр Нұрманғалиева, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button