Жаңалық

ЖАҢА ӘЛІПБИДІ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІН ЖЕТІЛДІРУГЕ ҮЛЕС ҚОСАМЫЗ

Еліміздегі өзекті мәселенің бірі қазақ жазуының латын негізіндегі әліпбиге өтуі. Қоғамды, бүткіл елді алаңдатқан мәселенің мән-жайын білмек үшін елорда төріндегі Ахмет Байтұрсынұлы Білім Академиясына барған едік. Бізді академия басшысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлан Еркінбай қарсы алып, жаңадан құрылған мекеменің тарихымен таныстыра бастады.

Біздің сұхбатымыздың кейіпкері – елімізге белгілі әдебиеттанушы, филолог-ғалым. Ресей Ғылым академиясының Әдебиет, лингивистика институтында білім алған, әр жылдары М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, С. Демирел университетінде кафедра меңгерушісі, факультет деканы, М. Нәрікбаев Қазақ Гуманитарлық-Заң университетінің қазақ тілі департаменті директоры қызметтерін абыроймен атқарған білікті маман.

Ruh.kz: А. Байтұрсынұлы Білім Академиясы құрылған екен. Бүгін не көп жеке меншік университеттер мен академиялар. Сол көптің арасынан А. Байтұрсынұлы Білім Академиясы қалай ерекшеленбекші?..

Ұлан Еркінбай: Оныңыз рас. Қазір жеке меншік ашылған университет те, академия да, институт та өте көп. Сан бар болғанымен, сапасы жоқ. Ол жағы ешкімге жасырын емес. Сол көптің арасына біз де қосылдық. Жаңа тұрпат, соңы леппен. Жылтыр сөзбен емес, ұтымды іспен көрсетейік. Уақыт – төреші.

Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының есімін иеленген Білім Академиясымемлекеттік және қоғамдық әрі ғылыми мекемелермен еркін жұмыс жасайтын тәуелсіз платформа. Академияның басты мақсаты – ұлттық педагогикамыздың тарихи, мәдени әрі рухани аспектілерін және білім берудің заманауи жетістіктерін ұштастыра отырып, еліміздің білім беру саласын дамытуға үлес қосу. Біз осы мақсатты берік ұстап, «адамдық диханшысы» атанған тұлғаның өнегесін ХХІ ғасырда жалғастыруды ниет еттік. Негізінде, академиямыз біліктілік арттыру курстары, тіл үйрету және гранттық жобалар жүзеге асыру, латын графикалы жаңа қазақ әліпбиін үйрету сияқты бірнеше бағытта жұмыс істейді.

Академия жобаларының негізгі өзегінің бірі – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы. Еліміздің рухани, мәдени өміріне елеулі өзгеріс әкелген және келешекке бастар қадамымыздың бағыт-бағдарын қайта жаңғыртқан аталмыш бағдарлама аясында жалпы ел азаматтары мен мектеп оқушыларына, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған танымдық курстар дайындалды.

Ruh.kz: Бәрекелді! Оң істі қолға алған екенсіздер! Латын әліпбиіне көшуге арналған жоспарларыңыз қандай? Елордамыздағы және басқа да қалаларымыздағы азаматтарды жедел оқыту курсы аясында қаншалықты қамтып жатырсыздар?

Ұлан Еркінбай: Латын графикалы әліпбиге көшу халқымыздың жаңа дәуірлік кезеңге көшу, жаңа ақпараттық кеңістікке шығу мақсатындағы іргелі бетбұрысы екені сөзсіз. Оны жүзеге асыру үшін тағайындалған арнайы мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелер бар. Білім беру саласын дамытуға үлес қосу мақсатында құрылған мекеме болғандықтан, А.Байтұрсынұлы Білім Академиясы осынау ауқымды жұмысты халықпен бірге тиімді игеруге жұмыс жасайды. Академиямыздың бұл орайдағы міндеті – халықтың жаппай жаңа әліпбиге көшуін кешенді ұйымдастыру емес, жаңа әліпбиді оқытудың әдістемелік негіздерін жетілдіруге, әліпбиді үйретудегі салалық ерекшеліктердегі түйткілдерді шешуге, жаңа әліпбиге кезең-кезеңмен көшу барысында уақытты ұтымды пайдалануға өз мүмкіндігінше үлес қосу.

Қазіргі таңда Академия тарапынан латын графикалы әліпбиді оқытуға арналған бірнеше бағдарлама дайындалды. Жалпы халықты, мемлекеттік қызметшілерді және педагог қызметкерлерді оқытуға арналған бұл бағдарламаларды дайындауға филология және педагогика ғылымдарының докторлары мен тәжірибелі әдіскер мамандар жұмылдырылды.

Аталмыш бағдарламалар бойынша семинар-тренингтер мен біліктілік арттыру курстарын өткізуді бастадық. Әзірге өтініш білдірушілер жаңа әліпбидің ережелерін алдын ала меңгергісі келген түрлі ұйымдардың өкілдері және әліпбиді оқытудың әдістемелік негіздерімен танысқысы келетін педагог қызметкерлер. Еліміздің түрлі аймақтарынан өтініш білдіріп, өз біліктілігін арттырып жатқан тыңдаушылар аз емес. Халықтың ынтасы мен сұранысы жоғары деуге болады.

Ruh.kz: Қоғамымыздағы өзекті мәселе әліпби ауыстыру болғандықтан, жұрт алаңдаған түйткілді қаншалықты оң жолда игеріп келеміз?

Ұлан Еркінбай: Бұл мәселеге қатысты А.Байтұрсынұлы Білім Академиясы мекемесінің тарапынан жасалып жатқан жұмыстар жоғарыда айтылды. Ал жалпы ел ауқымында қарайтын болсақ, 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшу жоспары өз ретімен орындалып келеді. Жоспар бойынша, бірінші кезеңде 2018-2020 жылдар аралығында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіледі. Екінші кезең – 2021-2023 жылдары латын графикасы негізінде мемлекеттік тілде ҚР азаматтарының төлқұжатын, жеке куәлігін және басқа да құжаттарын беру қамтамасыз етілмек.

Ұлан Еркінбай

Үшінші кезеңде, 2024-2025 жылдары мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, мемлекеттік БАҚ және баспалардың құжат айналымдарын латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жоспарланған. Қазіргі таңда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы белсенді жұмыстар атқаруда. Орталықтың латын графикалы әліпбиді үйретуші жергілікті тренелерді дайындау, латын графикасындағы ІТ жобалар әзірлеу, жаңа әліпбидегі ақпараттық материалдар дайындау сынды түрлі ауқымды жобалары басталып та кетті.

Ruh.kz: Оқыту әдістемесі жайлы айттыңыз. Бұған қатысты А.Байтұрсынұлы Білім Академиясының жұмыстарында қандай ерекшеліктер бар?

Ұлан Еркінбай: Бағдарламаларды дайындау және оқыту барысында тәжірибеміз жетіле түсуде. Академия әдіскерлерінің шығармашылық жұмысы нәтижесінде дайындалған жаңа әдістер де бар. Жаңа қазақ әліпбиін үйретудің әдістемелік негізі ең алдымен графиканы үйретуден басталуы тиіс. Графиканы үйретуде әріптерді өздеріне тән конфигурациямен жазуды үйрету басты ұстанымдардың бірі болуы қажет. Сондай-ақ, әліпбиді меңгертуде ұсынылатын тапсырмалар оқылым және жазылым дағдыларына негізделіп, орфоэпиялық заңдылықтарды сақтауға баса көңіл аударылуда.

Ruh.kz: Академияның ғылыми құрамы жайында айта кетсеңіз…

Ұлан Еркінбай: А.Байтұрсынұлы Білім Академиясы ғылым докторлары мен тәжірибелі әдіскер-тренерлерді тарту арқылы түрлі ауқымдағы жобаларды атқаруды көздейді. Академиямыздың ғылыми кеңесшілері еліміздің жетекші ЖОО-дары мен ғылыми зерттеу институттарының ғылым докторлары мен магистрлері, бағдарламалық орталықтардың әдіскерлері. Сонымен қатар, тікелей практикада өз қарым-қабілетін көрсетіп жүрген тәжірибелі оқытушылар қамтылған.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Жастардың оқу-тәрбие ісі түзелмей, жұрт ісі түзелмейді». Ендеше, бұл іске өз үлесімізді қосуға баршаңызды шақырамыз.

Ruh.kz: Істеріңізге береке берсін!

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button