Жаңалық

WRITERS OF EURASIAN CAPITALS INTERNATIONAL FORUM

Еуразия астаналары қаламгерлерінің форумы. Не айтылды? Не жоспарланды?

«Ұлттық болмыс» дейміз. «Ұлттық код» туралы айтамыз. Салт-дәстүр жайлы тебіреніп толғаймыз. Осының бәрі бастауын қайдан алады? Біз бұл туралы қайдан білеміз? Тарихтан дейсіз сіз. Әдебиеттен дейсіз тағы. Елордамыздың төрінде Еуразия астаналарының ақын, жазушыларының және публицистерінің бас қосуы өтіп жатыр. Шараның мән-маңызы туралы айтпаса да белгілі. Алыс-жақын 20 елден келген шығармашылық адамдары бір жерде тоғысып, әлемдік әдебиеттің төңірегінде сөз қозғады. Айтылған жоспарлар мен ұсынылған соны идеялардың сөз ғана болып қалмай, нақты әрі жүйелі іске асатыны туралы шараның басы-қасында жүрген ел ағалары бірнеше рет сөз етті.

Алтай КӨЛГІНОВ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі: Еуразия астаналарының белді де белгілі қаламгерлерінің халықаралық форумы зор маңызға ие жиылыс. Осы бастамамызды қолдап, өздерінің білгенімен бөлісеміз деп келіп отырған Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази сынды ағаларымызға, Аққұштап Бақтыгереева апамызға үлкен ризашылығымды білдіремін. Әдебиет – ұлттың болмысын, ұлттың белгілі бір кезеңіңдегі тұрмыс-тіршілігін еш өзгертусіз сақтап қала алатын құрал. Барша қаламгерлерге шығармашылық табыс, мықты денсаулық тілеймін. Осындай ауқымды форумның Нұр-Сұлтан қаласында өтуі қаламызды рухани, мәдени деңгейдің жаңа сатысына көтереді деп білемін. Әдеби ортаның басым бөлігі бас қосқан форум нәтижелі де табысты өтуін тілеймін.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстанның халық жазушысы, еңбек ері, ақын: Сахнаға шығайын деп тұрғанымда бір тілші жаныма келіп, «бұрынғыдай оқырман жоқ болса, мынадай форум не үшін керек?» деген сұрақ қойды.

Расында да қайбір кезеңде біз ең көп оқитын мемлекет едік. Ең көп жазатын да бізтұғынбыз! Тоқсаныншы жылдары жарық көрген өлеңдер жинағым 200 мың данамен басылып шықты (қазір бұншама даналық кітаптарды түсімізде ғана көреміз. Әдебиет жайлы, ақындар жайлы қорқынышты түстерден…). Бұндай мәдени дағдарысты тек Қазақстан ғана емес, әлемнің өзге де шығармашыл да оқырман елдері басынан кешіп отыр. Себебі тәуелсіздік алған беттен біз экономикаға баса назар аудардық. Бірінші мәдениетке назар аударуымыз керек еді. Бұны біз енді түсіндік. Мемлекет енді түсінді. Мәдениетсіз экономика мен мәдениетсіз саясат болуы мүмкін бе?! Міне сондықтан да бізге әуелі мәдениет керек. Ал сол мәдениет қашан да сөзден, қашан да әдебиеттен бастау алады.

Осындай мәселені түсінген, түйсінген, тиісті шаралар қолданып жатқан жазушылар одағы мен мемлекет басшылары құрметке лайық.

Мақсат СҚАҚОВ, Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі: 20 елден келіп бас қосқан қаламгерлердің тілі басқа болса да, тілегі бір! Маңғыстауда Бекет атамыздың қорымы бар. Бүкіл әлем сол жерге зиярат етуге барады. Бекет ата қорымына бара жатқан жолда Шопан ата қорымына соғып кетеді жұрт. Сол Шопан атамыздың зиярат етер жерінің қабырғасында арабша мынадай жазу бар: «Өмір – жалған, жазу – мәңгілік!». Біз кім екенімізді, қайдан келгенімізді, қайда барарымызды сол жазудың арқасында білеміз. Бұны біздің қазақ: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Сондықтан бүгінгі бас қосу ұрпақ үшін үлкен сабақ.

Ақын атаулының жүрегі қылдан нәзік.

«Шыныменен ақын жанын қалайсың ба?

Шыдайсың ба, шынымен талай сынға?

Ақын деген бірде қарт, бірде сәби.

Қартты сыйлап, сәбиге қарайсың ба?» деген екен, ақын Мұқағали Мақатаев. Бұл кісілер кейде бес жасар сәби, кейде жүзді алқымдаған абыз. Құрметті қаламгерлердің шығармаларынан сусындап өскен халықпыз. Біздің қаламгерлерді бүкіл әлем танысын, әлем оқысын, қазақты әлем танысын деген ниет бізде.

Әкім ТАРАЗИ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург: Бірнеше елден келген өнер адамдарының, жазушылардың бізге берері көп. Себебі бұл жиында бірнеше ауқымды тақырыптар талқыға салынады. Ұлттың ділі мен діні ескеріле отырып, әдебиетімізді дамытудың соны жолдары ұсынылады. Қазақтың кім екенін мәдениеті арқылы, ал мәдениетімізді әдебиетіміз арқылы танытамыз. Қаламгерлеріміз жан-жақтан келген әріптестерімізбен сөйлессе, пікір алмасса еш артықтығы жоқ.

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі: Форум бүгінгі жиынға қатысушы қаламгерлердің шығармашылығына жаңа серпіліс береді деген ойдамын. Ақын, жазушыларымыздың қаламынан ұлтты танытатын мәдени мұралар, шығармалар туа бергей! Бұл жиын аударма ісі де, қазіргі әдебиеттің жай-күйі де, әлемдік әдебиеттің озық түрлері де талқыға салынып, сіз бен біздің кәдемізге жарар дүниелер айтылатын және жасалатын маңызға ие. Барша қаламгерлерге жемісті жұмыс, мықты денсаулық тілеймін. Өзім де жазушының қызы болғандықтан үнемі шығармашылық адамдарын қолдаудан таймайтынымды айтқым келеді.

Мейірхан АҚДӘУЛЕТ, ақын, публицист, қоғам қайраткері: Біздің әдебиетіміз сан қилы кезеңдерді басынан кешірді. Үлгі алатын кезде үлгі алды. Еліктейтін кезде еліктеді. Аударатын кезде аударды. Буын-буынның деңгейіне қарай толқып-шалқып та отырды. Қайбір кездері қатты еліктеп кетіп, өз бағытымыздан тайқып кете де жаздадық. Бірақ, тайқып кетпедік. Өз бағытымызға қайта оралдық. Шүкіршілік! Мынандай жақсы бір форум өткізуіміз біздің, біздің әдебиетіміздің өскенін көрсетеді. Дүйімге белгілі, үлкен қаламгерлерді елге жинауымыз белгілі бір деңгейдегі дәрежеміздің өскені. Осы адамға сенім ұялатады. Адамды алға жетелейді. Ал бұл жиыннан не аларымыз өзімізге ғана байланысты дүние…

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button