Жаңалық

IV маңызды мәселе

Форумға өзек болатын бірқатар маңызды мәселелер:

ҚР-ның президенті тарапынан форумға өзек болатын бірқатар маңызды мәселелер көтерілгенін алдыңғы мақалада айтып өттік. Ары қарай Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзімен:

I        Жаһанданудың Шығыстық дәстүрі нақты сипатқа ие болып, кеңейе түсуде. Мысалы: қазір Ұлы Жібек Жолының экономикалық мән-маңызы жайлы көптеп айтылады. Шын мәнінде оның тұтас өркениетті елді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге ірі білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты. Азия халықтарының сөз өнері бай, тамыры тереңде. Жер бетіндегі жазу-сызудың шығыстағы Мысырда, Қытайда пайда болуы соның анық дәлелі. Түркі, Қытай, Араб, Парсы елдерінің көптеген көне жәдігерлері уақыт сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге дейін жетті.

Бұл мұралардың құндылығы неде? Көне ескерткіштердің негізінде жатқан жалпы адамзаттық құндылықтар әдебиет арқылы әлемге таралды. Әр оқырманның көкейіндегі сауалдардың жауабы мен жаһандық мәселенің шешімі де дәл осындай туындылардан табылады.

II       Азия әдебиетінің өзіндік айтарлықтай кейіпі бар. Азиялық қаламгерлер күллі дүниені мойындатып отыр. Бұл ретте Азия елдерін әлемге әйгілеп, байыта түсу әр қаламгердің маңызды міндеті деп санаймын. Шығыс даналарының дәстүр сабақтастығы сіздердің туындыларыңыз арқылы жалғасын табады.

III     Жаһандану дәуіріндегі Азия сын-қатерлерге лайықты төтеп бере отырып, өзіне тән бірегей ерекшеліктерін сақтап келеді. Батыс психологиясы Азия руханиятымен үндесіп, Шығыстың жаңа үрдісін дүниеге әкелді. Қалаларда Шығыс әлемінің тоғыз бітімін насихаттайтын креативті сыныптар пайда болды. Рухани байланысты кеңейту – жаңа замандағы Азия қауымдастығының кепілі. Біз бұл үрдістерді қолдап, әлем халықтарының ынтымақ-бірлігін нығайтуға үлес қосуға тиіспіз.

IV     Азия бір кездегі айырылып қала жаздаған мәдени-тарихи қарым-қатынастарын қалпына келтіруде. ХХ ғасырда екі елдің текетіресі Азияны да екіге бөліп, тұтас мәдениеттер арасына сызат түсірді. Орталық Азия, халықтар мен мемлекеттер екіге бөлінді. Алайда бәрімізге ортақ, бастауы бір құндылықтарымызды сақтап қалдық. Жасанды кедергілер жойылған соң біз біртұтас әлем екенімізді қайта сезіндік. Отбасылық және қоғамдық дәстүрлер, еңбекқорлық пен білімге ұмтылу – Азия халықтарына тән асыл қасиеттер! Мәдениеттердің жарасымды дамуы, бір сөзбен, әр адамның үлесінде деп түсіну қажет. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», – деп айтқаны осыны меңзейді. Азия бірге дамиды. Қайта жаңарған Ұлы Жібек Жолы осының айқын дәлелі.

Құрметті форумға қатысушылар, осынай алып атырап Батыс пен Шығысты жалғайтын дәліз ғана емес, Ұлы дала елі, сан тараптардағы ғылым мен білімнің, өркениеттердің тоғысқан тұсы. Бүгінгі форум қазіргі жаңа үрдістердің адам әлеуетін дамытуға қызмет ететінін көрсетіп отыр. Рухани кемелденуге ұмтылмай, өркендеу болмайды! Мұндай дамудың ешқандай маңызы жоқ!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button