Жаңалық

Ән тарихы

Ұлы дала тарихын біраз шертетін болсақ, сезімге толы сан алуан әндер барын байқаймыз. Соның ішінде шығу тарихы бұрмаланғандары да жоқ емес.

Мысалға белгілі ақын-сазгер Тынышбай Рақымның «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін алсақ.

Аталмыш ән өткен ғасырдың соңында талай тыңдарманның жүрегінен орын алып, айтарлықтай танымалдылыққа ие болғаны белгілі. Алайда жүрек тебірентер әннің дүниеге келуінен кейін автордың артынан біраз өсек-аян тарап кетті. Көпшілік, тіпті, «автор Алтайдың ар жағынан келген аруға ғашық болып, сол үшін отбасын тастап кеткен», – деп түрлі әңгімелер де таратқан. Шындығында сазгердің бұл әні шеттегі қандас бауырларымызға «елге оралыңдар, қайтыңдар» деген үндеуі тәріздес болған. Алыстағы жерлестерімізге іштей рух беру мақсатында жарыққа шыққан. Толығырақ тоқталып өтейік:

 

1991 жылы Қытайдан Қазақстанға әртүрлі өнер иелері келеді. Сол делегацияның ішінде Әмина Еркешқызы атты қазақ қызы болған. Қарындасының жүзінен елге деген қимастық сезімін байқаған Тынышбай Рақым жабырқап қалып, ішінен: «Қимайтын жан екенсің жат ұяға» деп айтады. Сазгер өзінің артынан айтылған алып-қашпа әңгімелерге қатысты пікір білдігенде: «Әй, қазағым-ай. Не деген алаңғасыр, сөздің байыбына бармайтын халық. Неге осылай өсектейді? Одан да ана сөздің әніне мән бермей ме? Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай. Қасыңа бара алмадым деп айтып тұрған жоқпын ба?!» деп қапаланған. Бұл өсек оның жанына қатты батқан.

Жалпы Әмина ақынмен ресми түрде 1996 жылы жүздеседі. Алматыдағы Республика сарайында Тынышбай Рахым қазақ қызына саханада тұрып гүл шоғын берген. Сондай-ақ, сол кеште ол сазгердің үйіне қонаққа барып, оның жанұясымен танысқан.

Айта кетейік, Әмина Еркеш өзіне арнап ән шығарған ақынға құрмет ретінде өзі үнтаспаға ән жазып, хат жолдаған. Хатында:

«Ақиық қыран аға,

Ақ маржан жыр арнаған,

Өзіңді ел мақтамай тұра ала ма» деген өлең жолдары бар.

Әмина Еркештің жеке өмірі жайлы айта кетсек, оның Мұрат атты жұбайы бар. Олар Әльфира есімді аруды өсіріп отыр. Әмина Қазақстанның тарихын үнемі зерделеп біліп, еліміз туралы жаңалықтармен танысып отырады.

Ол бір сөзінде: «Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан бергі экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан дамуына үнемі құлақ түріп отырамыз, әсіресе елдегі ұлтаралық татулық, тұрақтылық бізді қуантады. Н.Назарбаевтың Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында жүргізіп жатқан саясатын бұл жақтағы қазақтар қолдайды», – деп айтқан.

 

Келесі кезекте Естайдың «Қорланына» тоқталып өтсек. Бар болғаны 20 жастағы композитор шығарған бұл ән дүйім жұртқа мәлім. Ендеше әннің шығу тарихы мынадай: Ертіс өңірінде Сүлеймен деген бай болған. Оның ұлы – Шошанның қалыңдығы Маралдыдан болады. Қалыңдық жақты көру үшін Шошан үлкен рудың әншісі ретінде қасына Естайды ертіп жолға шығады. Оның қалыңдығының үйі Сұлтан ауылында болады. Күйеу жігіттің құрметіне барлық ауылдардан жігіттер мен қыздар жиналады. Онда Сұлтанның қыздары Құсни мен Қорлан да бар. Сол жерде Естай мен Қорлан бір-біріне ессіз ғашық болып, сезімдерін білдіріп те үлгереді. Бірақ Қорлан айттырылып қойылған еді. Сол себепті, қыздың келісімімен Естай оны ұрлауға бел байлайды. Арада жыл өткен соң әнші досымен Маралдыға келіп, Қорланға адам жібереді. Бірақ қыздың шығуға еш мүмкіндігі болмайды. Олардың бұл жоспарын барлығы біліп, қыздың әкесі қыз атастырылған жаққа «ақысы төленген» қалыңдықты алып кетулерін талап еткен. Сөйтіп асығыс той болады. Ал Естай болса өмірінің соныңа шейін Қорланды ұмыта алмай, ақырында оған өлең шығарады. Талай жанның жүрегінен өшпес орын алған ғажап әннің тарихы көп адамға сірә беймәлім болар, дегенмен де барлығы осындай көңілсіз аяқталады.

 

Өкінішке орай шығу тарихы теріс пікірлерге толы болған келесі әннің бірі – сазгер Кеңес Дүйсекеевтің «Қарағым-ай» әні. Бұл әнді естімеген қазақ, сірә, кемде-кем. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-актер Нұрлан Өнербаевтың орындауында айтылған ән мыңдаған тыңдарманның сүйіспеншілігіне ие болды. «Қарағым-ай» жарыққа шыққаннан бастап елдің аузы елуге кетіп, түрлі әңгіме тараған. Олар бұл әнді жауапсыз махаббаттан, әншінің басына түскен орны толмас өкініштен туған деп пайымдаған.

Ал шыныдығына келсек, әннің мағынасы – әкенің қызына деген махаббаты болып табылады. Яғни композитор бес жаста болғанда оның әкесі дүниеден озады. Оның 19 жасында қайтыс болған әпкесі болған. Кеңес Дүйсекеевтің бұл әні сол жастай өмірден кеткен әпкесінің рухына тағзым жасағысы келген ниетінен шыққан. Ол бір сұқбатында: «Әкем тірі болғанда жалғыз қызын ұзатып тұрғанда айтар еді ғой. Ол қызын ұзатып тұрғанда әкенің айтатын әні» деп түйген.

 

Ерекше тарихтың етегінде жатқан тағы бір ән – «Дудар-ай» әні. Әннің алдыңғы шумағындағы сөздерін естіген кезден-ақ әуеннің не туралы екені бірден аңғарыла түсетіні белгілі. Бұның авторы Мариям Жагорқызы есімді орыс қызы. Ол қазақ жеріне қоныс аударған. Мариям қазақ тілін жетік меңгерген, сондай-ақ ол домбыра шерте білген. Әуеннен байқалатындай, қыз Дудар (кей деректерде Дүйсен) атты қазақ жігітіне ғашық болып, өлеңді соған арнаған. «Дудар-ай» қазақ халқының арасында кеңінен таралып, ерекше ықыласқа бөленді. Содан кейін көбі оның авторының кім екенін білмей, әнді халық әніне қосып жіберген.

 

Осы сықылды әндердің санатында Мұқағали Мақатаевтың «Ұнатамын мен сені» деген өлеңі бар. Бұл әнді көпшілік көше әні ретінде қабылдап кеткен. Гитара тартатын өнерпаздардың біразының репертуарында бар ән екені даусыз. Әнін жазған әнші Тобылды Досымов. Аталмыш ән белгілі бір адамға, яғни белгілі бір аруға арналып жазылмаған. Дегенмен кейбіреулері «әннің кейіпкері – мен», – деп айтып кеткен. Ақиық ақынның бұл өлеңінің өзгелерден ерекшелігі осы – әннің нақты кейіпкері жоқ. Белгілі аруға деген махаббат сезімінен туған ән емес, бұл тек жас жігіттің жүрек лүпілінен шыққан жыр туынды.

Қорыта айтқанда, қазақта көптеген керемет өлеңдер жетерлік. Бірақ ең өкініштісі әуезді ән қаншалықты көп болса, олардың шығу тарихымен таныспағандар, оған қызығушылық танытпағандар да соншалықты көп деуге болады. Еліміздің тарихымен, ұлтымыздың мәдениетімен етене жақын болайық!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button