Жаңалық

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам...»

ruh.kz

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам…»


Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайраңдаған.
Қыз өссе-елдің көркі-деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.

Елімізді, жерімізді жаудан қорғауға бар күшін салған батыл да қайсар қыздарымыз аз болған жоқ. Әлия, Мәншүк, Хиуаз есімді аруларымыз соған дәлел бола алады.

Қыркүйектің 16-шы жұлдызында қазағымыздың басына күн туған сәттерде өшпес ерлік көрсеткен қыздарымыздың бірі – тұңғыш ұшқыш қызымыз, Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналып ескерткіш орнатылды. Монумент – батыр қыздың дүние есігін ашқан жері, Атырау қаласында бой көтерді.

Ескерткіштің ресми ашылу салтанатына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Хиуаз Доспанованың туған інісі – Тарғын Доспанов, сондай-ақ, белгілі қоғам қайраткерлері келіп қатысқан.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев:

Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасымен елдің даму стратегиясында көрсетілген межелердің бірегейі әйел қауымына үлкен құрмет көрсету. Сондықтан да бүгінгі салтанатты шара барша аналарымызға, қазақ қыздарына соның ішінде Хиуаз Доспановаға құрмет болып табылады

– деп әйелдер қауымының қоғамдағы орны ерекше екенін, әсіресе ерлікпен күрескен аруларымыздың рухына тағзым жасау ұлтымыздың алдындағы міндет екенін атап өтті.

Шынында, бізге осынша бірлік, бейбітшілік, ашық аспан, кең байтақ жер сыйлап кеткен батырларымызды ұлықтау – біздің борышымыз. Бір Хиуаз ғана емес, қазақтың киелі топырағынан басқа да батыл қыздар шыққан. Ұстанымдары өзгеше келген аруларымыздың кейбірін ел іші жақсы таныса, ал кейбірін әлі күнге дұрыс тани бермейді. Олардың барлығы тек жауға шауып, елді қорғау арқылы қайсарлықтарын білдірмеген.

Өткен ғасырлардан тарихта белгілі қазақ қыздарына біраз шолу жасап өтсек. Мысалы: Рабиға Сұлтан Бегімді алалық. Ол Әмір Темірдің немересі, Ұлықбектің қызы, Дешті Қыпшақтың ханы – Әбілқайырдың әйелі болған. Тарихтан оның білікті, білімді, ақылды болғандығын байқауға болады. Рабиға Сұлтан Бегім Шайбанилер мен Әмір Темір ұрпақтары арасында да ерекше ілтипатқа ие болған. Сондай-ақ, ол ханның төртінші әйелі болғанына қарамастан, ел ішіндегі саяси маңызы бар мәселелерге қатысты ханға ақыл қосып отырған көрінеді.

Келесі кезекте Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның қалыңдығы – Айша Бибі туралы. Айша Бибі жайында тарихи деректер тым аз. Оны сиыр атасы – Зеңгі бабаның қызы дейді. Ол өмірінің ақырына дейін махаббат жолында күреседі. Асқан сұлу қыз бәрібір де ғашығына қауыша алмай өмірден өтеді. Ал Қарахан оған махаббатын білдіру мақсатында кесене салдырып, оған «сен бибі болдың, сен Айша Бибісің» деп үш рет қайталаған. Бибі деген сол замандарда ханның, қағандардың әйелдеріне берілетін лауазым көрінеді.

Енді берірекке қайта оралсақ. Көптеген қазақ қыздары мәдениет жолында да елеулі қызмет етіп, оның дамуына айрықша үлестерін қосқан. «Қазақтың әнін, ұлттық киімі мен салт-дәстүрін өмір бойы серік еттім» деген күміскөмей әнші, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова, Кеңес Одағының және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «қазақтың бұлбұлы» атанған – Күләш Бәйсейітова, Сыр елі, жыр елінің тумасы, Қазақстанның халық әртісі, «Қазақтың Ақбаяны, ақ еркесі, ақ қозысы» – Мәдина Ералиева, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, бұлбұл әнші – Бибігүл Төлегенова секілді даламыздың әнші-құстары жетерлік. Олардың әрбірі өз тыңдармандарын тапқан көпшіліктің көңілінен шыққан дарын иелері. Осы аталған әншілер арқылы әлем елдері қазақ даласының өнерімен танысты. Олар өз жолында үлкен жетістіктерге жете білген.

Өмірге келген соң қоғамға пайдалы болатын істермен шұғылдану қажет. Қолға қару ұстап, жаумен күресу басты міндет емес, маңыздысы – елге адал қызмет қылу. Ал осы жолда жоғарыда есімдері аталған қазақ қыздары халыққа айтарлықтай еңбек етті.

Өмірге басқа көзбен қарайтын аруларымыздың тағы бір тобы шығармашылыққа, ақын-жазушылыққа бейім. Мәселен: Ұлы Отан соғысы жылдары ел қорғаған айбынды батыр атамыз Бауыржан Момышұлының келіні – Зейнеп Ахметова. Ол қазақы дәстүрлерді нәсихаттаушы болып табылады. Зейнеп апамыз ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беріп қараған. Жазушы атасы Бауыржан Момышұлы туралы, салт-дәстүр, ұрпақ сабақтастығы туралы бірқатар кітаптар жазды.

Осындай ел аналарының санатында Қазақтанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова апамыз да бар. Фариза анамыз әйелдер жанының құпиясын, арман-тілегін, махаббатын көп жазған. Дертіне дауаны поэзия әлемінен тапқан ол махаббат тақырыбынан бөлек табиғат, туған жер жайында да қалам тербеткен.

Қазағымыздың «жыр аққуы» атанған Марфуға анамызды да айтпасқа болмас. Марфуға Айтхожина – ақын, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болып табылады. Ол егеменді еліміздің жетістіктерін кең тыныспен толғай білген. Ақынның көптеген шығармалары әлемнің бірқатар тілдеріне аударылған. Марфуға анамыз қазақ елін өзінің әдеби шығармашылығы арқылы танытқан халқымыздың мақтанышы.

Бәрін айтып Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, елімізге еңбегі сіңірген қайраткер анамыз – Рабиға Сыздық жайында айтпай кету теріс болар?! Ақынның ғылыми еңбектерінің негізі қазақ тілі тарихы мен грамматикасы, тіл мәдениетіне арналған. Ерекше айта кету керек, Рабиға Сыздық қазақ жазба әдебиетінің негізін салуда Абай Құнанбаев шығармаларының зор маңызы барын дәлелдеген.

Өткен замандардағыдай қазіргі әйелдер арасында да қаламы ұшталған жазушылар, ақындар, дарынды әншілер, іскер, білімді әйелдер көп десек, сірә, қателеспейміз. Қазіргі қазақ қоғамына елеулі қызмет атқарып жүргендердің қатарына журналист, тележүргізуші әйелдерді де қоссақ болады. Мәселен, Қымбат Досжан, Дана Нұржігіт, Айгүл Мүкейді танымайтын қазақ кемде-кем. Қоғам қайраткері, Қазақстанның бала құқығы жөніндегі омбудсмені, тележүргізуші, актриса, продюсер Аружан Саинның да бүгінгі әлеуметтік өмірге көп пайдасы тиіп жүр. Оның, әсіресе, балаларға қайырымдылық жасау мәселелерін жиі шешіп жүретіні белгілі.

Өткен ғасырдың ізін басқан кеңестік және қазақ эстрадасы әншілері Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісова, қазіргі жастардың арасында кеңінен танымал Жанар Дұғалова секілді әншілеріміз де қалың жұртшылықтың көңілінен шыққан дарын иелері.

Осы орайда халықаралық «Голос. Дети» байқауында жеңіске жетіп, қазақты әлемге танытқан бар болғаны 13 жастағы Данелия Тулешованы ерекше атап өткен жөн. Ол осы дәуірдегі жас талант иесі.

Қорыта айтқанда, қазақ қыздары қай уақытта болмасын өздерінің ерекше қабілеттерін көрсете білген. Бүгінгі қазақ әйелдеріне қарасаңыз, олардың бұрынғылардан үлгі алып жүретіндері байқалады. Бұл – халқымыз қашаннан ұрпақтар сабақтастығын сақтап жүретіндігінің белгісі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button