Жаңалық

Сервантес Институтында өткен тұсаукесер

27 қыркүйекте Сервантес институтының штаб-пәтерінде (Мадрид, Испания) испан тілінде жарық көрген қазіргі заманғы қазақ прозасы мен поэзиясы антологиясының тұсаукесері өтті.
Тұсаукесерге танымал испан жазушылары, аудармашылар, филолог ғалымдар, журналистер және Қазақстанның  Испаниядағы достары клубының мүшелері қатысты. Елімідің тарапынан бұл шараға ҚР Президентінің Көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Константин Жигалов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылған бұл жобаның стратегиялық серіктесі Испанияның Мәдениет министрлігі болып табылады, ал жобаның шығармашылық кеңесшісі – Сервантес Институты. Қазіргі қазақ әдебиетінің екі антологиясын испан тіліне әдеби аудару, басып шығару және тарату жұмыстарын «Visor-Libros» баспасымен жүзеге асырылды. Серіктестердің қолдауымен антологияны дайындауға көркем аударма бойынша  ең мықты мамандар тартылды. Солардың бірі – испан корольдік отбасының аудармашысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мария Санчес Пуиг. Ол қазақ прозасының антологиясы алғысөзінің авторы ретінде испан оқырманына шығарманы таныстырды.

Испан халқына қазіргі қазақ поэзиясын танымал испан ақыны, филолог, Корольдік академиясының академигі Луис Альберто де Куэнко ұсынды. Сервантес Институтының жетекшісі Роза Леон және оның әріптестері Қазақ елінің өз мәдениетімен және әдебиетімен күллі әлемді таныстыруға деген ұмтылысын қолдайтынын атап өтті.

Қазақ оқырмандары біздің ұлы жазушыларымызды, ақындарымыз бен суретшілерімізді жақсы білетіндігіне менің сенімім мол. Ол үшін біз тыңбай еңбек етудеміз. Алайда, шынайы достық пен түсіністік үшін мәдени алмасу өзара тиімді болуы керек. Сондықтан мұндай маңызды жинақтардың жарық көруі біз үшін өте маңызды. Бұл мәдениеттердің шынайы араласуы

– деді Роза Леон.

Өз кезегінде Аида Балаева: «Қазақ әдебиетінің антологиясын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және жариялау  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани Жанғыру» бағдарламасының бір бөлігі. Бағдарлама жобаларының бірі «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» деп аталады. Оның міндеті – қазіргі Қазақстанды өзінің мәдениеті арқылы әлемге таныстыру. Сондықтан, біз үшін ең маңыздысы – испан оқырмандарының жүрегіне жол таба алатын аударманың жоғары көркемдік сапасына қол жеткізу. Осы мақсатта аудармашылар Қазақстанға барып, авторлармен, біздің елмен және мәдениетпен танысты. Олар біздің достығымыздың тасымалдаушысы болды. Мұндай ынтымақтастық қазақ және испан мәдениеттерін одан әрі жақындастыруға және елдеріміздің арасындағы қатынастарды нығайтуға қызмет етеді деп сенеміз» – деп сөз сөйледі.

Қазіргі қазақ прозасының Антологиясы және қазіргі қазақ поэзиясының Антологиясы 10 мың дана тиражбен испан тілінде жарық көрді. Таралым Испанияның кітапханаларын, оқу орындары мен академиялық орталықтарын, сонымен қатар 600 миллион адамдық аудиториясы бар Латын Америкасының 18 елін қамтитын болады.

P.S. «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының мақсаты – тәуелсіздік жылдарындағы әдебиетіміздің, музыка және бейнелеу өнерінің, хореографияның, кино мен театрдың жетістіктерін бүгінгі әлемге таныстыру. Оның аясында қазіргі қазақстандық әдебиеттің екі антологиясы БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, жарық көрді. Бұл «Қазіргі қазақстандық поэзия антологиясы» және «Қазіргі қазақстандық проза антологиясы». Антологиялардың әрқайсысының көлемі 500 парақты құрайды және олардың әрқайсысына 30 қазақстандық автордың туындылары енді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button