Жаңалық

Әйтеке би Байбекұлына 375 жыл

Мақсат – ұлы тұлғаны ұлықтау, жастарға үлгі ету, таныстыру, өмірінің қыры мен сырын ұрпақ жадында жаңғырту.

Әйтеке би Байбекұлы (1644-1700) қазақтың үш ұлы биінің бірі, Кіші жүздің Бас биі. Тәуке хан құрған хан кеңесінің 19 жыл мүшесі болған. Шешендігімен аты шығып «айыр тілді Әйтеке» атанған. Әділ шешімдеріне сәйкес «қара қылды қақ жарған» би атанған тарихи тұлға. Қазақ тарихындағы атақты заң «Жеті жарғыны» жасаушы билердің бірі. Ел бірлігін, бүкіл халықтың, үш жүздің татулығын, ауызбіршілігн сақтауға, нығайтуға саяси-қоғамдық қызмет еткен мемлекет қайраткері. Ел болашағын ойлап, болжаған, көреген кемеңгер. Хан кеңесінде өзінің тың бастамалы ұсыныстарымен ерекшеленген жаңашыл көзқарас иесі. Қалмақтармен соғыста зеңбіректермен от мылтықтармен қарулану қажеттігін және қазақ әскерін басқаратын Бас қолбасшыны таңдауда – қалың халық арасынан шыққан талантты әскери адамды тағайындау туралы батыл, бұрын айтылмаған, ойға келмеген бағалы ұсыныстар айтқан. Кейін оның осы жаңашыл ұсыныстары жүзеге асырылғанда қазақтар соғыста жеңіске жетті.

Ұлы би Әйтекенің өмірі мен халқына қызметі бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жастарына өнеге-үлгі, болашаққа бағдар.

Биыл Әйтеке би Байбекұлының туғанына 375 жыл. Осы датаны атап өтуге Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығы мен Әйтеке би мейірімділік қоры азаматтық қоғам негізінде тарихи-мәдени шара өткізді. Мақсат – ұлы тұлғаны ұлықтау, жастарға үлгі ету, таныстыру, өмірінің қыры мен сырын ұрпақ жадында жаңғырту. Сол арқылы мемлекеттің тарихын білгізу, насихаттау. Тәуелсіздікті тұғырлы ету – тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихын баяндау, санасына сіңіру, мемлекет, отан деген қасиетті ұғымды бағалай білуге тәрбиелеу.

Әйтеке би – ел есінде. Ақтөбе облысында баба атында аудан, темір жол станциясы, көшелер бар. Ақтөбеде, Қарабұтақта әсем де үлкен ескерткіштер орнатылған. Би баба ұрпақтары Ақтөбеде көп тұрады. Жыл сайын Әйтеке би жүлдесі үшін волейболдан, грек-рим күресінен жарыстар өткізіледі, ғылыми конференция, кештер ұйымдастырылады.

Аталған, яғни 12-қазанда өткен шараға тарихшы, филолог ғалымдар, мұғалімдер, Баба ұрпақтары, мәдениет қызметкерлері қатысып пікір алмасты. Кітап көрмесі жасалып, слайд көрсетілді, ән айтылып, күй күмбірледі, жыр-терме төгілді, қазақы салт-дәстүр орындалып үлкендерге құрмет көрсетілді. Шара Әйтеке бидің рухы риза болсын, өмірі жас ұрпаққа өнеге болсын деген аталы сөз батамен қорытындыланды.

Ақтөбе облысы,

 

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button