Жаңалық

«Пішін мен бейне үндестігі»

Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған көрмелер топтамасы «Пішін мен бейне үндестігі» атты тақырыптық қор көрмесінің ашылуымен басталды.

8 қарашада Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған көрмелер топтамасы «Пішін мен бейне үндестігі» атты тақырыптық қор көрмесінің ашылуымен басталды.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Әзербайжан, Чехия, Швеция, Жапония елшіліктерінің, сондай-ақ Корей мәдениет орталығының өкілдері, университет студенттері және мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Көрмені Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов ашып, көрменің маңыздылығына тоқталды:

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасы халықаралық-құқықтық тұрғыдан мойындалды. Қазақ елі мемлекет ретінде әлем картасына енді. Аталған жетістіктердің негізі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көпвекторлы сыртқы саясаты, кәсіби дипломатиядағы шеберлігі. Осы арада екіжақты және көпжақты кездесулер мен келіссөздер аясындағы шетел делегацияларының мемлекетімізге, халқымызға көрсеткен құрметін дәлелдейтін кәдесыйлардың да маңызы зор екенін атап өткім келеді. Аталған кәдесыйлар – жас Қазақстанның сыртқы саясатта жасаған алғашқы қадамдарын, оның ішінде жоғары деңгейдегі Қазақстаннның Тұңғыш Президентінің шетелге жасаған мемлекеттік, ресми сапарлары мен кездесулерін, бүгінде еліміз жүргізіп отырған көпвекторлық сыртқы саясаттың стратегиялық маңыздылығын тағы да растай түседі. Осындай нық орныққан бағдардың түпкілікті қағидаттары мен құндылықтарына бекем болу – біздің мемлекетіміздің даму шарттарына сәйкес келетін сыртқы саясаттың қайталанбас үлгісі», – деді Әмірхан Мұратбекұлы.

Сәндік табақтар тақырыптық топтамасын ғылыми-зерттеу нәтижесінде уақытша көрмелердің өзінде сирек көрсетілетін музейлік маңызы бар бұйымдардың ауқымды экспозициялық тобын қалыптастыруға мүмкіндік туды. Музей жинағындағы 87 сақтау бірлік сәндік табақтар туралы ақпаратты жүйелеу жұмыстары Елбасы кітапханасының ғана емес, жалпы Қазақстан музейлерінің тәжірибесіндегі алғаш рет сыналатын көпшілік бағдарламасынан тұратын ауқымды көрме жобасының негізіне айналды.

Мәдени шараға қатысушылар алған әсерлерімен бөлісті.

Матс Фойер, Швецияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

«Көрмеде өте әдемі, өзіндік ерекшелігі бар жәдігерлер көп болды. Сыйланған әр жәдігерге қарап сол елдің тарихын, дәстүрін, мәдениетін аңғаруға болады».

Ләззат Нұрмағанбетова, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылы № 2 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:

«Бүгінгі көрмеден ерекше әсер алдым. Көрменің тәрбиелік мәні өте зор. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың құрметіне берілген дипломатиялық сыйлықтар топтамасы Қазақстанның әлемдік дәрежедегі орнын көрсетеді. Мұндай іс-шара жастардың тарихқа деген қызығушылығын оятып, елін, жерін сүюге баулитын, патриоттық сезімін ашатын игі бастама».

Айдана Сүлейменова, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылы № 2 орта мектебінің 11 сынып оқушысы:

«Көрмедегі сый-сыяпаттар аға буын өкілдеріне естелік, жас ұрпаққа мұра болып қалады. Мұндағы әр сыйлыққа қарап шетелдіктердің Елбасыға деген құрметін көруге болады. Бүгінгі іс-шараны өткізіп отырған Елбасы кітапханасына алғысымды білдіремін және осындай тарихи маңызы бар көрмелер әрі қарай жалғасын табады деп сенемін».

«Пішін мен өрнектің гармониясы» атты көрме барысында көпшілікке арналған бағдарлама ұсынылды: 2019 жылдың 13 қарашасынан бастап елорда қонақтары мен тұрғындары тегін семинарларға, фильм көрсетілімдеріне, Елбасы кітапханасындағы дәрістерге қатыса алады.

Нұр-Сұлтан қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button