Жаңалық

«Әулиелер ордасы»

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кеңес залында Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық еңбегінің аясында шыққан «ӘУЛИЕЛЕР ОРДАСЫ» атты ғылыми-танымдық мұраның тұсаукесері өтті.

«Әулиелер ордасы» – қасиетті жер атауы.

«Әулиелер ордасы» – қасиетті жерден шыққан дін ғұламаларының жазбасының жинағы.

«Әулиелер ордасы» – дін мен дәстүрдің арасын жалғаған мәдени-рухани мұра.

«Әулиелер ордасы» – Ұлы дала тұлғаларын жас ұрпаққа таныту.

Тарихы мұраны ғылыми түсініктерімен даярлап, оқырманға ұсынғандар – ҚР ҰҒА академигі Д. Қамзабекұлы, арабтанушы М. Смағұлов, дінтанушы К.Тышқан. Редакция алқасы енгендер – С. Қасқабасов, Қ. Мәшһүр-Жүсіп, Б. Көмеков, Е. Арын, С. Аққұлыұлы, Т. Ғабдіжәлелқызы, Р. Айдаболов, Ә. Ғабдіжәлелқызы, Б. Әбдуәлиұлы сынды белгілі ғалымдар, тұлғатанушылар.

Елорда іргесіндегі Ақмола облысы Астрахан ауданының Жалтыр стансасы маңында «Әулиелер ордасы» атты көне қорым бар. Жергілікті жұрт оны «Тоғыз әулие зираты» деп те атайды. Осында ұлттың рухани ағартушылары санатындағы хазіреттер жерленген. Ислам құндылықтары мен ел дәстүрін терең білген Ұлы дала тұлғаларының соңында мол мұра қалған. Алайда, өкінішке қарай, қуғын-сүргін жылдары ұрпағының қолындағы жазбалары тәркіленген, жойылған. Замана нәубетіне қарамай сол кезеңнің елеулі мұрасын «Ғалия» медресесінің түлегі Зияш Алдаргенұлы мен хазіреттер әулетінің өкілі Ғабдіжәлел Садуақасұлы көшіріп алған екен.

Жинаққа мұрасы кірген хазіреттер мен діндар тұлғалар: Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Аббас Омарұлы, Батырқожа Басарұлы, Садық Теңізұлы, Сұлтан Еділбайұлы, Мұқаш Түктібайұлы, Құтан Әлібекұлы, Алдажар Бекенұлы, Жанбатыр Жақыпұлы, Мұса Шонаұлы, Бекберген Тілеуімбетұлы, Баймұхаммет Құлыбекұлы, Айдөке Жаңқұлұлы, Баттал Жүсіпұлы, Шерияздан Ниязмұхамедұлы, Нұртаза Құдайбергенұлы, Баһауддин Айдаболұлы, Баһреддин хазірет бәйбішесі Халима, Әлмұхамед Толқынбайұлы, Қосмұхамет Кенжекейұлы. Бұл жерде Мәшһүр-Жүсіптен басқасының бәрі – «Әулиелер ордасына» (зираттан гөрі рухани-діни мектепке) жақындар немесе бір ортаның тұлғалары. Шетінен – қажылар мен хазіреттер. Жай уағыз айтқан молдалар емес, сөз ұстаған көсем де шешен тұлғалар. Аталған мұраның бір бөлігі қазіргі қазақ қарпіне түсіріліп, тұңғыш рет қалың оқырманға ұсынылып отыр.

ЕҰУ баспасөз бөлімі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button