Жаңалық

Айгүл Иманбаева: «Ұлтыма жаным ашиды»

«Жұлдызбен сұқбат» айдарының кезекті санында ұлттық код туралы, қазіргі қазақ театрлары мен руханиятымыз жайында сөз қозғалады.

2001 жылы «Хабар» телеарнасында көрсетілген «Ұят болмасын» атты ойын-сауық бағдарламасы барлығыңыздың естеріңізде болар?! Сол жобада «Айгүл» есімді келіншектің рөлін сомдап шыққан актриса қалың көпшіліктің ілтипатына бөленген еді. Оның есімі аталса болды, халықтың есіне бірден осыдан 20 жыл бұрын «Ұят болмасында» ойнаған қарапайым қазақ келіні түсетіді.

Өздеріңізге белгілі порталымызда жақында «Жұлдызбен сұқбат» айдары ашылған болатын. Содан бері парақшамызда елімізге белгілі, қоғамға еңбегі сіңген көптеген азаматтармен диалогқа құрылған материалдарымыз жарияланып жүр. Айдарымыздың бүгінгі санында жоғарыда атап кеткен талантты актриса, эстрада әншісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Айгүл Иманбаева.

Ruh.kz: Айгүл ханым, сәлеметсіз бе! Бізбен сұқбаттасуға келіскеніңізге көптен-көп рақмет!

Айгүл Иманбаева: Сәлеметсіз бе! Сіздерге де рақмет!

Ruh.kz: «А.И.» театры жайлы сөз қозғасақ. Театр 2011 жылы қандай мақсатпен құрылды?

Айгүл Иманбаева: Театрдың ашылуына мұрындық болған Тараздың азаматы, Ш. Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, өте талантты режиссер, өнердегі менің әкем – Қуандық Қасымов ағамыз. Театр ашу көптен бері ойымда болды. Қорқақтап, қалай болар екен деп жүргенде: «Қорқатын несі бар? Ал да аш, қорқатын ештеңесі жоқ. Осылай мына Москвада да бір актриса, мына жерде де бір актер өзі ашқан болатын» деп сол кісі шабыттандырды. Сөйтіп, аяқ астынан, еш қорықпастан 2011 жылдың 14 ақпанында Алматы қаласында Жан Ануйдың «Медея» атты трагедиясымен театрымыздың шымылдығын аштық. Өнерде қашанда революция керек. Оны жасайтын біздерміз. Қозғалыс, өзгеріс – өнерге деген, тамшыдай болсын, үлес. Неге әркімнің-ақ бар таласы? Өнердің қай саласында болсын, әрине, ол егер кәсіби болса, қандай дүние ашылса да ешқашан көптік етпейді. Театрды құрудағы басты мақсат осы болды. Былай айтқанда қызық, Мәскеуде баяғыдан бар: әр мектептің өзінің театры қалыптасқан, әр ұстаздың өзінің мектебі бар. Театр өнері Қазақстанда кенжелеп келе жатқан өнер. Себебі театр бізге кейіннен келді.

Ruh.kz: Алматыдан шәкірттеріңіз өзіңізбен бірге келді ме?

Айгүл Иманбаева: Жоқ, мен 4 жыл бұрын «Қазақ ұлттық өнер университетіне» басшылықтың қалауымен, сабақ беруге шақырту алған соң Елордаға келдім. Ұстаздық етемін, шәкірттерімнің барлығы осында.

Ruh.kz: Елімізде қанша театр бар?

Айгүл Иманбаева: Барлығы 53 театр. Жеке театрлар: «А.И.» театры, және бір жылдай бұрын Азамат Сатыбалды ашқан театр. Мәскеуде жеке театрлардың өзі 500-ге жетеді. Мәселен солардың ішіндегі «Ленком», «Фоменко», «Современник» театрлары әр ұстаздың мектебі.

Ruh.kz: Театрдың құрамы, қоржыны, жоспары жайлы айта кетсеңіз?

Айгүл Иманбаева: Көзді ашып жұмғанша 9 жыл өте шықты, 9-шы маусымды да аштық. Оның алдында, 5 жыл Алматыда тұрдық. Елордаға көшкеніме 4 жыл болды. Театрымыздың басым көпшілігін құрайтын өзімнің шәкірттерім, Қазақ ұлттық өнер университетіндегі Айгүл Иманбаеваның шеберханасында білім алып жатқан 4-курс студенттері. Театрымыздың үлкені, анасы ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауареаты, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет атқарып келе жатқанына 40 жылға таяған Гүлжамал Қазақбаева. Ал «А.И.» театрының кураторы – әріптесім, курстасым Бағлан Иманғазиев.

Осы уақытқа дейін біздің театрда Әділбек Тауасаровтың «Махаббат аралы», Сұлтан Раевтың «Ханшаның көз жасы» сияқты түрлі спектакльдер қойылыпты. Бас аяғы 15 спектакль. Жасаған жобаларымыз да бар. 9 жылдың ішінде жеке театрға 15 спектакль қою үлкен жұмыс, үлкен шығын. Репертуарымыз жан-жақты. Тіпті қатарларымыз бен әріптестеріміз: «Айгүлдің репертуары қай жаққа болсын ұялмай апаруға лайық. Оның ішінде Жан Ануйдің де, Жан Расиннің де, Ш. Айтматовтың да, Д. Исабековтың шығармалары да, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуы» да бар» деп айтып жатады. Сондықтан репертуар жағынан жұтаң емеспіз.

Гастрольдік сапарларға шығып тұрамыз. Бізде де өзіміздің көркемдік жетекшіміз, режиссеріміз бар. Директор болғанмен де менің қызметім тек көп жағдайда ұйымдастыру, менеджерлікпен айналысу. Шығармашылық жұмыстың басы-қасында Дина Жұмабаева атты белгілі режиссеріміз жүреді. Осы жақында ғана Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» спектаклін қойдық. Алда 2020 жылға арналған 1 жылдық үлкен жоспар бар. 

Ruh.kz: Бірнеше киноға түсіп, басты рөлдерді де сомдаған актриса ретінде қазақ киносына қандай баға бересіз? Не жетпейді, неге көңіл аударуымыз керек?

Айгүл Иманбаева: Мен дәл кино әлеміне келгенде ауыз толтырып ештеңе де айта алмаймын. Өйткені күні бүгінге дейін «Қазақфильм» шығаратын үлкен-үлкен тарихи картиналарда, киноларда бой көрсеткен жоқпын. Өкінішке орай, бұл менің жанды жерім, жүрегіме әсер ететін тақырып. Мен «Қазақфильмнің» не тарихи, не драмалық, не қомақты киносына әлі күнге дейін түскен жоқпын. Киноға түсуге шақырмайды емес, шақырады. Бірақ жұмыс кестемнен көп адам шошып кетеді. «Сіз қалай үлгересіз? Жоқ, біз сіздің жұмыс кестеңізбен жұмыс істей алмаймыз» дейтіндер бар. Егер айтуға тұрарлық, сондай бір үлкен картина, тарихи дүние болса, мен бәрін ысырып қойып баратын едім. Менің қазір сомдап жүрген киноларымның барлығы «Ғашық жүрек», «Осторожно, корова!» секілді коммерциялық фильмдер болмаса, телеарналар түсіріп жатқан 2-3 маусымнан тұратын «Көзайым» сияқты телесериалдар, телевизиялық ситкомдар. Жаз бойы Алматыда телевизиялық ситком есебінде түсірілген «Бізбен бірге» атты сериалдың түсірілімінде жүрдік. Онда ойнаған өзімнің шәкірттерім: біреуі ұлымды, біреуі келінімді, біреуі көрші келіннің рөлін сомдады. Бұл да, әрине, шығармашылық жұмыс. Дегенмен менің де Сатыбалды Нарымбетов, Тимур Бекмамбетов, Ақан Сатаев секілді ауқымды дүниелерді жасай алатын, жасап жүрген режиссерлердің қолына, қазақша айтқанда илеуіне түскім келеді. Ондай бақыт маған, әзірге, бұйыра қойған жоқ. Сол себепті киноактриса ретінде едәуір пікір айтпай-ақ қояйын. Жай ғана Айгүл, жай ғана халыққа адал қызмет атқарып, өнерін көрсетіп жүрген бір азаматша ретінде өзімнің жеке пікірім бар. Меніңше, қазір кино әлемінде анау жетпейді, мынау жетпейді деген тақырып бәсеңдеген секілді. Өйткені көзің тоятын әдемі-әдемі кинолар түсіріліп, дамып келеді. Әсіресе, қазір «Қазақфильмнің» жұмысы өте тығыз кестемен жұмыс істейтін сияқты.

Ruh.kz: «Екі жұлдыз» шоу бағдарламасынан-ақ көріп шақыратын шығар?! Актриса ретінде жақсы ойнап шықтыңыз ғой.

Айгүл Иманбаева: «Екі жұлдыз» жобасы мен үшін өтіп кеткен кезең. Осыдан 10 жыл бұрынғы бағдарламада да біз финалға шыққанбыз. Бұл жолы да солай. Сондықтан ол мен үшін көрсеткіш емес. Өзін толыққанды әртіспін деп есептейтін өнер иесі «Екі жұлдыз» секілді үлкен жобаларда судағы балықтай жүзуге тиіс.

Ruh.kz: Жасалып жатқан реформалар туралы не ойлайсыз? «Рухани жаңғыру» ұғымын қалай түсінесіз?

Айгүл Иманбаева: «Рухани жаңғыру» бұл бір лозунг немесе үйреншікті айтатын сөз емес. Өкінішке орай, оны жай ғана тілге тиек етіп сөйлейтін болдық қой. Негізі «рухани жаңғыру» деген жақсы тақырып. Өзіңнің салт-дәстүрің, мысалы ертеден келе жатқан «Наурызымыз», жалпыұлтқа қатысты қандай дүние болмасын, барлығы да рухани жаңғыруды қамтиды. Сондықтан біздің ұлттық кодымыз, ұлттық колоритіміз осы рухани жаңғырудың астында. «Рухани жаңғыру» – ұлт есебінде өзіңді өзің жоғалтпай, әркез салт-дәстүріңді, әдет-ғұрпыңды, тіліңді, дініңді, діліңді сақтап тұру. Бір жағынан салт-дәстүр екен дей берсең, оны жастар қабылдамайды, қоғам алға кетіп қалған. Сондықтан өзіміздің дүниемізді, ұлттық құндылықтарымызды қазіргі заманға сай, басқа форматта, жалықтырмайтындай етіп, әдемі қылып, гауһарға, жауһарға орап берсек, жастарымыз: «Ой, мынандай да дүние бар екен ғой», – деп оны қабылдауы мүмкін. Қысқасы, қазақтың ішкі ұлттық коды, өзінің болмысы, ұлттық колориті, ұлттық дүниесінің барлығы да рухани жаңғыруға кіреді.

Ruh.kz: Күнделікті өмірде ұлттық салт-дәстүрлерімізді қаншалықты жиі қолданасыз?

Айгүл Иманбаева: Біз педагогпыз, күндіз-түні студенттермен жұмыс істейміз. Өзіміздің тарапымыздан бүгінгі күні ең үлкен мәселе не болып тұрғанын айта кетейін: «дегенде, жүргенде, мен олаймын, мен тек қаз». Міне, қазіргі жастардың аузынан осы сықылды сөздер шығады. Тіл жоқ. Мынау Ресейге барсаң, орыстар: «Біздің Русь, баяғы орыстың тілдері қалған, қазіргі тіл өзіміздікі емес», – деп зар еңірейді. Мен айтам: «Олар бізді көрсе, ботадай боздайтын шығар», – деп. Біздің тіл тіпті жоғалған. «Рухани жаңғыру» аясындағы біздің ең бірінші күнделікті қолданатынымыз – тіл. Студенттермен жұмыс істеу арқылы тілді төсеп сөйлейтіндерді де, қазақы, таза сөйлейтіндерді де көреміз. Бұл солтүстік, оңтүстік деп бөлінбесе керек-ті. Айналып келгенде идеология. Ұлттың идеологиясы дұрыс жолда болуы керек.

Ruh.kz: Сіз оқуға кеңес беретін 10 кітап?

Айгүл Иманбаева:

1.     Орхан Памуктың «Менің оғаш ойларым» және «Сезім музейі» романдары

2.     Мо Янь «Страна вина» романы

3.     Харуки Муракамидің,

4.     Шыңғыс Айтматовтың,

5.     Дулат Исабековтың,

6.     Оралхан Бөкейдің барлық шығармалары

7.     Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романы

8.     Гузель Яхинаның «Зулейха открывает глаза» романы

9.     Кобо Абэнің «Женщина в песках» романы

10. Өзім жақсы көретін психологиялық кітаптар.

Ruh.kz: Топ 5 ерекше әнші?

Айгүл Иманбаева:

1.     Димаш Құдайберген

2.     Әміре

3.     Жанар Дұгалова

4.     Мейрамбек Бесбаев

5.     Ақбота Керімбекова.

Ruh.kz: Топ 5 театр?

Айгүл Иманбаева: Дүние жүзі бойынша тек Миландағы «Ла Скала» опера театрында болдым. Сол себепті әлемдік топ театрларды айтпай-ақ қояйын. Қазақстандағы бестіктің қатарына:

1.     Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық-музыкалық драма театрын

2.     Алматы қаласындағы «Жас сахна» атты жеке театрды

3.     Қазақстандағы алғашқы «ARTиШОК» тәуелсіз театр компаниясын

4.     «А.И.» театрын

5.     Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жастар» театрын жатқызар едім.

Ruh.kz: Жаңа буын, жастарға айтар ақылыңыз, кеңесіңіз?..

Айгүл Иманбаева: Адам баласы өзі 40-тан асқаннан кейін біреуге ақыл айтқыш боп кетеді екен. Әйткенмен әркімнің ақылы өзіне ғой.

Мен ұлтыма жаным ашиды. Қазақ деген ұлт жер бетінен жоғалып кетпесе екен деп ойлаймын. Сол себепті өзін қазақпын деген әр азаматтың жүрегінің түбіндегі рухы мықты болса екен деп іштей тілеймін. Рухты қыздарымыз бен ұлдарымыз көп болса, ұлт та жоғалмайды. Мен ертең тілімді, салт-дәстүрімді білмесем, онда мен кім болғаным? Мен өзімді қытаймын деп айтамын ба, әлде америкалықпын деймін бе, кім деп айтамын?! Осыны ойласам кәдімгідей жаным шығып кете жаздайды. Ұлтым үшін қатты уайымдаймын. Бұл пафос та, жасандылық та емес. Менің өз-өзіммен қалғандағы, сыртқы Айгүл ішкі Айгүлмен сөйлескендегі жан күйзелісім – менің ұлтымның тағдыры. Сондықтан да әрбір қазақ баласының жүрегінде «Мен қазақпын!» деген рух болса екен деймін.

Ruh.kz: Ашық әңгіме, еркін сырласу, жақсы сұқбат болды. Сізге тағы да алғысымызды айтып, еңбегіңізге жеміс тілейміз!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button