Жаңалық

Маңғыстаулық шопан: «Президент таққан орден бар шопанға ортақ»

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр түрлі салада жетістікке жеткен бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградаларды табыстады. Салтанатты жиынның ерекшелігі, жиналған қауымның арасында Маңғыстау облысынан келген Есет Өтесов есімді бас шопан да бар боп шықты…

Бұл ретте арнайы Ruh.kz порталы оқырмандары үшін Маңғыстауға қайтып келіп, жұмысына кірісіп кеткен Есет ағамызға хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік…

Ruh.kz: Аға, амансыздар ма? Аман-есен елге жетіп алдыңыздар ма? Орденіңіз құтты болсын!

Есет Өтесов: Рақмет! Иә, келіп қойдық. Сол шаруаға қайта кірісіп жатқан жағдай ғой…

Ruh.kz: Есет аға, қалай десек те Ақ Ордаға кіріп, президенттің қолынан марапат алған тұңғыш шопан ретінде тарихта қалдыңыз. Әңгімені осы Президент резиденциясынан бастайықшы. Қалай екен?

Есет Өтесов: Енді, айтарға сөзім жоқ. Сән-салтанаты әлі көз алдымда. Өзім сол резиденцияны былай қойғанда, Нұр-Сұлтан қаласына алғаш келуім. Сөйте тұра бірден Ақ Ордаға кірдім. Тағы мерекелік жиынға қатысып, президентіміздің қолынан марапат алдым. Елорданы да көзбен көрген басқа екен. Қатты ұнады. Осындай астанаңның бары да мақтаныш. Бұған дейін Елбасының Алғыс хатын, облыс басшыларының да марапатын алдым. Бәріне рақмет! Бірақ Ақ Орданың төріне шығарып, құрмет көрсеткен азаматтарға ризамын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Президентіміздің осы марапаты жалғыз маған емес, бар қазақтың шопанына ортақ. Ол кісі қолымды қысып тұрып, алғысын айтты. Далада мал баққан біздің өзімізге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп жатса, алдағы уақытта да жағдайымыз жаман болмаса керек. Ол жерден шыға бере журналистер қоршап алып, сұрақтарын жаудырып жатты. Мемлекет басшысымен күнде жолыға бермейсің, аздап абдырап қалғаным рас. Енді-енді өз-өзіме келіп, болған жайтты көз алдымнан өткізіп жатырмын.

Ruh.kz: Аға, ендігі кезекте өзіңіз жайында, сосын шаруашылығыңыз туралы айта кетсеңіз. Әйтпесе БАҚ-тан тек «Жайлау» ЖШС Бас шопаны…» деп қана оқыдық.

Есет Өтесов: Иә, жалғыз мен емес, отбасыммен, ағайын-туыспен бірге осы шаруаның соңында жүрміз. Әкем марқұм Сираж Өтесов те шопан болған адам. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп бүкіл ғұмырын мал шаруашылығына арнаған адам. Бізді де осы шаруаға жұмылдырған сол әкеміз еді. Аллаға шүкір, кәсібіміздің нәсібін көріп отырмыз. Қарамағымда бірнеше адам жұмыс жасайды. Бір отар қойымыз бар. Таңның атысы, күннің батысы мал соңындамыз.

Ruh.kz: Осыған дейінгі әр түрлі жиындарда президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қарапайым еңбек адамдарын насихаттау керек, марапатты тегіс шенеуніктерге табыстай бермеңіздер деген мағынада пәрмен берген еді. Сізге берілген ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені жаңағы бұйрықтың орындалған белгісіндей көрінді. Есет аға, шопан болғанның қызығы неде, қиындығы неде екен?

Есет Өтесов:Сол қызығынан қиындығы көп-ау. Ерте тұрып кеш жатасың. Шөбін бір ойлайсың. Суын бір ойлайсың. Биылғы қыс та аздап салмақ салып тұр. Азаматжан, реті келгенде айтып өтейін, осы жағдай қиын болып тұр. Астын сызып өтетін бір проблема – су мәселесі. Кәдімгідей қиналып қалатын кезіміз болады. Мал басының санының көбеюін тағы ойлайсың. Қырықтық кезінде де оңай емес. Сенбі, жексенбі, мереке дегенге қарамаймыз. Бірақ қанымызға сіңген кәсіп қой. Таршылық көрген күніміз жоқ. Қой қоздап, айналаң у-шу боп жатқанның өз рахаты бар. Несібемізді алып отырмыз. Ең бастысы, осы іс маған да, менің отбасыма да ұнайды. Оны кәдімгідей абырой санаймыз. Ал, еңбек адамдарын насихаттау, оларды әсіресе жастарға үлгі ету – өте дұрыс саясат деп білемін.

Ruh.kz: Сонда сенбі, жексенбі, мереке күндері деген де жоқ па?

Есет Өтесов: Жоқ, демалыс, мейрам деп бөлмейміз. 365 күннің 365 күні де осы шаруа.

Ruh.kz:Бейнетіңіздің зейнетін көріңіз. Марапатыңыз тағы да құтты болсын. Ендеше осы сәтті пайдаланып, оқырман қауымға Тәуелсіздік күніне арнап жылы лебізіңізді білдіре кетсеңіз.

Есет Өтесов: Рақмет. Әйтеуір ең бастысы тыныштық болсын деймін. Өздеріңдей жастарымыз аман болсын. Елдің еңсесі биік болсын. Далада мал бағып жүрсек те жаңалық тыңдап, жұрттың амандығын тілеп отырамыз. Сөзімізге, ісімізге адал болайық. Әке-шешеміз адал адамдардың жолы әрдайым ашық болады деп үйретіп отырушы еді…

Ruh.kz: Айтқаныңыз келсін, аға!

P.S. Есет ағамыз әңгімесін қысқа қайырды. Көп сөзге жоқ екен. Бірақ ар жақта қуаныштың дауыстары естіліп жатты. Жеңгеміз жан-жақтағы ағайын-туысты жинап, қазанға ет салып, бауырсақ пісіріп, дастархан қамын қылып жатыр екен. Лайым ұзағынан сүйіндірсін!

Азамат Битан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button