Жаңалық

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовқа сұрақ

«Әкімге сұрақ» айдарын ары қарай жалғастырамыз. Айдардың бұл санынан Қызылорда облысының әкімі Ысқақов Қуанышбек Досмайылұлымен өрбіген сұқбатты оқи аласыздар. Өңірдегі тарихи жерлер мен жәдігерлер жайы, жастардың қоғамдық белсенділігі және т.б. мәліметтерді тілге тиек еттік. Мархабат!

Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мектеп оқушысына қалай түсіндірер едіңіз?

Қуанышбек Досмайылұлы: Өздеріңізге белгілі, осыдан екі жыл бұрын жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қоғамда едәуір рухани-мәдени серпіліс тудырды. Жаһандану дәуірінде мемлекетіміз қарыштап дамыған сайын, өскелең ұрпаққа артылар жүк те еселене түсуде.

Дүниежүзінде ең озық дамыған 30 елдің қатарына ену басты мұратымыз екені баршаға белгілі. Елбасы осы жолда өткеніміздің өнегесін ұмытпауға баса назар аударып отыр. Себебі бабадан қалған асыл қазыналарымыз бізге аманат етілген мол мұра. Жаңғыру – рухани азық алу, сананың «көзін» ашу. Өйткені, жастардың санасы ашық болмай, өркениет көшіне ере алмаймыз. Өткеннен сабақ алмай, болашаққа бағдар жасау мейлінше қиын нәрсе. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мемлекеттің мәдени өркендеуін қамтамасыз ететін басты ұстынымыз. Шындығында, мәдениет саласы жүйеқұрушы салаға айналуы тиіс. Сол арқылы еліміздің халықаралық қауымдастықтағы беделі артады, туризм дамиды, жастарымыздың интеллектуалдық әлеуеті күшейеді.

Міндет – бәсекеге қабілетті болу. Ал оған сай болу үшін әрбір қазақстандық жас осы мақалада жазылған талап-міндеттердің негізінде жұмыс жасауы тиіс. Бағдарламаның мақсаты – әрбір жастың бойында ұлтқа деген мақтаныш сезімін қалыптастыру. Әрбір азамат санасына ұлттық кодты берік орнықтыра отырып, батыстық құндылықтарға бетбұрыс жасауы қажет. Сонымен қатар, бағдарлама ұлттық ерекшелігімізді сақтаудың, құндылықтарымызды дәріптеудің басты қайнар көзі болып отыр.

Дүниежүзінде өзінің ұлттық дара сипатын жоғалтып алған және соның салдарынан мәдени тоқырауға түскен қауымдардың көп екенін әсте ұмытуға болмайды.

Қазақтың ұлттық мәдениеті әмбебаптығымен ерекшеленеді. Біздің салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз өзіне дейінгі бірнеше өркениеттердің ең озық дәстүрлері негізінде қалыптасқан. Олардың тереңінде адамға құрмет, қауымдар арасындағы туыстық байланысты күшейту идеясы жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осы құндылықтарымызды кеңінен насихаттауға ұйытқы болуда.

Сондай-ақ бұл Бағдарлама қоғамның әр түрлі өкілдеріне, жастарға, мектеп оқушыларына рухани сілкініс, жаңа көзқарас, патриоттық рух, танымдық даму әкелді.

Ruh.kz: Тарихи-мәдени мұраларды насихаттау бағытында облыстың қосқан үлесі туралы:

Қуанышбек Досмайылұлы: Сәт сайын жаңару үстіндегі жаһандану дәуірінде ұлттық жадымыз бен ел тұтастығын, рухани қазыналарымызды сақтап қалу – аса маңызды.

Облыс бойынша 553 тарихи-мәдени мұра нысандары мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде: 30-ы республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар, 231 ескерткіш алдын-ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізіміне енгізілген.

2013 жылы өңірдің тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми әдістемелік Кеңестің құрылуы саладағы өзекті мәселелерді шешуге және оның ғылыми маңыздылығын арттыруға жаңаша серпін берді. Аталған Кеңестің нәтижелі жұмыстарының бірі ретінде 2018 жылы Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луисте өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитетінің 13-үкіметаралық отырысында Қорқыт ата мұралары мақұлданып, «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ЮНЕСКО-ның тізіміне енгенін айтуға болады. Облыста Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуіне байланысты Қорқыт мұраларын насихаттауға арналған 5 жылдық кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді.

Сонымен қатар, Кеңестің шешімімен облыстық бюджеттен алғаш рет археологиялық зерттеулерге қаржы қарастырылып, 2014-2019 жылдары ежелгі және ортағасырлық Шірік Рабат, Сығанақ, Жанкент, Жент, Сортөбе, Бәбіш мола, Қышқала қалашықтарына және Аралдың кепкен табанындағы Кердері кесенесіне қазба жұмыстары жүргізілуде. Қазба жұмыстары аясында маңызды мәдени нысандар аршылып, Сыр өңірінің археологиясы тың деректермен толықтырылуда. Қазіргі уақытта қазба жұмыстарымен ғана шектелмей, аршылған нысандарды сақтау, қалпына келтіру шаралары қоса жүргізіліп, табылған құнды жәдігерлер облыстық музей қорына жинақталуда. Бұл жұмыстардың нәтижесімен келешекте қалашықтарда археологиялық парк қалыптастыру жұмыстары жүргізілетін болады.

Ортағасырлық Сығанақ қалашығында қазба жұмыстарымен қатар, толық абаттандыру шаралары жүргізіліп, «SYĠANAQ» стеласы орнатылды. Бүгінгі күні Жанкент қалашығында да «Жанкент» стеласы орнатылуда.

Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде музей қорлары 6554 жаңа тарихи, құндылығы жоғары экспонаттармен толықты. Кеңестің шешімімен жүзеге асырылып жатқан ауқымды шаралардың бірі – Сыр өңірінің бірқатар ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жұмыстары.

Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Орта Азияның 4 елі: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларының ескерткіштерін «Жібек Жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансшекаралық номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның тізіміне Сыр өңірінен енгізілетін ескерткіштер сарапталуда.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының екінші кезеңі бойынша шығарылатын «Қасиетті Қазақстан» кітабының ІІІ-томына біздің облыстан жалпыұлттық тізімдегі 12 ескерткіш, өңірлік қасиетті нысандар тізіміндегі 60 нысан енгізілді.

Осы ретте айта кету керек, мемлекет қорғауына алынған ескерткіштерге, киелі орындарға баратын халықтың және туристердің саны күннен күнге артып келеді. Республика бойынша алғаш рет Сыр өңірінде «Тарихшылар мен өлкетанушылардың» облыстық форумы өткізіліп, облыстық музейде жас өлкетанушылар бірлестігі құрылды және «Қасиетті Қазақстан және Археология» залы ашылды.

Ендігі кезектегі міндетіміз – нысандарды жас ұрпаққа, мектеп оқушылары мен студенттер арасында насихаттау, туристік нысанға айналдыру бағытындағы шараларды кешенді түрде ұйымдастыру. Осы мақсатта облыстық тарихи-өлкетану музейі тарапынан өңірдің қасиетті орындары: Қорқыт ата ескерткіш кешеніне, Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Қышқала, Қорасан ата, Оқшы ата кесенелеріне экскурсия, пресс-турлар ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталуда.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Жобалық кеңсе» аясында 2018 жылы қасиетті орындарды сандық форматқа көшіру және олар туралы әлеуметтік желі қолданушыларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2 жоба: Қызылорда облысы бойынша киелі жерлердің 3D форматтағы интерактивті картасы енгізілген сайт (virtualmap.xyz) ашылса, тарих және мәдениет ескерткіштеріне QR-код орнатылды.

Сонымен қатар, биылғы жылы Ресей музейлері мен архивтерінің қорларында сақталған бірегей деректер негізінде «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулерінің тарихы» атты кітап-альбомы, «Қорқыт атаның даналық сөздері» атты кітаптары және 5-7 сынып оқушыларына арналған Қызылорда облысының «ӨЛКЕТАНУ» оқулықтары өңірдің 189 ескерткіші қамтылған «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» атты кітабы жарыққа шықты.

«Өз жеріңді танып, біл!» жобасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан «Жас өлкетанушылар» клубы ашылып, «Сыр өңірінің тарихи тұлғалары жастар көзімен» атты жас тарихшылардың тарихи-танымдық конференциясы ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру» орталығының ғалымдарының ізденістері нәтижесінде атақты ақын, шайыр, шығыс тілдерінің білгірі Т.Ізтілеуовтің бұрын жарияланбаған жаңа жинағы табылды және араб тілінен аударылып, «Алаштың асыл мұрасы» тақырыбында жинақ болып басылды.

Сондай-ақ, «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағыты аясында «Қазалы қазынасы: тарих тудырған тұлғалар» атты аңыз-әпсаналар мен шежірелік баян кітабы әзірленген. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында облыс көлеміндегі жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандарына ұйымдастырылған 44 туристік саяхатқа 1700 бала қатыстырылса, «Village life» кеңселік жоба арқылы 16 саяхатқа 800 оқушы қамтылды. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында биылғы жылы түркі елдері ғалымдарының қатысуымен «Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы, мәдениеті мен өнеріндегі алатын орны» және «Қорқыт ата мұраларының Түркі әлеміндегі рөлі» атты халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Конференция жұмысының биылғы тың жаңалығы Ираннан келген ғалым, коллекционер Вели Мухаммед Ходжа «Қорқыт Ата кітабының» тағы бір нұсқасын таныстырды.

Облыс көлеміндегі тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау, қорғау, пайдалану, насихаттау бағытындағы шараларды жүйелі ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрімен келісілген Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы бекітіліп, нақты шаралар атқарылуда.

Ruh.kz: Сіздің өңірдегі заманауи мәдениет туралы сөз қозғасақ?

Қуанышбек Досмайылұлы: 2017-2019 жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында Сыр бойы өнері мен мәдениетін алыс-жақын шетелдерге таныстыру, насихаттау бағытында облыстық филармония өнер ұжымдарының Орынбор және Ташкент қалаларында гастрольдік концерттері өткізілді. Әзірбайжан Республикасының Баку және Шеки қалаларында, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Ұлыбританияның Лондон қаласында өнер көрсетсе, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры Шотландияның Эдинбург қаласында (Шотландия) өткен «Фриндж» халықаралық фестиваліне қатысса, «Томирис» би ансамблі Біріккен Араб Әмірлігінің Әбу-Даби қаласында өткен шейх Заид атындағы халықаралық мәдени фестивальде өнер көрсетті.

Сонымен қатар, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Ғарышкерлер күніне орай Мәскеудің Кремль сарайында жоғары деңгейде өнер көрсетсе, облыстық филармонияның камералық оркестрі түркі тілдес елдердің қатысуымен Босния-Герцеговина мемлекетінде өткен класикалық камералық оркестрлер фестиваліне қатысты.

Қазақстанның Өзбекстандағы Жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес 2019 жылдың 13-19 тамызы күндері Өзбекстан Республикасында Қызылорда облысының Өнер күндері өткізіліп, Ташкент қаласында «Орта Азия мен Қазақстанның білімі мен мәдениетін дамытудағы Темірбек Жүргеновтың жасампаздық жолы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Өнер күндері аясында Өзбек Ұлттық академиялық драма театрында Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры Р. Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклі, жергілікті суретшілердің туындылардан көрме, Науаи қаласы «Фархат» мәдениет үйінде облыс өнер шеберлерінің концерті және Конимех ауданданында облыстық филармонияның дәстүрлі орындаушыларының экспедициялық концерті ұйымдастырылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Жастар жылы аясында талантты жастарға қолдау көрсету, бейнелеу өнері саласындағы еңбек сіңірген қайраткерлер мен талантты жас қылқалам шеберлерінің басын қосып, көркемсурет саласы бойынша пікірлесу, өзара тәжірибе алмасуды жүзеге асыру мақсатында «Аға ұрпақ өнері жастарға аманат» атты халықаралық суретшілер симпозиумы ұйымдастырылды. Халықаралық симпозиумға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерімен қатар, республикаға танымал қылқалам шеберлері (Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент, қалалары мен Шығыс Қазақстан, Павлодар және т.б.) мен жергілікті суретшілер қатысып, С. Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы жаңа туындылармен толықтырылды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру бағытында халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы бірлесіп түркітілдес елдердің ұлттық фольклорлық музыкалық өнерін дәріптеу, мәдени байланысты нығайту мақсатында 2019 жылғы 20-21 қыркүйек күндері «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі және «Қорқыт ата мұраларының Түркі әлеміндегі рөлі» атты ғылыми-теориялық конференция өткізіліп, фестивальге Түркия, Иран, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Сербия, Саха, Башқұртстан, Татарстан Қырғызстан елдерімен қатар, қазақстандық белгілі ғалымдар, өнер иелері мен шығармашылық ұжымдар қатысты.

«Жаһандағы қазақстандық заманауи мәдениет» арнайы жобасы шеңберінде өңірде халықаралық «Парасатты поэзия» жыр фестивалі өткізілді. Жыр мерекесіне Түркия, Әзірбайжан, Татарстан, Қырғызстан елдерімен қатар республиканың барлық өңірлерінен және танымал ақындар қатысты. Фестиваль бағдарламасы бойынша ақындар үш күн бойы облыс аудандарын аралап, тұрғындармен кездесіп, өлең-жырларымен Сыр халқына рухани азық сыйлады. Шара нәтижесінде, ақындардың өлеңдері қырғыз тіліне аударылып, жинақ болып шықты.

Заманауи мәдени даму тренды осы саланы жүйеқұрушы салаға айналдыруды қажет етеді. Бұл бүкіл әлемдік үдеріс. Осы ретте биылғы жылы Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драм театрының жастар труппасының 9 жас маманы шығармашылық білімдерін жетілдіру мақсатында Орта Азия елдері ішінен тұңғыш рет Ресей Мемлекеттік театр өнері институтында (GITIS) білім жетілдіру курстарынан өтті.

Өнер иелерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 қазандағы №800 қаулысымен Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драм театрына «Академиялық» мәртебесі берілді. Мұның өзі Сыр өнері мен мәдениетіне берілген тағы бір жоғары баға деп білеміз.

Ruh.kz: Сіздің өңірдің мақтан етер батырлары мен замандастары жайлы?..

Қуанышбек Досмайылұлы: Біздің аймағымыз 18-19 ғасырларда ортаазиялық Қоқан, Хиуа хандықтарымен шектескен. Қазіргі Қызылорда қаласы ол кезде Ақмешіт бекінісі деп аталған және Қоқан хандығының батыс шекарасындағы басты тірек пункті еді. Көршілес хандықтармен ірілі-ұсақты қақтығыстар жиі орын алған, соның әсерінен Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Естекбайұлы Бұқарбай, Байбөріұлы Баймұрат, Төлегенұлы Жаңғабыл, Досқанаұлы Жаназар сияқты көптеген батырларымыз тарих сахнасына шықты. Бұлар сондай-ақ, патшалық Ресейдің отарлау саясатына жергілікті патша билігі өкілдерінің қазаққа жасаған озбырлығына қарсы күресті. Мысалы: 1857 жылы қыс айында Қазалы уезінде жергілікті патша шенеуніктерінің озбырлығына төзе алмаған халықты Жанқожа батыр көтерілісіне алып шықты. Өлкедегі осынау батырлық дәстүр, азаттықтың асқақ рухы Ұлы Отан соғысы жылдары да жарқын көрініс берді. 22 қызылордалық Кеңес Одағының батыры атағын иеленді. Олардың есімдері қалалық демалыс паркіндегі арнайы тақталарға өшпестей жазылып қойылды.

Жалпы, батырлық деген абсолютті ұғым емес. Мәселен, еңбек майданының батырлары да біздің мақтанышымыз. Қызылорда өңірінде кешегі кеңестік кезеңде ел мүддесіне еңбек етудің ерекше үлгісін көрсеткен 101 адам Социалистік Еңбек Ері жоғары атағына ие болды. Соның ішінде, атақты күрішші Ы.Жақаев атамыз бұндай жоғары атақты екі мәрте иеленді. Қазіргі замандастарымыз қатарынан олардың ізін Абзал Ералиев, Юрий Пя сынды Еңбек Ерлері басып келеді.

«Сыр елі – жыр елі», – деген ертеден келе жатқан ұғым бар. Тек бір облысты ғана емес, барша қазақстандықтарды әлемге танытып отырған Алмас Алматов, Қаракөз Ақдәулетова, Бағдат Кәрібозұлы, Мұхтар Ниязов, Әсел Далиева, Элизабет Тұрсынбаева, Илья Ильин, Қамшыбек Қоңқабаев, Евгений Демиденко т.с.с. өнер иелері мен спортшыларымыз, ғалымдарымыз бен талантты жастарымыз өңірдің ортақ мақтанышы.

Ruh.kz: Сырдың бойы руханияттан кенжелеп көрмеген. Елдің қамын жейтін, бабын білетін басшысы барда, кенжелеп көрмек те емес! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Ескерту: сұқбат Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз бөлімінің көмегімен дайындалды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button