Жаңалық

McDonald’s Францияны қалай басып алды?

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» туралы шығарылым жалғасады.

Бұл оқиға 1999 жылы тамыз айының бір түнінде басталды. Оқиғаның әлі де қайталануы ғажап емес. Сол жылы жергілікті қой шаруашылығының қожайыны және ауыл белсендісі Хосе Бове бастаған 10 адам орталық Францияның Миллоу қаласындағы құрылысы аяқталмаған McDonald’s мейрамханасын қиратып, шамамен 150 000 долларға жуық залал келтірді. Негізі, бұлар жай бұзақылар емес. Оларды жақтаушылар McDonald’s сату бөлімшесінің қирағанын «қойылымдылық күйреу» деп ұғып, тіпті игі мақсатқа бастама деп тұжырымдады. Бастапқыда шабуылды әділетсіз америкалық сауда саясатына қарсы наразылықтың бір ұшқыны деп таратты. Осы кезде Еуроодақ (ЕО) АҚШ-тан гормондалған сиыр етін импорттауға тыйым салды. Бұл, бірінші кезекте, денсаулыққа зиян деген қауіптен туған еді (алайда Еуроодақ ғалымдары осы мәселе бойынша еш дәлел болмағаны туралы қорытынды жасады). Мұқият талдаудан кейін, Еуроодақ пен АҚШ мүше Дүниежүзілік сауда ұйымы ЕО тыйымдарының сауда ережелеріне сай емес екенін анықтады, сондықтан ЕО-ны тыйымды жоюға міндеттеді, әйтпесе ДСҰ тарапынан жаза тартатынын мәлімдеді. Еуроодақ бағынудан бас тартты, нәтижесінде АҚШ үкіметі ЕО-ның белгілі бір өнімдерінің, оның ішінде фуа-гра, қыша және Рокфор ірімшігі секілді француз тағамдарының импортына 100 пайыздық тариф енгізді. Миллоу қаласының маңындағы фермаларда Бове және басқа да фермерлер қой сүтінен Рокфор ірімшігін алатын. Олар америкалық тарифтерге қатты ашуланып, McDonald’s-тан өш алмақ болды.

Бове және оның отандастары қамауға алынып, оларға айып тағылды. Сол уақытта Францияның Лангедок аймағында калифорниялық шарап жасаушы Роберт Мондави Аниан ауылының мэрі, кеңесі және аймақтық билік өкілдерімен ауылға тиесілі 125 гектар жердегі орманды тау бөктерін жүзім алқабына айналдыру туралы келісімге қол жеткізді. Мондави жобаға 7 млн $ инвестиция салуды жоспарлады, сөйтіп, Еуропа мен АҚШ-та құтысы 60 $ тұратын жоғары сапалы шарап шығармақшы еді. Алайда бұл жоспардың аймақтың тұтас табиғи мұрасын жоятынын алға тартқан жергілікті табиғат қорғаушылар қарсылық танытты. Осы кезде Хосе Бове ерлігі ел аузында жүрді, ол жаһандану процесінің қарсыластарына қолдау көрсетті, көп ұзамай жаппай наразылықтар басталды. 2001 жылдың мамыр айында жобаны құптаған социалистік мэр Мондави жергілікті сайлауда жеңілді. «Ауқатты АҚШ акционерлерін қоршаған орта мен ауыл тұрғындары есебінен мол байлыққа кенелтуге бағытталған капиталистік қастандық» деп айыптаған коммунист Мануэль Диас ескі мэрді алмастырды. Диас жеңіске жеткеннен кейін Мондави жобадан кететінін мәлімдеді. Баспасөз хатшысының хабарламасында: «Бұның зардаптары шаш етектен, мұнда біздің құзырымыздан тыс жеке саяси мүдделер бар», – деп көрсетілді.

Сонымен, француздар шетелдік инвестицияларға қарсы болды ма? McDonald’s және Мондави тәжірибесі осыны меңзейді, жаңалықтарда да оқиға осы сарынмен баяндалды. Бірақ тереңірек таңдасақ, астарлы ақиқатқа куә боламыз. Қазіргі таңда Францияда 1200-ден астам McDonald’s мейрамханасы бар. Осы McDonald’s-тарда 69 000 адам жұмыс істейді. Франция – McDonald’s-тың АҚШ-тан кейінгі ең табысты нарығы. Қысқасы, наразылықтардан кейін 20 жыл өткен соң, Франция McDonald’s-тың беткеұстарына айналды. Сонымен қатар Францияның тікелей шетелдік инвестициялар үшін ең қолайлы орындардың бірі екенін айта кеткен жөн. 2000-2017 жылдар аралығында елге 700 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция салынды. Осылайша ол шетелдік инвестиция үшін Еуропадағы ең қолайлы орынға айналды. Елге келетін инвестициялардың елеулі бөлігін әрдайым америкалық компаниялар қалыптастырған. Француз кәсіпорындары да шетелге қомақты инвестиция салды; мың бір жүзге жуық мультиұлттық француз корпорацияларының басқа елдердегі активтерінің құны шамамен 1,1 трлн долларға тең. Жаһандануға қарсы популистік шерулер француз корпорациялары мен тұтынушыларын да тегі қамтыды.

Дереккөз: «Behind the Bluster», The Economist, May 26, 2001; «The French Farmers’ Anti-Global Hero», The Economist, July 8, 2000; C. Trueheart, «France’s Golden Arch Enemy?» Toronto Star, July 1, 2000; J. Henley, «Grapes of Wrath Scare Off U.S. Firm», The Economist. May 18, 2001, p. 11; United Nations, World Investment Report, 2014 (New York & Geneva: United Nations, 2011); Rob Wile, «The True Story of How McDonald’s Conquered France», Business Insider, August 22, 2014

«Халықаралық бизнес: Жаһандық нарықтағы бәсеке»

Хилл Чарльз, Халт Томас

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button