Жаңалық

«Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауы мәресіне жетті

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын тойлау аясында «Кітап оқып, рухани бай бол!» қалалық байқауын өткізді.

«Кітап оқып, рухани бай бол» – республика көлемінде өткізіліп жатқан ауқымды жобалардың бірі. Әр аймақтағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселері халықтың әртүрлі санатын қамту арқылы халықтың кітапқа деген құмарлығын арттыру мақсатында байқау ұйымдастыруда.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Білімнің салтанат құруы» бағытының негізгі міндеттерінің бірі азаматтардың білім деңгейін арттыру болып табылады. Осыған сай, оқу мәдениетін дамыту және қолдау, ұлы ақын Абайдың шығармаларын кеңінен таратуды мақсат еткен байқау ІІ кезеңнен тұрды.

Елордамыздағы байқаудың І кезеңінде кітапсүйер қауым желтоқсан-қаңтар айлары аралығында өздерінің сүйікті кітаптарынан үзінділер оқып, әлеуметтік желілерге жүктеді. Отандық және шетелдік ақын, жазушылардың еңбектерін оқып, жүзден жүйрік шыққан 10 қатысушы ІІ кезеңге жолдама алды. Жолдама алғандардың ішінде мектеп оқушылары, ЖОО студенттері мен зейнеткерлер де бар.

ІІ кезеңде байқау қатысушылары Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты жасалған викторинада бақ сынасты. 30-ға жуық қатысушы ішінен елордалық №40 мектеп-гимназиясының оқушысы Тойғанбек Динара І орынды иеленіп, жүзден жүйрік шықты. Ал ІІ орынды №63 мектеп-гимназиясының оқушысы Күнекей Жанар, ІІІ орынды Назарбаев университетінің студенті Айтқожин Ақсұлтан иеленді.

Қатысушыларды Абайтанушы, профессор Гүлнар Мұратова, «Рухани жаңғыру» білім орталығының басшысы Айшат Жуасбай, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсе директорының орынбасары Жазира Болтаева, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Әлімжан Әлішерұлы бағалап, оларды арнайы сыйлықпен марапаттады.

«Абай – ұлттың паспорты. Абайдың айтқан сөздері әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жазған «Абай және ХХІ ғасыр» мақаласында Абайдың 175 жылдығына арналған шаралар биыл ғана емес, «Рухани жаңғыру» аясында қайта-қайта оқып, зерттеуіміз керек екенін айтты. Рухани жаңғыру деген – бір нәрсе ойлап табу емес, бар құндылықтарымызды ұлттың рухани санасында қайта жаңғырту. Білім, өнер, музыка ұлтқа бөлінбейді. Абай әлем алыптарымен қатар тұратын тұлға, демек сіздер әлемдік деңгейдегі тұлғаны оқып жатырсыздар», – деді Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлнар Мұратова.

Нұр-Сұлтан қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button