Жаңалық

Анна Франк күнделігінің тұсауы кесілді

Бүгін Елбасы кітапханасында  «Анна Франк. Пана: хат түріндегі күнделік» және «Анна Франк. Тарих сабағы» жылжымалы көрмесінің тұсаукесері өтті.

Шетелдік танымал шығарманы ана тілімізге аудару ісімен айналысқан автор – Раиса Қадырқызы.

Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күніне орайластырылған іс-шаралар «Мәдениет арқылы үнқатысу» атты Елбасы кітапханасының халықаралық жобасы аясында өтті. Оны Израиль мен Нидерланды мемлекеттерінің Қазақстандағы елшіліктері, сондай-ақ «Steppe&World» баспасы бірлесіп ұйымдастырды.

Кітап пен көрменің тұсаукесеріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Ә.М. Рахымжанов, Израиль мемлекетінің төтенше және өкілетті елшісі Л.Вексельман, Нидерланд корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі А.Карстенс, «Steppe & World» баспасының басшысы Р.Сайран Кадер, жергілікті ғалымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, астаналық университеттердің докторанттары мен магистранттары қатысты.

Холокостты айқын бейнелейтін құжаттардың бірін, танымал күнделікті Нидерландтағы фашистік басқыншылық тұсында 13 жасар Анна Франк жүргізген. 1942 жылдың 12 маусымынан 1944 жылдың 1 тамызына дейін күнделік қамтитын уақыт аралығында «панада» фашистерден жасырынған сегіз адам 1944 жылғы 4 тамызда тұтқындалып, концлагерьлерге жіберілді. Сегіз адамның ішінен жалғыз аман қалған Аннаның әкесі Отто Франк қызының күнделігін  жарыққа шығарған (1947). Бүгінде әлемнің 70 тіліне аударылған кітапты «Steppe&World» баспасы қазақ тілінде алғаш аударып, оқырмандар назарына ұсынуда.

«Анна Франк. Тарих сабағы» көрмесінің материалдары алты миллион евреймен бірге Холокост қырғынына душар болған қыз баланың тағдырынан сыр шертіп, түрлі ұлт өкілдерін Анна Франктің әлемі мен тарих беттерінен орын алған қайғылы оқиғамен таныстырады. Ол қудалану қасіреті мен әділеттік зәрушілігін баяндап, Анна Франк оқиғасының маңыздылығын ашады.

«Анна Франк. Тарих сабағы» көрмесін Солтүстік және Оңтүстік Америка, Оңтүстік Африка, Қытай сияқты 60-тан астам әлем елдерінің 12 миллион тұрғыны тамашалап үлгерді. Қазақстанға 3 жылдық уақытқа жол тартқан көрме еліміздің қалаларын аралады.

Көрме 2020 жылдың 16 ақпанына дейін жалғасады.

Басқа материалдар

Back to top button