Жаңалық

Алғашқы қазақ еріктісі

«Өзіңді танытқаның – ұлтыңды танытқаның». Ширек ғасырдан астам уақытын туған жерден жырақта өткізген қазақ туралы не білеміз? Тіпті, оның атымен аттас бірнеше қара нәсілді бала бар. Африка елдерінде 5 мыңнан астам операция жасаған азамат қазір қайда жүр?

Ол қазақтан шыққан Біріккен ұлттар ұйымының халықаралық дәрежедегі еріктісі. Дәрігерлікті өмірлік ту еткен Телжан Жүнісбеков – 1986 жылы БҰҰ-ның халықаралық еріктісі ретінде Кеңес одағынан аттанған 17 дәрігердің бірі. Алғаш рет Бурундиге табан тіреген ол 25 жылдан астам уақыт Африка елдерінде жұмыс істеген. Сол жерде қызмет етіп жүріп, белі ауырып тұра алмай қалған БҰҰ өкілін емдеп шығады. Жазылған азамат хирургтың кәсібилігіне риза болып, ерікті болып жұмыс істеуге ұсыныс жасапты.

БҰҰ еріктілердің еңбек шартын әр 6 ай сайын ғана ұзартып отырады екен. Ал Телжанның келісім-шартын зейнет жасына жеткеннен кейін де жыл сайын созып, тағы бірнеше жыл қызмет етуін өтінген. Қазақстандық хирург Кот-д’Ивуардағы БҰҰ қызметкерлеріне дәрігерлік қызмет көрсетумен қатар, жергілікті халыққа да жәрдем беріп, осы елде хирургия саласының дамуына үлес қосты. Жасы 75-ке таяған Телжан Жүнісбеков бүгінде Алматыдағы медициналық орталықтардың бірінде қызмет етіп жүр. Әріптестері де өз ісіне берілген маманмен жұмыс істеп жүргендерін мақтан етеді. Телжан Жүнісбеков қазақ, орыс тілдерінен бөлек француз бен ағылшын және африкалық тілдердің бірнешеуін жетік меңгерген. Тұңғыш қазақ еріктісі өз еркімен Африка елдерінде қызмет еткеніне еш өкінбейді. Керісінше, санаға көп нәрсені түйіп, адамның адамгершілігі бәрінен биік тұратынын түсінген. Ерікті болу арқылы адамзатқа өлшеусіз пайдаңды тигізуге болады деп есептейді.

Елден шалғайда қызмет еткен дәрігердің көрген-білгені көп. «Ең бастысы, өзім арқылы қазақ ұлттын таныстырдым», – дейді ол. Тіпті жақсылығы өткен онға жуық африкалық балаларына Телжан есімін беріпті.

Алматы қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button