Жаңалық

Павлодарлықтар Наурызды 9 күн тойлауды қолдайды

Наурыз мейрамы қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі болып саналған. Сондықтан бұл мерекені өз деңгейінде атап өту – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Жақында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» Наурыз мейрамын 14-22 наурыз аралығында, яғни 9 күн атап өтуге ұсыныс білдірді. Павлодар облысы бұл ұсынысты қолдайды және оны облыс аумағында жүзеге асыру үшін тұрғындарға арналған ұсыныстар топтамасын ұсынады:

1 күн14 наурыз (сенбі) «Көрісу күні».

Көрісу күніне орай алыста жүрген адамдардың қара шаңырақтарына соғып, үлкен кісілерге, ата-аналарыңызға барып, сәлем беріп, амандығы сұралуы керек. Өздеріңізге белгілі, бұл күні жұрт бір-бірін Ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрайтын, арасы алыстаған ағайын жақындасатын күн.

«Павлодар облысы тұрғындарына бұл күн сенбі күніне келіп отырғандықтан, жаппай туған ауылдарыңызға баруды ұсынамыз» , – дейді Павлодар облысының мәдениет тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов

Ауылға ат басын бұрып, ондағы ағайын-туыстарыңыздың амандығын біліп, туыстық қатынастарыңызды нығайтуға шақырамыз. Әркім өзіне «Мен соңғы рет қашан ауылда болдым» деп сұрақ қойып, «Көрісу күні» – «Ауыл күнімен» ұштасса дейміз. Тіпті ауылға барып, жекелей жүздесуге мүмкіндігіңіз болмаса да, дос-жараң, сыныптастарыңызға қоңырау соғып, әлеуметтік желі арқылы хәл-жағдайын сұрап хат жолдауды ұсынамыз.

Немесе дәл сол күні 12:00-14:00 сағат аралығында облыстық «Халық радиосы» эфирінен мерекелік құттықтау жолдасаңыз болады (Бағдарлама тікелей эфирде жүргізіледі). Сонымен қатар «Көрісу күніне» орай «Көршіңмен көже іш» жобасын ұсынамыз. Ауылда немесе қалада тұрсаңыз да, мерекені пайдаланып, арнайы көже әзірлеп, көршілеріңізге дәм таттырыңыздар.

Тағы бір жоба ұсынып отырмыз: көрісу күнінен бастап наурыз мейрамына дейін әйелдер қауымына, соның ішінде, әжеңізге, анаңызға ақжаулық немесе орамал сыйлау. Бұл бастаманы әлеуметтік желілерде #орамал кілтті сөзі арқылы тарату ұсынылады.

2 күн15 наурыз (жексенбі) «Шежіре күні».

Бұл күні отбасының, ел-жұрттың, жеті атаның тарихы айтылып, шежіресі таратылып, ата-бабаларға құран бағышталуы керек.

Шежіре күніне орай Павлодар облысық мемлекеттік архивінде фотоқұжаттық көрмесі өтеді. Көрмеде отбасы тарихын, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін Қазақ халқының шежіресінің деректері мен құжаттарының коллекциясы көрермен назарына ұсынылады.

Облыс тұрғындарына, әсіресе, жастар қауымына үлкен адамдармен, ақсақалдармен, аталармен жеті атаны түгендеп, еске түсіріп, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларының статусына өзінің жеті атасының шежіресін жазуды ұсынамыз.

3 күн 16 наурыз (дүйсенбі) «Жайлау күні».

Ұлы Наурыз мерекесінде жаратылысты аялау мақсатында табиғат аясында бір күн өткізу маңызды. Осы күні отбасыңызбен серуендеп қана қоймай, көшелердегі қоқыстарды тазартып, тал егіп, көшет отырғызу керек.

Павлодар облысының тұрғындарына еліміз бойынша кеңінен қолдау тапқан «Біз біргеміз» акциясын жалғастыруды ұсынамыз. Аулаларды қардан тазартып, ретке келтіру жұмыстарына белсене атсалысу ұсынылады.

4 күн17 наурыз (сейсенбі) «Дархандық күні».

Бұл Волонтерлердің қатысуымен игі істер күні. Бұл күні мүмкіндігі келетін бір жақсы істер жасалуы керек. Қайырымдылық және волонтерлік іс-шараларға белсенді қатысып, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету, үлкен кісілерге, қарт адамдарды күтуге назар аударылуы қажет. Қайырымдылық акцияларға қатысу мен волонтерлік шараларға атсалысу наурыз мейрамының дәстүріне айналуы қажет.

Бұл күні волонтерлердің қатысуымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Павлодар қаласындағы Абай көшесін қардан және қоқыстан тазалауды ұсынамыз. Барлық еріктілерді тазарту жұмыстарына сағат 11:00-де шығуға шақырамыз. Сондай-ақ сол күні ауылдық жерлерде Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына орай обелисктерді тазалауды ұсынамыз.

5 күн18 наурыз (сәрсенбі) «Шымырлық пен шеберлік күні».

Наурызды тойлаудың бұл күні ұлттық спортқа және шеберлікке арналады.

Осыған орай салауатты өмір салтын дамыту мақсатында облыстың туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен 18 наурыз күні сағат 07.30-да «Ertis promenade» сахнасының жанынан бастау алатын жалпыхалықтық жүгіруге шақырамыз. Жалпы осы күннен бастап тұрғындарға таңғы жүгірісті әдетке айналдыру ұсынылады.

Шеберлік өнер бойынша Григорий Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде студенттердің қолымен жасалған әртүрлі техникадағы бұйымдар «Ою-өрнек әлемі» көрмесінде ұсынылады. Көрме бойынша тақырыптық экскурсиялар, шеберлік сабақтар өткізіледі.

Сондай-ақ Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыка драма театрында 18-19 наурыз күндері, сағат 18:30-да өтетін Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» лирикалық драмасының премьерасына шақырамыз.

6 күн 19 наурыз (бейсенбі) «Зияткерлік күні».

Осы күні балалардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылуы керек. Бұл күні Павлодар облысының тұрғындарына балаларды кітап оқу мәдениетіне баулу қажет деп ойлаймыз. Ата-аналардың балаларымен кітапханаға бірге барып, оларға қажетті кітаптардың таңдап беруі ұсынылады. Баланың бір кітапты оқып шығуы – көптеген басқа процестерді алмастыратын еске салып кеткен жөн.

Сол күні Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбепап ғылыми кітапханасында «Бақ берекем, құт мерекем – Әз Наурыз» атты фольклорлық кеш өтеді. Кеш барысында оқушылар арасында мақал-мәтел сайысы ұйымдастырылады. Екібастұз қаласының «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде «Домбыра дастан» атты домбырашылар байқауы өтеді.

7 күн20 наурыз (жұма) «Жоралғы күні».

Бұл күні ұмыт бола бастаған жоралғылар жаңғыртылады, барлары заман талабына сай дамытылады.

Осы күні ата-аналарға Ұлыстың ұлы күндері аралығында балаларға ерекше көңіл аударуды, оларға «Наурыз сыйлық» жасап, бірге мәдени орындарға барып, демалысты отбасымен өткізуді ұсынамыз. «Жоралғы күні» Наурыз мерекесіне орай облыстық музейлер келушілер үшін тегін жұмыс істейтін болады. «Ertis» мультимедиялық музейінде Санкт-Петербургтің «Мысырлық мумиялар. Тарих қойнауында» атты көрмесіне баруды ұсынамыз. Көрме 5 сәуірге дейін өтеді.

Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай көркемсурет музейінде «Ақынмен серуендеу» атты кескіндеме, графика, мүсін көрмесі өтуде. Экспозицияда Абайдың көп қырлы бейнесін әлемдік маңызы бар тұлға ретінде ашқан атақты қазақстандық және ресейлік авторлардың кескіндеме, графика және мүсін туындылары қойылған. Көрме 20 сәуірге дейін жалғасады.

8 күн21 наурыз (сенбі) «Ұлттық тағамдар күні».

Павлодар облысының тұрғындарына қазақ халқының ұлттық тағамдарын дәріптеу мақсатында тек 21 наурыз күні емес, 14 наурыздан 22 наурызға дейінгі аралықта 9 түрлі ұлттық тағам жасауды ұсынамыз. Одан кейін ұлттық тағамдарды дайындау отбасының апталық ас мәзіріне кіруі ұсынылады.

«Ұлттық тағамдар күніне» орай «Замандас» қоғамдық қорымен облыстық көркемсурет музейінде наурыз көже дайындаудан шеберлік сағаты өтеді.

9 күн22 наурыз (жексенбі) «Бұқара күні».

Павлодар облысында Наурыз мейрамына орай 300-ден астам мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар өтеді. Бұл музейлер мен кітапханалардағы тақырыптық көрмелер, конкурстар, фестивальдер, театрлардағы спектакльдер, мерекелік концерттер, ойын-сауық бағдарламалар, сондай-ақ спорттық жарыстар мен турнирлер, жастар КВН-дері және түрлі акциялар.

Орталық алаңда қала тұрғындары мен қонақтары үшін 22 наурыз күні 7 ауыл тұрғызылады: Абай ауылы, Әл-Фараби ауылы, Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылы, Шәкірім Құдайбердіұлы ауылы, Бауыржан Момышұлы ауылы, Майра Шамсутдинова ауылы, Иса Байзақов ауылы.

Сонымен қатар «Ұлы даланың қолөнері», «Ән-шашу», «Балдәурен», «Шымыр», «Тіршілік», «Наурыз-арт», «Әзіл әлемі», «Наурыз думан», «Ырыс» атты 9 түрлі аймақ жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар Наурыз мейрамына дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай 11, 12, 14 наурыз күндері аралығында Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыка драма театрында Мұхтар Әуезовтың «Ерте ояндым, ойландым…» (Жас Абай) трагедиясының премьерасы өтеді.

Мінеки, осылайша Наурызға құрмет ретінде, Жаңа жылды қарсы алуға қатысты әрбір күнге мән мен маңыз берілуі мейрамның дәреже деңгейін көрсетеді емес пе?! Ендеше осындай игі бастамаларды ескере келе, Наурыз мейрамын тойлауды жұртшылық арасында насихаттайық.

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button