Жаңалық

Sandi Beksirga: «Ұжымымда қазақтілді, қазақы мінезді қыздар көп»

Әсем болып көріну – үлкен өнер. Ол асқан шеберлікті талап етеді. Сұлулықтың сырын үйрену әсте қиын емес. Тек қажырлы еңбек қажет. Өздеріңіз білетіндей, өкінішке орай, адамдардың дені әдемілік сыйлай білуді төменгі сатыдағы мамандық санайды. Мыңдаған аруларға сенім ұялатып, көрік берген, әлемнің 50-ге жуық сән мектебіндегі ең үздік ұстаздардан сабақ алған қазақтың қарапайым қызы Sandi Beksirga ханыммен (шын есімі – Сандуғаш) аз-кем әңгіме өрбіткен едік. Мархабат!

Ruh.kz: Сәлеметсіз бе, Санди ханым?! Кәсібіңіз туралы сөз тарқатсақ. Барлығы неден басталды?

Sandi Beksirga: Сәлеметсіз бе?! Ең бірінші, бұл мамандықты қалай бастадым? 2009 жылы әкем мен анам мені қолдап, оқуға жіберді. Оқу бітіргеннен кейін қалтамда бар-жоғы 500 теңге болды. Ешкім жұмысқа алмады. Көшеде келе жатсам, жолда гамбургер сатып тұр екен. Соңғы 100 теңгеме соны алдым. Бір шақырту алып, салонға бара жатыр едім. Клиенттің баласы ауырып, келе алмады. Қалтамда ақшам жоқ. Сонда да еш мұңаймадым. Салондағыларға көрсетпей, жылағым кеп тұрса да: «Келесі жолы шақырсаңыздар, тағы да келемін», – деп, нөмірімді қалдырып кеттім. Сол күні оңашада қатты мұңайып, көзіме жас алдым. Өзіме: «Алла Тағала, осыдан қолым жүріп, атақты визажистердің қатарына қосылайыншы. Жеке ұшақ жалдайтындай күйге жетіп, атым жер жаратындай Санди Бексырға болса екен», – деп тіледім. 10-15 сағатқа дейін ұйықтамай, жұмыс істеген сәттерім де болды. 1 тиынды 2 тиынға қосып, еңбектендім. Диля Абдуллаева есімді кісіден тәлім алдым. Шәкірттерінің ішінде ең үздік болып шықтым. Түрлі түсірілім алаңдарына апарды. 2 жылға жуық айлықсыз жұмыс істедім. Елімізге белгілі әншілердің біразымен жақыннан таныстым. Өзіме берген сөзімде тұрып, Алла Тағаланың маған берген бағы мен әке-шешемнің ақ батасы, тәрбиесінің арқасында 10 жылдың ішінде осындай биік белестерге жеттім.

Ruh.kz: «Дискотека 80-х» фестивалінің жұлдызы, әлемге әйгілі әнші C.C.Catch-тің жеке бет әрлеушісі екендігіңіз көпшілікке мәлім. Таныстығыңыз неден басталды?

Sandi Beksirga: 2016 жылы Алматы қаласында жыл сайын өтетін «Алматы – моя первая любовь» атты музыкалық ретро-фестивальдің кезекті концерті болды. Бірақ мен ол жерде жұмыс істемедім. Жұмысымда қыздарға жиналыс жасап отырған кезде ватсап желісіне шетелдің нөмірінен қоңырау келіп, түсті. C.C.Catch-тің көмекшісі екен. Ол орысша сөйлейді. Ұлты неміс, Қазақстанда туылған. Ғаламтор желісінен бірнеше визажистерді қарап, арасынан менің жұмысымды таңдап, шақырды. Барып, алғаш рет C.C.Catchті көрдім. Жасаған макияжымды қатты ұнатты. Өзінің жасынан 10-15 жасқа жасарып кетті. Келесі кездесу 2017 жылы Мәскеу қаласында болды. Өздері жолымды төлеп, шақырды. Есімде, 16 қараша болатын. Шамамен 16-17 адам сол күнге маған макияжға жазылып қойған. «Қолыңыз бос па, Мәскеуге ұшып келе аласыз ба?» – деп өздері хабарласқан кезде жұмысымның барлығын ысырып қойып, ұшып кеттім. Кетерде клиенттерімнің барлығынан кешірім сұрап, қыздарға тапсырып, 50% жеңілдік жасадым. C.C.Catch ханыммен жұмыс істеу жолымды ашып берді. Қандай тірлік істесең де, уақытында істеу керек. «Темірді қызғанда соқ», – дейді қазақ. Әрбір сәтті құр жібермедім. Сол сәттердің барлығы менің өмірімді өзгертті. C.C.Catchпен жұмыс істеп келе жатқаныма осымен төртінші жыл. Өте қарапайым, жақсы адам. Қазіргі таңда C.C. Catchтің оң қолы болып, оның сенімді адамдарының қатарына кірдім. Немістермен жұмыс істеу – өте қиын. Олар тазалыққа қатты қарайды, жұмыстан кешікпеуді сұрайды. Соның арқасында тәртіпті, кәсібилікті үйрендім. Әлемдік деңгейдегі әншілердің қарым-қатынасын, өзінің командасына көрсететін сүйіспеншілігін көрдім. Тілді дұрыс білмесем де, шүлдірлеп сөйлесем де шашын да, макияжын да жасауға тырыстым. Шаш жасайтын шебер емеспін. Бірақ оған барлығын істей алатынымды айттым. Қазақстанға келіп, өзімнің шаш жасайтын шеберлерімнен үйреніп алдым. Өнердің қай саласына болмасын тез үйреніп кететін икемім бар. Қазір, Аллаға шүкір, ол кісімен әрдайым бірге ұшып, сапарлас болып, жұмыс істеп келеміз.

Ruh.kz: Сұлу да сүйкімді дауысымен дүние жүзі халқын таңқалдырып жүрген Димаш әншінің сізбен жұмыс істеуіне не түрткі болды?

Sandi Beksirga: Димашпен бұрыннан таныспыз. 2017 жылы Қытайға бармас бұрын бірге жұмыс істегенбіз. Димашпен жұмыс істесем екен деп қатты армандап, Алла Тағаладан сұрадым. Бір бейнебаянын түсіретін кезде мен жұмыс істейтін болдым. Басқа бәсекелестер жұмысымды тартып алды. Димаштың директорына шыққан. Сол күні: «Керек емес, сіздерге рақмет», – деп, мені қуды. Өзіме қатты ренжідім. «Неліктен ол адаммен жұмыс істей алмай жүрмін, не себеп екен?» деген ой маза бермеді. Алайда көп ұзамай осы жылдың қаңтар айында анасы өзі хабарласып, Димашпен жұмыс істегенімді қалады. Осының барлығы жай емес деп ойлаймын.

Ruh.kz: «Армандар орындалады» деген сөзді жиі айтасыз. Осы туралы жас буынға не айтар едіңіз?

Sandi Beksirga: «Армандар орындалады» деп әрдайым айтып жүремін. Өйткені, армандар шынымен де орындалады. Тек оған жай армандап қана отыра бермей, үлес қосып, әрекет ету қажет. Қалағаныма қол жеткіздім, осымен болды, жетеді деп айтпауымыз керек. Әрдайым білімімізді шыңдай беруіміз қажет. «Оқыған озады, оқымаған тозады», – дейді. Оқудың арқасында осындай дәрежеге жетіп, әлемдік деңгейдегі әнші Димашпен бірге жұмыс істеп жүрмін. Ондай бала енді Қазақстанда туыла ма, туылмай ма, білмеймін. Ұлтымызды жер-көкке сыйғызбай мақтап, домбырамызды күмбірлетіп, күйімізді ойнап, дүние жүзін дүр сілкіндірген Димаш Құдайбергеновтың жеке бет әрлеушісі болу үлкен мақсатым болған. Соған жеттім.

Қайсар мінезім әкеме, еңбекқорлығым анама тартқан. Бәрі де тәрбиеге байланысты дейді ғой. Қарапайым отбасынан шыққанмын. Анам – аспазшы, әкем жүк көлігін айдаушы болып жұмыс істеді. Дегенмен кішкентайымнан жақсы өмірге құмар болдым. Жақсы киім кигім келетін және өзім киім тігетінмін. Оқу бітіргеннен соң дизайнер мамандығына тапсырдым. Бұл мамандықтың жолында жүрмесем де, келешекте жалғастырамын деген ойдамын. Сол себептен не істесек те, тек жақсылыққа жоруымыз керек.

«Өмірде мамандық таңдаудан қателеспеу керек» деген бар. «Өз тағдырың өз қолыңда, армандар орындалады» деген мотивациялық сөйлемдерді жиі айтамын. Өйткені «Жақсы сөз – жарым ырыс». Не қалаймыз сол орындалады. Неден қорқамыз, сол қорқыныш келеді.

Басында бет әрлеушімін дегенде көбісі түсінбей, дұрыс қабылдамайтын. Сән салонында жұмыс істеу кейбір адамдар үшін төмен іс саналынады. Сұлулық сыйлай білудің өзі – өнер. Осы жылдарда қаншама қыздың бет-жүзін бояп, өзгертіп, олардың өмірге деген тынысын аштым. Өз-өзіне сенімсіз қыздарға сенімділік сыйладым. Өзімді құдды қолында сиқырлы қылқаламы бар суретші сезінемін. Басынан бастап бүгінгі өмірімді көзіме елестеттім. Әлем жұлдыздарымен гастрольдік сапарлар, керемет залдар, концерттер, көптеген әдемі қалалар… Бұның бәрі түс емес, менің арманым еді. Қазір сол арманыма қол жеткізгеніме қуаныштымын.

Жастардың көбі маған ұқсағысы келеді. Болсын, менен де асып кетсін, жақсы жетістіктерге жетсін деп тілеймін. Қазір дамыған мемлекеттердің қатарынанбыз. Сұлулық индустриясы көп елде әлі дамымаған. Қазақстан өте жоғары деңгейде өсіп келеді. Әрбір қыз өзіне жақсы күтіммен қарап, дұрыстап боянуды үйренсе де артық болмайды. Менің «Әдемілік – әлемді құтқарады» деген қағидам бар. 10 саусағыммен қылқаламды (кисточка) ұстап жүріп, дүние жүзінің ең мықты отельдерін, ресторандарын, ұшақтарын, көліктерін көрдім. Бақ кез келгенінің басына бірден қона бермейді. Еңбек етіп, сынаққа шыдайтын, мақсатқа жете алатын, кішіпейіл жандарға қонады. Менсінбеушілік болмау керек. «Мен Санди Бексырғамын», – деп өзімді биік ұстасам, ешқашан көтерілмес едім. Қарапайым адамдармен де, биік дәрежедегі кісілермен де сол қатарлы араласамын. Қарамағымдағы әрбір жұмыскеріме де дұрыс қараймын. Салондарымның бір тал шегесі түссе де өз қалтамнан шығарып, қағып жүргендердің бірімін. Көбісі әке-шешесі, туған-туысы мықты болып, қолдау танытатын адамы болуы керек деп ойлайды. Әр адам өзіне-өзі қолдаушы. Өзіңді-өзің жеңуің керек. Сонда ғана сен көшбасшы боласың.

Жас буынға айтарым, «Еңбек түбі – береке». Адал еңбек пен үлкен құлшыныс-тілектің арқасында барлығына қол жеткізуге болады. Егер бір істі бастаған болсаң, ыстық-суығына төзіп, соңына дейін баруға тырыс.

Ruh.kz: Мақсатқа жетудің 5 жолы:

Sandi Beksirga:

1. Еңбекқорлық

2. Адалдық

3. Шыдамдылық

4. Мінез

5. Қайсарлық

Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» ұғымын қалай түсінесіз?

Sandi Beksirga: «Рухани жаңғыру» – қазақи салт-дәстүріміз, тарихымыз, ұлттық құндылықтарымыздың жаңаруы. Өз басым өте патриот жанмын. Қазақ тілі мен үшін бірінші орында. Ұжымыма да ылғи қазақтілді, қазақы мінезді қыздарды тартамын. Барлық сән салондарымның дизайны қазақы нақышпен оюланған. Келген қонақтарға үлкен қонақжайлылық танытып, әртүрлі ас-дәм (бауырсақ, қымыз, шұбат, құрт, ірімшік, қазы-қарта, шай) ұсынамыз. Қыздарымыздың киімдері де дәстүрге сай ою-өрнекпен тігілген. Бұл стильді қалыптастыру менің бұрыннан келе жатқан арманым еді.

Ruh.kz: Қазақстанға белгілі көптеген жұлдыздармен жұмыс істейсіз. Отандық шоу-бизнес өкілдері ұлттық құндылықтарға қаншалықты мән береді?

Sandi Beksirga: Иә, біз Қазақстандық шоу-бизнестегі көптеген жұлдыздармен жұмыс істейміз. Олар бізге әрқашан сенім артады. Ұлттық құндылықтарды көбісі дәріптейді. Әндері, бейнебаяндары, образдары жағынан қазақи жандар көп. Соның ішінде Мөлдір Әуелбекова, Тамара Асар, Қарақат Әбілдина, «Асыл» тобы, Айнұр Тұрсынбаеваларды ерекше атап өтер едім.

Ruh.kz: Еркін сұқбатыңызға шексіз алғыс айтамыз! Кәсібіңіз өрлей берсін!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button