Жаңалық

Маркетинг дегеніміз не?

Бизнестің басқа кез келген функциясымен салыстырғанда маркетингтің тұтынушыларға қатысы өте жоғары.

Маркетингтің егжей-тегжейлі анықтамаларын қарастырсақ, олардың ішіндегі ең қарапайымы: маркетинг – тұтынушы тартып, олармен пайдалы қарым-қатынасты басқару. Маркетингтің екіжақты мақсаты – жоғары құндылыққа уәде беріп, жаңа тұтынушы тарту және құндылық пен қанағаттандыру арқылы қазіргі бар тұтынушыларды сақтап, санын арттыру. Мысалы, Nike күнделікті спортпен шұғылданатын адамдарды «Өзіңді шыңдай бер» деп ынталандыру әрі көмектесу арқылы бәсекелестерінен озып келеді. Amazon клиенттеріне «интернетте сатып алуға болатын нәрсенің бәрін тауып беру» арқылы онлайн сатып алудың әлемдік тәжірибесін қалыптастырған онлайн нарық ретінде басым түсті. Facebook 1,5 миллиардтан астам белсенді веб және мобайл нұсқа қолданушысын «өмірінде бар адамдармен байланыс орнатуға» көмектесу арқылы өзіне тартты. Coca-Cola «күнделікті сәттерді ерекше етіп рақатқа бөлейтін» өнімдерімен «Сезімнің дәмін тат» ұранын жүзеге асырып, газдалған сусындар нарығында жаһандық үлестен 49% иеленді, ол Pepsi үлесінен екі есе артық.

Қисынды маркетинг кез келген ұйымның табысты болуында маңызды рөл атқарады. Google, Target, Procter & Gamble, Coca-Cola және Microsoft сияқты ірі коммерциялық компаниялар маркетингті пайдаланады. Колледж, аурухана, музей, симфониялық оркестр, тіпті шіркеулер сынды коммерциялық емес ұйымдар да маркетингке жүгінеді. Сіз маркетинг туралы бұрыннан білесіз, өйткені ол бізді айнала қоршап тұр. Маркетингтің көңіліңізге жақын ескі, дәстүрлі түрлері: жақын маңдағы сауда орталығында толып тұрған өнімдер; көгілдір экранға шығып жатқан, журналдарды түрлендіретін және поштаңызды толтырып жіберетін жарнама. Бірақ соңғы жылдары маркетологтар бейнелі (веб-сайт пен смартфон қосымшаларындағы блог, онлайн видео мен әлеуметтік медиаға дейінгі) жаңа тәсілдерді қолдана бастады. Бұл жаңа тәсілдер хабар санын арттырып қана қоймай, жетістікке жеткізіп те келеді. Олар тікелей, жеке әрі интерактив түрде жетеді. Қазіргі маркетологтар өміріңіздің бір бөлігіне айналып, өзі ұсынатын брендтермен тәжірибеңізді байытқысы келеді. Олар өз брендін ұсыну арқылы өміріңізді жақсартуға ықпал етуге ниетті.

Маркетинг анықтамасы Маркетинг дегеніміз не? Көп адам маркетинг деген сату мен жарнама деп қана ойлайды. Күн сайын жан-жағымыздан, көгілдір экраннан көрсетілетін жарнама роликтері, каталогтар, сауда агенттерінің өнімді мақтауы және онлайн-трансляциялар көздің жауын алады. Алайда сату мен жарнама – үлкен маркетинг мұзтауының ұшар басы ғана. Бүгінгі таңда маркетингті «айту және сату» деген көнерген түсінігінде емес, тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру деген жаңа мағынасында түсіну керек. Маркетолог тұтынушыны тиімді түрде еліктіріп, оның қажеттіліктерін түсіне білсе, тұтынушы үшін құндылығы жоғары өнім әзірлеп, бағасын белгілеп, оны тиімді таратып, ілгерілетсе, ондай өнімдер жылдам сатылады. Менеджмент гуруы Питер Друкер айтқандай: «Маркетингтің мақсаты – сатуды қажетсіз ету». Сату мен жарнама – тұтынушы тартып, олардың қажеттіліктерін қанағаттандырып, қарым-қатынас орнату үшін бірлесе жұмыс істейтін маркетинг құралдары жинағы болатын үлкен маркетинг-микстің бір бөлігі ғана.

Неғұрлым кең тұрғыдан қарастырсақ, маркетинг – жеке тұлғалар мен ұйымдар құндылықтар құрып, оларды басқалармен айырбастау арқылы қажетіне қол жеткізетін әлеуметтік және менеджерлік процесс. Ал тар бизнес-контексте маркетинг тұтынушылармен табысты әрі құндылықтарға негізделген қарым-қатынас орнатуды білдіреді. Осылайша маркетинг – компаниялар тұтынушы тартып, олармен берік қарым-қатынас орнатып, олар үшін жасаған құндылығының қайтарымына пайда алатын процесс.

Филип Т. Котлер
Гари Армстронг

«100 жаңа оқулық» жобасына енген «Маркетинг негіздері» кітабынан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button