Жаңалық

Екеуі де майданнан оралмады...

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі соғыс жылдарындағы әйелдер туралы ақпарат жинайтын «Сөнбесін, ана, шырағың» республикалық жобасын іске қосты.

Жоба мақсаты – тарихи естелікті, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, жастардың өз әулетінің, халқының және елінің тарихын зерделеуге қызығушылығын оятып, ықыласын арттыру, олардың алғыс пен құрмет сезімін елжандылық пен мақтаныш сезіміне ұластыру.

Бұл жоба екі ұлы бірдей майданға кетіп, оралмаған 1900-ші жылғы Бақытжан Еңсебаеваның өмір тарихынан бастау алды.

«Бақытжан Еңсебаева 88 жыл ғұмыр кешкен екен. Өле-өлгенше қос боздағын көруден күдерін үзбепті. Соғыс басталған шақта небәрі 15-те болған үлкені майданға аттанғанша асық болыпты. Қайта-қайта арыз, өтініш жазыпты, бірақ, тек 1943 жылы, 18-ге толғанда ғана соғысқа жөнелтіліп, бір айдан соң-ақ хабарсыз кетіпті. Екінші ұлы да соғыста қаза тауыпты», – дейді «Atamnyn amanaty» ҚБ басқармасының Төрағасы Мұрат Молдағалиев.

Молдағалиевтің айтуынша, Бақытжан Еңсебаева Қамысты ауданына қарасты Ұрқаш кентінің іргесіндегі зиратқа жерленген. Қазір ол елді мекенде азын-аулақ шаңырақ қана тұрып жатыр. Өткен жылдары Бақытжан Еңсебаеваның моласы қараусыз қалған, өйткені, көз қырын салатын адам жоқ.

«Біз Қостанай облысының әкімшілігіне өтініш білдірдік. Әкімнің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жүндібаев Марат Күнісбайұлының, Қамысты ауданының әкімі Бекмұхамедов Ғазиз Ерболатұлының қолдауымен марқұмның бейітін қалпына келтіріп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Біз әрі қарай да осындай тарихи деректерді жинап, мүмкіндік болса, еске алу кештерін өткізуді, сондай-ақ, ұлдары/жарлары/әкелері майданға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен әйелдер туралы тарихи фильмдер сериясын түсіруді жоспарлап отырмыз», – деп ойын ортаға салды Мұрат Молдағалиев.

«Atamnyn amanaty» ҚБ барша қазақстандықтарды осы жобаға атсалысып, Ұлы Отан соғысына қатысқан ата-әжелері мен туған-туыстары жайлы тарихи оқиғалар мен естеліктерін ортаға салуға шақырады.

Байланыс желілері:

Тел.: +7 776 828 45 35

         +7 776 828 45 34

Почта: ata.amanaty@gmail.com

Instagram: @ata.amanaty         

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button