Жаңалық

«Ағажай Алтайдай жер қайда…»

Қазақстанның сегізінші кереметі болуға лайық табиғат ғажайыптары өте көп. Аптаның әр дүйсенбі күні шығатын, Open Qazaqstan айдарының кезекті тақырыбы – Катон-Қарағай ұлттық саябағы жайлы болмақ.

Катон-Қарағай ұлттық саябағы туралы не білесіз?

Катон-Қарағай саябағы 2001 жылы ұйымдастырылған еліміздегі 7-ші табиғатты қорғау орны. 7-ші саябақ 7 кереметтен кем емес. Оны іздеген адам «Ағажай Алтайдай жер қайда-ай!» деп бабаларымыз әсем әнге қосқан атақты Алтай тауының етегіндегі (Шығыс Қазақстан облысы) Катон-Қарағай ауданынан табады.

Катон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы – еліміздегі ең үлкен саябақ.

Табиғаты көрікті мекеннің басты ерекшелігі – жасыл желекті орманы. Орманның көп бөлігі қылқан жапырақты өсімдіктер класынан тұрады. Атап айтсақ, шырша, балқарағай, сағызқарағай, самырсын, қайың, көктерек секілді ашық тұқымды өсімдіктері талай туристердің назарын аударған.

Еліміздің шығыс өңірінің кең көлемді жерінде жайылып жатқан табиғи саябақтан өсімдіктің 1000-нан аса түрлерін кездестіре аласыз. «Қазақстанның Қызыл Кітабына» енгізілген өсімдіктерінің саны 30-ға жуық. Олар: алтын тамыр, алтай рауғашы, марал түбірі және тағысын тағы.

Саябақта жануарлар әлемінің 350-ден аса түрі тіршілік етеді: 70-ке жақын сүтқоректі, 10-ға жуық балық, 2 бауырымен жорғалаушылар, 5-тен аса балық, 300-ге тарта құстардың түрлері мекендейді. «Қызыл Кітапқа» енген құстары: ұлар, қара дегелек және т.б.

Алтай тауларының нышаны – ілбіс (қар барысы). Қар барысынан соң ерекше қорғалатын сүтқоректі жануары – Алтай арқары. Ол арқарлардың ішіндегі ең ірісі. Құлжасының салмағы – 200 кг.

Саябақтағы Белуха тауы, Көккөл сарқырамасы, Берел қорғандары, Рахман қайнарларының термальды бастаулары, Ұлы Жібек Жолының Солтүстік тармағы, Алтын Тармақ іспетті табиғат сыйлаған баға жетпес орындар халықаралық мәртебеге ие.

Катон-Қарағайдағы ең үлкен су қоймасы – Бұқтырма.

Ірі көлдері – Үлкен Рахман, Язевое, Черновое және Марал.

Ұлттық саябақ 2014 жылы ЮНЕСКО-ның ерекше қорғауға алған қорықтарының қатарына енді.

Саябақ аумағында тарихи-мәдени орындар да өте көп. Мысалы Бұқтырма өзенінің жанынан б.з.д. ІV ғасырға жататын сақ тайпасының Берел қорғаны табылған.

Туристерге жол ашық!

Арнайы 13 маршрут-соқпақ салынған:

1-бағыт – «Ақ Берел»

2-бағыт – «Алтай соқпақтарымен»

3-бағыт – «Көлді»

4-бағыт – «Марал соқпақтарымен»

5-бағыт – «Тихое көліне»

6-бағыт – «Бұландыкөл көліне»

7-бағыт – «Туған өлке»

8-бағыт – «Берел қорғандарына»

9-бағыт – «Сарымсақты»

10-бағыт – «Тасшоқы»

11-бағыт – «Орман жолдары»

12-бағыт – «Ирек»

13-бағыт – «Бүркітауыл»

«Ақ Берел» туристік маршруты «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде шетелдік туристерді қабылдады.

Саябақта бірнеше курорттық орындар бар. Мысалы «Баян-Сұлу» емдеу-сауықтыру орталығын айталық. Шипажай маралдың мүйізін арнайы технология көмегімен қайнатып, сорпа жасайды. Келушілер сорпаға түседі. Ем-дом процесі 5-7 күнге созылады (жай профилактика 5 күн, диагнозбен келсе, 7 күн ). Біркүндік емделу құны – 24 000 тг. Оның ішіне барлығы кіреді (тамақ, жататын орын, ем қабылдау). Тағы бір пантамен емдейтін жер – «Нұрбұлақ» санаторийі.

Нұр-Сұлтан қаласы мен Өскемен қаласының арасы – 1038 шақырым. Катон-Қарағай облыс орталығынан 263 км қашықтықта орналасқан. Елордадан Өскемен қаласына дейін ұшақпен (1 сағат, 40 мин), «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызымен (16 сағат, 50 минут) жетуге болады. Пойыз аптасына 3 рет қатынайды. Таксимен шамамен 13-14 сағатта (948 км), автобуспен шамамен 17-18 сағатта жете аласыз. Өскеменге жеткен соң Катон-Қарағайға дейін автобус немесе жеңіл көлікпен баруға болады (500 км).

Катон-Қарағай МҰТС-ның ресми сайтына өту үшін

 

Басқа материалдар

Back to top button