Жаңалық

Ашамайға мінгізіп, ұл қызығын көргейсің...

Көшпенді қазақ халқында төрт-түлікпен, соның ішінде жылқы малымен байланысты жөн-жоралғылар өте көп. Баласына бәсіре ретінде тай атайтын салттың бірі – ашамайға мінгізу. «Ашамайға мінгізіп, Көш алдына жүргізіп, Алашқа атын білгізіп, Ұл қызығын көргейсің» деген көне жыр жолдарына қарағанда бұл дәстүр біздің халықта ерте заманнан қалыптасқан. Сонда осы «Ашамайға мінгізу» салтының құндылығы неде, жас балаға қандай тәлім-тәрбие береді?

Ер бала қанша жасқа толғанда атқа мінген?

Бала 6-7 жасқа келгенде есейіп, үлкен өмірмен таныса бастайды. Сүндетке отырғызбас бұрын, 4-5 жасында оған арнайы тай атап, «ашамайға мінгізу» салтын орындайды. Тайдың орнын кейде құнан не дөненмен алмастырады.

Ашамайдың түрі қандай болады?

Қазақта ұлға немесе қызға «ашамай ер» арнайы жасалыпты. Ұл баланы үш-төрт жастан бастап атқа мінуге үйрету айырықша маңызды саналған. Ашамай ерді жасау аса күрделі емес. Ердің алдыңғы қасы мен артқы қасы екі айыр, биік етіп жасалып, екі ұшында тесігі болған. Баланы ерге отырғызғанда сол тесіктен таяқша өткізіп, ат үстіндегі баланы мықтап ұстатады. Аяғын үзеңгі қапқа кигізеді. Ашамайдың үзеңгі қабы «тепкішек» деп аталыпты.

«Ашамай тойын» қалай өткізеді?

Ежелде ата-бабамыз баласына жеке тай атайтын сәтте «ашамай тойын» өткізген. Ауыл-аймақты шақырып, аламан той жасап, көкпар тартқызған. Себебі ашамайға мінгізу – атқа отыру ер бала үшін маңызды міндет саналған. Ашамайға мінгізбес бұрын тайының ер-тұманын әзірлеп береді. Ұлттық нақышта безендірілген киімді киген балаға шашу шашылады. Аттың жал-құйрығына, шапанына және бас киіміне шоқтап үкі тағылады. Ақсақалдар тілек-батасын жаудырады. Ашамайға мінген соң бала барлық көрші-қолаң, туыс-бауырларды аралап жүріп, үлкендерден көрімдік алады. Көрімдікке көбіне атқа қажетті дүниелер беріледі. Ер бала – елінің келешек қорғаушысы. Ашамайға отырған күннен бастап ол жаңа кезеңге қадам басып, өмірдің жаңа парағын ашады.

Атқа мінудің тәрбиелік мәні неде?

Алғаш атқа мінген балада сенімділік пайда болады. Мұны сүндетке отырғызуға дайындық десек те қате емес. Өйткені ашамайға мінгеннен кейін оның бойындағы отансүйгіштік, ержүректік, қайсарлық секілді қасиеттер нығая түседі. Табандылыққа үйретеді. Бір сөзбен айтқанда баланың сана-сезімін жетілдіреді. Атқа мінгізетін кезде үлкендер оған: «Ат жалын тартып мінетін үлкен азамат атандың, енді бала емессің, ер азаматсың, еліңнің қорғаушысысың» дегенге ұқсас терең шабытқа толы сөздер айтып жас баланың көңілін марқайта түскен. Ашамайға алғаш мінген балаға абыз қариялар: «Жолсыз жерде жол баста, Жаугерлік болса қол баста. Сәйгүлігің сай болсын, Тілегім осы әу баста! Әмин, аллаһу әкпар!» деп бата беретін болған.

Ашамайға мінудің қандай пайдасы бар?

Атқа міну – үлкен өнер, спорт. Ол қай адамның болмасын денсаулығына оң әсерін тигізеді. Ашамайға мінген баланың омыртқасы дұрыс қатаяды. Жігерлі, салмақты, тақымы мықты шабандоз болады.

Бүгінгі балаларға «ашамай тойын» өткізе ме?

Ертеректе көшпелі қазақтың күнделікті бүкіл тұрмыс-тіршілігі малшаруашылығымен байланысты болды. Сондықтан бұрын 4-5 жастағы бала атқа қонып, бір қора малды бір өзі күзеткен. Өкінішке қарай, ғасырлар бойы ата-бабамыз зор құндылыққа балаған төрт-түлікті бағу тәсілі бұл күнде түбегейлі өзгеріске түсті. Қазір ашамайға мінетін жастағы балалардың атқа мінгені былай тұрсын, тірі үй жануарларының түрін жақыннан көрмегені көп… Әсіресе, қалалық жерде тұратындар үшін ауылдағы жылқы, түйе, қозы-лақты көру – хайуанаттар бағына кіргендегі сезіммен бірдей болды. Не десек те, ащы шындық осы.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы – Н.Ә. Назарбаев жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында көптеген, ұмыт болған ұлттық құндылықтар: салт-дәстүрлер, ұлттық ойындар және т.б. қайта жаңғырып, барлық ақпарат көздерінен жариялануда. Жоғарыда айтылған «ашамайға мінгізу» салты да бірте-бірте жаңғырып, халық қайтадан үзбей орындайтын рәсімдердің қатарына кіреді деген сенімдеміз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button