Жаңалық

Covid-19. Әлем Құрбан айтты қалай атап өтеді?

Пандемия адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігін ғана емес, тұтас елдің бағытын, мерекелерге деген көзқарасын өзгертті. Мәселен, биыл Құрбан айтты да айрықша атап өтеміз. Біз ғана емес, әлемнің өзге елдері де өзгеріс енгізуге мәжбүр. Бүгінгі мақаламызда солардың бірқатарына тоқталып өтетін боламыз.

Алдымен өзіміз жайлы. Құрбан айт мерекесі Ғұламалар кеңесінің бекітуімен биыл 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Пандемия кезінде мешіттердің жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, ниет еткен әр адам айт намазын өз шаңырағында оқиды. Сондай-ақ құрбандық шалудың да ережесінде өзгеріс бар: кез келген азамат құрбан шалуға онлайн түрде тапсырыс бере алады. Осы мақсатта qurban2020.kz сайты іске қосылған. Сол жерде құрбандық шалуға онлайн тапсырыстар қабылданады.

Бір қарағанда бұл формат көзге түрпідей көрініп, құлаққа ерсі естілетіні рас. Пандемия алдында ұйқыға кетіп, кеше ғана оянған адамға осы өзгерісті айтсаңыз, қайта талып түсуі де мүмкін. Дегенмен жаһанды жайлаған індетті бастан кешірген сіз бен біздің бұл үлгіге әлдеқашан үйреніп, әрбір өзгеріске бой ұсынғанымыз рас. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», – деген жолдарды қазақ қоғамы бұрынғыдай ерекше түсініп отырған да болуы керек.

Ал әлемнің өзге елдері биыл Құрбан айт мерекесін қалай атап өтеді. Сол жағына тоқталып көрсек.

Сауд Арабиясы

Жыл сайын Құрбан айт кезінде Меккеге ағылушылардың саны миллиондап саналады екен. Мәселен, былтыр қағбаны 2,5 миллион адам айналған. Алайда биыл Сауд Арабия билігі бар-жоғы 1000 адам қабылдайтынын ғана хабарлады. Онда да барлық сақтық шаралары қатаң сакталуы тиіс. Жердегі тастартың барлығы антисептикпен өңделіп, қажылығын өтеушілердің барлығы бетпердемен жүрулері керек. Ал қағбаны қолмен ұстауға болмайды.

Индонезия

Индонезияда 267 миллионға жуық халық тұрады. Елде эпидемиялық жағдайдың ақырындап оңалып келе жатқанына қарамастан биыл Құрбан айт мерекесі атап өтілмейді. Барша мұсылман қауымға айт намазын үйде оқуға кеңес берді. Дегенмен пандемиялық жағдайы жақсарған аймақтарда ашық алаңда жамағатқа аздап жиналуға болады.

Қырғызстан

Пандемия Қырғызстанды да айт-намазынан бас тартуға мәжбүр етті. Бұл шара елде коронавирус індетінің жайылып кетпеуі үшін жасалып жатыр. Қырғызстан Мұсылмандары Діни Басқармасы барша халықты биыл Құрбан айтты өз шаңырағында атап өтуге, қонаққа бармауға шақырды. Сондай-ақ, биыл Қырғызстаннан қажылыққа ешкімнің де бармайтыны белгілі болды.

Өзбекстан

Өзбектер Құрбан хайит дейді. Олар діни дәстүр бойынша атап өтпек. Бірақ карантиннің барлық шаралары сақталуы тиіс. Яғни, биыл айт намазы үшін жамағатқа бар болғаны 20 минут уақыт берілген. Намаздан кейін халық бірден тарқап кетуі тиіс. Ал сәждеге жығылғандар бетперде тағып, бір-бірінен кемі 1,5 метр алшақ тұрулары қажет.

Тәжікстан

Биыл Тәжікстанда Құрбан айт мерекесінде айт намазын жамағат болып оқымайды. Ниет еткен әрбір жан айт намазын үйде оқуы тиіс. Сондай-ақ, Құрбан айт кезінде мұсылмандардың көпшілігі мола басына барып, ата-бабаларына құран бағыштайтыны бар. Тәжікстанның Ислам орталығы халықты биыл бұл шарадан бас тартуға, тым болмаса, Құрбан айт кезінде адам шоғырын көбейтпеу үшін мола басына күні бұрын баруларын сұрайды.

Түркменстан

Тіпті, COVID-19 ауруын ресми түрде мойындамаған Түркменстан да биыл Құрбан айт мерекесін атап өтуден бас тартты. Жергілікті билік «Ауадағы денсаулыққа зиян келтіретін шаңның көптеп тараралуына байланысты биыл Құрбан айт мерекесін әр шаңырақ өз жақындарымен үйде атап өтсін» деген қаулы шығарды.

Татарстан

Татарстанда да коронавирустың өршіп тұруына байланысты аймақта Құрбан айт орталықтанған жүйе бойынша атап өтілмейді. Мұсылмандар діни басқармасы имамдарға айт намазын мешіт сыртында, яғни ашық ауада өткізуге кеңес берді. Онда да айт намазына тұрған жамағат ара-қашықтықты сақтауы керек. Сәждеге жығылған бір адамға 4 шаршы метрден және бәрі бетперде тағып, қолдарына маска киюлері қажет.

Ресей

РФ Мұсылмандары Діни Басқармасының Хафиздер кеңесі барша жамағатты құрбандыққа бөлінген ақшаларды мұсылмандардың қайырымдылық қорларына аударуға шақырды. Өз кезегінде қайырымдылық қорлары оқшау түрде құрбан шалып, оны мұқтаж жандарға таратпақ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button