Жаңалық

Ұршық иіре аласыз ба?

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «ұлттық бірегейлікті сақтау» бағыты бізді басқалардан айрықша етіп көрсететін ұлттық рухымызды сақтауға бағытталған.

Бұл- ұлттық дәстүрлеріміз бен салтымыз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз бен өнеріміз, біздің дастарханымыз бен ұлттық ойындарымыз.

Осы бағыт аясында Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, Нығыман Алшынов атындағы Жалаулы орта мектебінде» аясында «Ұршық иіру» онлайн іс-шарасы іске асырылды.

Іс-шараның мақсаты-жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды игерту, ұлттық қолөнерге, қазақ халқының мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттыру, ұршық көне затының тарихын білу және иіру тәсілдерін үйрету, салт-дәстүрімізді жаңғырту.

Сонау замандардан көненің көзіндей боп жеткен мұраны көздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпақ арасында насихаттау бүгінге парыз. Өйткені, бұл өнер түрі мәдениеті дамымаған кезеңдерде-ақ өз өміршеңдігін дәлелдеп қойғандай.

Қазіргі таңда тоқыма өндірісі жедел дамып, түрлі техникалар іске қосылғанымен, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған кей ауылдарда қарапайым ұршықтың дәурені әлі де өте қоймағандығын мойындаған жөн. Себебі, бұл асыл мұра қашанда өз өміршеңдігін жоймақ емес.

Аталмыш іс-шарада Жалаулы ауылының тұрғыны Алмагүл Қаппасова немерелеріне ұршық иіру жолдарын түсіндіріп, қыр-сырларын көрсетіп, бейнеролик @zhalaulymektebi инстаграм парақшасында жарияланды.

Айта кететін жайт, жіп иірудің екі түрлі құралы бар. Бірі – ұршық болса, екіншісі – аяқпен айналдыратын жіп иіруіш. Сондай-ақ жүн иірудің де екі әдісі бар: шүйдені сол қолдың сыртына іліп қойып иіру және шүйдені жоғарғы үйдің қабырғасына іліп қойып иіру.

Қатысушылардың бірі ««Нығыман Алшынов атындағы Жалаулы жалпы орта білім беретін мектеп» ММ-нің 8-сынып оқушысы Насихат Мухамеджанова аталмыш іс-шарадан алған әсерімен бөлісті:

– «Ұршық иіру» іс-шарасына қатыса отырып, біраз нәрсені үйрендім. Сырттай қараған жанға оңай болып көрінгенімен, бір таяқтың бойына иірілген жіпті ұқыпты жинай білу де өнер екенін ұғындым. Өзге өнер түрі секілді өз заңдылықтары бар бұл өнердің де иіру, жүнді шүйделеу, дайын болған жіппен тоқыма тоқудың өз заңдылығы бар.

Шеберлік сабағында оқырмандар ұршық иірудің техникасымен, иірудің қыр-сырларын және қазақ халқы үшін маңыздылығымен танысып, үйренді.

«Нығыман Алшынов атындағы Жалаулы жалпы орта білім беретін мектеп» ММ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Маржанкүл Амзешқызының айтуынша:

– Іс-шара нәтижесінде оқырмандардың қолөнер техникасы туралы білімдері кеңейді және олар шеберлік сабағында игерген дағдыларын тәжірибе жүзінде қолдана алуға мүмкіндік алды.

Павлодар облысы

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button