Жаңалық

Павлодарлық жастар жалғызбасты зейнеткерге үй салып берді

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Шарбақты ауданы Есілбай ауылының белсенді жастары зейнеткерге екі бөлмелі үй салып берді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

«66 жастағы Гүлнаш апамыз жалғыз тұрады. Есілбай ауылында үйі болған еді. Өткен жылы бір бөлмесінің шатыры түсіп кеткен және жөндеуге келмейді. Ол өзі ешкімнен көмек сұрап, жүгінген емес. Зейнеткерге ауыл жастары өздері үй салып беруге ниет білдірді. Бастапқыда апамыз ұялып, бас тартқан болатын. Бірлігі жарасқан жастар қысқа уақыттың ішінде баспана тұрғызып берді. Осы аптаның аяғында есігін салып, ақтау жұмыстарын аяқтайды», – дейді Шарбақты ауданы ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сержан Иманқұлов.

Сауабы мол игі іске білек түріп, жұмыла кіріскен 30 шақты адам құрылыс материалдары мен керек-жарақ сатып алған. Бұған қоса, зейнеткерге жайлы жағдай жасау үшін тоңазытқыш, газ плитасы және кір жуатын машина сияқты тұрмыстық техникаларды сатып алып бермек.

«Екі жылдан бері тұрып жатқан әке-шешемнің үйінің төбесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болатын. Мен ешкімге салмақ салып, көмек сұрағым келмеді. Әркімнің өз отбасы мен жұмысы бар. Бірақ жастардың өздері қолқа салып, көмек көрсетуге ниет білдірген соң меселін қайтарғым келмеді. Ауланың ішінен үй салып, электр сымдарын тартты, құрылысты аяқтауға таяп қалды. Құрбан айт мерекесінде де назардан тыс қалдырмай, көмек көрсетіп тұрады. Олардың бұл істеріне ризашылығымды білдіремін. Алла разы болсын! Өзгелерге жасаған жақсылықтары өздеріне еселеніп қайтсын», – дейді зейнеткер.

KazInform

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button