Жаңалық

Құрақ көрпе қалай тігіледі?

 «Ауыл клубы 4.0» жобасы жүзеге асуда

Ғасырлар бойы уақыт елегінен өтіп ұрпақтан – ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнер бабалардан қалған мәдени мұрамыздың ең құнды қазыналарының бірі. Еліміздің алға қойған бағытының бірі – мәдени құндылықтар мен дәстүрді дамыту болып табылады. Осы бағытты ескере отырып, көнере бастаған қолөнерді бүгінгі күнде дамытып, қолданудың маңызы өте зор. Өңірімізде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде облыстық «Ауыл клубы 4.0» жобасы да бар. Жоба нақты 7 бағыт бойынша жүзеге асуда. Олар: «Dancing», «Ауыл туралы кино», «Домбыраны ұлықта», «Қол өнер – зор өнер», «Таңғажайып ауылым» фото көрмесі, «Ауыл кеші қызықты» және «Мәдени еріктілер» бағыты.

Аталмыш жобаның «Қол өнер – зор өнер» бағыты бойынша Баянауыл ауданында құрақ құрау өнерінің қыр – сырын насихаттап жүрген Сәуле Әбілдинова құрақ құрауды үйренуге ниетті ауыл келіншектеріне шеберлік сабағын өткізді.

Қатысушылар екі күндік шеберлік сабағында оюлы құрақ көрпе, оюлы жастықша және ыстық табақ астына қоятын төсеме тігуді үйренді. Ісмер әйел оюдың дұрыс ойылуын, оның матаға қондырылуын, іс тігу машинасын баптауды және қолөнер әлемінің өзіндік тәсілдерімен бөлісті.

Құрақ көрпе тігу.jpeg

Сәуле Әбілдинованың: «Ұлттық қолөнерімізді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету – менің алға қойған мақсаттарымның бірі. Шеберлік сабағы нәзік жандыларды ұлттық ою-өрнектерінің түрлерімен таныстыруға және оларды тігуді үйретуге бағытталған. Онымен қоса бұл жаңа таныстық, бір-бірімен тәжірибе алмасудың зор мүмкіндігін тудырып отыр».

«Әр түрлі мата бөлшектерінің түстерін үйлестіріп құрақ құрау – бұл нағыз өнер. Осындай керемет өнермен танысып, тігу тәсілдерін меңгергенімізге ризамыз», – дейді қатысушылар.

Шеберлік сабағының нәтижесінде тігіншілеріміз«Арқармүйіз» және «Қосмүйіз» өрнектелген құрақ көрпелер мен жастық тысын тікті.

Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсібі мол кәсіп, ұлттық өнер. Оған жастардың қызығушылығы да жоғары. Демек, қызығушылық бар жерде көрпе құрау сан қырлы идеялармен жаңара жетіліп, жалғаса түседі деуге болады. Қолөнерімізді дамытып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат етсек, ұлттық мұрамыз өшпек емес!

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button