Жаңалық

Оралда Абай даңғылы ашылды

2020 жылдың ақпан айында қала әкімдігіне Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалы атынан қаламыздағы негізгі көшелердің біріне Абай есімін беру жөнінде ұсыныс түскен болатын.

Ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысын алып, бүгінде Еуразия даңғылы ресми түрде Абай даңғылы болып өзгерді.

 

Ұлы ақын атауы берілген даңғылдың ашылу рәсіміне БҚО әкімі Ғали Есқалиев, қазақ өнерінің абызы, Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, журналист Мереке Құлкенов, ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы Жүрсін Ерман, композитор, әнші, Қазақстан халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, халық жазушысы, ақын Жұбан Молдағалиевтің жұбайы Софья Молдағалиева, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева және өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Биылғы жыл – Абай жылы. Ұлы ақынға арнап республикалық, облыстық, қалалық деңгейде көптеген игі шаралар өтіп жатыр. Абай ақынға арнаған шара бүгінде өз мәнін жоймайтынына куәміз. Күн санап көркейіп келе жатқан қаламызда биыл Абай алаңы абаттандырылып, ақынның қара сөздері жазылған тақтатастар орнатылды.

Сонымен қатар, Қалалық әкімдіктің қолдауымен Абай даңғылының ашылуы аясында даңғыл бойында орналасқан бірнеше аялдамалар Абайдың қара сөздері жазылған билбордтармен, лэд экрандармен жабдықталды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button