Жаңалық

Муссон желдері туралы не білесіз?

Бабаларымыз жүздеген мың жыл бұрын жұпыны қайық жасап, оны Афроеуразияның жиегіндегі жерлер мен кейбір аралдарды игеруге пайдаланды. Алайда адамзаттың көз жетер құрлықтан арғы мұхит суларын зерттеуі кеш басталды.

Муссон желдері – Үнді мұхиты мен Қытай теңіздері арасындағы ұзақ қашықтыққа жүзуге бағыт берген маусымдық қозғалмалы желдер.

Муссон желдерінің маусымдық жүйесі мен Үнді мұхитының солтүстігінен мыңдаған, тіпті одан да көп жыл бұрын Араб теңізі, не Бенгал шығанағы арқылы қажырлы теңізшілердің қарабайыр қайықтар мен батыл жүзіп жүруіне жағдай жасады. Әйтсе де Атлант пен Тынық мұхиттардың алыптығы сонша, бар-жоғы 500 жылдан сәл-ақ уақыт бұрын адамзаттың ашық мұхитты айнала жүзуге батылы жетпеді. Тынық мұхит Атлант мұхитына қарағанда әлдеқайда ауқымды жерді алып жатыр. Ол Құрама Штаттардан он бес есе үлкен, Атлант мұхиты бұл елден алты жарым еседей үлкен. Дегенмен Тынық мұхит аралдары Атлантикадағыдан біршама көп – 25 мыңға жуық. Шамамен б.з.д. 1600 жылдар мен б.з. 1000 жылдары арасында полинезия тілінде сөйлеген теңізшілер Афроеуразияның шығысы мен солтүстік-шығысынан жылжып отырып, Тынық мұхит пен Мұхит аралдарының көбін игерді. Олар мұхиттың оңтүстік-шығысындағы алып шөл даласындағы Рапа Нуиға (Пасха аралы) дейін жетті, ал кейбір полинезиялықтар тіпті Оңтүстік Америкаға аяқ басса керек. Әйтсе де олар Тынық мұхиттың батыс пен шығыс аймақтарын жалғайтын теңіз байланыс желісін жасаған жоқ.

Мұхит аралдары (сонымен бірге Тынық мұхит аралдары) – тропиктік Тынық мұхит пен оның аралдарына шоғырланған алып аймақ. Бұл анықтамаға Австралия кірмейді, бірақ Жаңа Зеландия кіреді.

Б.з. XV ғасырына дейін Атлант және Тынық мұхиттары арқылы саяхаттап, барыс-келіс жүйесін жасайтындай шалғай теңіз зерттеушілерінің айтарлықтай техникалық машығы мен географиялық білімі болған жоқ. Атлант және Тынық мұхиттар желдері (жоғарғы ағыс сол желдер ығымен ағады) Үнді мұхитының муссондары секілді белгілі бір циклдік тұрақтылыққа бағынатынын ұққан соң ғана теңізшілердің айы оңынан туды десек те болады. Әркелкі атмосфералық қысым мен жердің айналу ықпалының қабысуы әсерінен Атлант және Тынық мұхиттарының желдері экватордың солтүстігіне сағат тілі бойынша айналып келіп, оңтүстік бағытта кері қарай соғады. XV-XVI ғасырларда ғана еуропалық кеме капитандары Атлант мұхиты бедерін картаға әжептәуір дәл түсірді. Осы карта бағдар көрсетіп мұхит арқылы саяхаттауға мүмкіндік туды. Жел мен ағыстың бұл «төрт тағанды» үлгісінің жергілікті нұсқалары бар және ол кіріспеде қарастырылғаннан әлдеқайда күрделі екені рас. Десе де теңіз жиһанкездері бұл қым-қиғаш бағдарды бірте-бірте меңгерді. Сөйтіп, XVIII ғасыр аяғына қарай олар барша құрлық пен аралдарды бір-бірімен байланыстырған тұзды су өткелдерінде кемелерімен жүзіп жүрді. Нақты зерттелмеген Антарктида ғана қалды.

«Panorama: Дүниежүзі тарихы, 1-кітап»,

(«100 жаңа оқулық» жобасы асында аударылған кітап)

Росс Е. Данн, Лора Дж. Митчелл

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button