Жаңалық

Нелли Бубэ. Қазақстан петроглифтері

Нелли Бубэ – Ұлы Жібек жолы идеясын тұтастай және ауқымды түрде бейнелеген алғашқы суретші. Оның көшпенділер өмірінің мол поэзиясына қаныққан қолтумаларындағы ескен леп – көптің назарына бірден ілікті.

Әрдайым эксперименттер мен ізденістерге әзір суретшінің жұмыстары тақырыптық және техникалық алуандығымен ерекшеленеді. Өзіне ғана тән авторлық стилі Қазақстанда ғана емес, өзге шет мемлекеттерде айрықша қошеметке ие.

Суретші шығармашылығындағы ұлы даланың жұмбаққа толы сәулелі шақтары жалғасқан оқиғалар тізбегінде жеткізіліп жатады. Қонақтарды қарсы алу алдындағы абыр-сабыр жүгіріс, домбыраның шанағынан төгілген қоңыр шаттық, тыныштық құшағында бесігін тербеткен ана, тепкіден шыққан киізді білекпен жентектеуге кіріскен әйелдер бейнесі  күнделікті өмір жайында нәзік сыр шертеді. Көне тарих қойнауына сілтей отырып жазылған тақырыптық топтамалар бір сәтте жалықтырған емес, керісінше қонақжай кеңпейіл құшағына тарта түседі.

Нелли Бубэ шығармашылығындағы маңызды кезең – Ұлы Жібек жолының тарихы. Дала жұртының тұрмыс-тіршілігін көңіл пернесімен зерделеген суретшінің бай қиялы мен көркемдік танымы қат қа­бат өріліп, «Ұлы Жібек жолы» атты үл­кен панорамада көрініс тапты. Оның бұл та­қырыпты індете зерттеп, үндеуі әс­те кез­­дейсоқтық емес. Өйткені дәл осы Ұлы Жі­бек жолы адамзат өркениеті өріс­теген алып сілем болды. Ішкі қуат тегеу­рі­нін жар­­қыратып көрсеткен суретші кес­кін­демені, графиканы, коллаж әдісін аралас­ты­ра отырып, өзіне ғана тән жаңа техника жасап шығарды. Аңызақ дала, құмдауыт шөл, күн шапағы, әр ал­уан жер бедері Нел­­лидің қабылдауында алтын түске ие, сон­­дықтан да болар шұғылалы сипат оның жұмыстарының басым гаммасына ай­­алды.

– Бәлкім, дала, скиф тақырыбы бәз­ біреу­лер үшін тым жаттанды­ да­ бо­­­лып көрінер. Бірақ әлемдегі ке­ре­мет музыкалардың бәрі тек жеті нота төңірегінде ғана дүниеге келмей ме? Көшпенділердің әрбір нотасында тарих шежіресі тұнып тұр. Қарапайым ғана балбалдарды алыңыз. Мен қазақ даласындағы балбал тастарға тек қана Мысыр пирамидалары ғана балама болады деп айтар едім. Тарихтың терең қалтарысында қалған дала жырына XX-XXI ғасыр көзімен қарауға тырыс­тым. Коллаж техникасын пайдалана отырып, өзіміз өмір сүріп отырған дәуір тілімен сөйлеткім келді. Батыстың, оның ішінде Еуропаның ішкі жан дүниесі, рухани байлығы сарқыла бастағандай, – дейді суретші басылымға берген ертеректегі сұхбатында (Егемен Қазақстан, 2007, 27 маусым). «Ұлы Жібек жолы» па­норамалық композиция­лары болсын, өзге де «Қазақ қолөнершілері», «Көш­пенділер әлемі», «Дала Мадонна­лары» сынды қайталанбас картиналарында ою-өрнек маңызды рөл атқарады. Белгілі бір заңдылыққа сүйене отырып салынған ою-өрнек кез келген сәндік мотив­терде жақсы хабар жеткізуші маз­мұнға ие.

Нелли Бубэнің соңғы жылдары са­лынған «Қазақстан петроглифтері» атты шағын сериялы жұмыстары жан жылуы сіңген туындылар деуге болғандай. Жартастағы суреттерге жан бітірген ав­тор уақытты кері бұрып, ақыл-ой еле­гі арқылы ғасырлар түнегіне жарық тү­сіреді. Дүние жүзінде теңдесі жоқ тасқа қашалған Тамғалы петроглифтерінің табиғатын шебер бейнелей отырып, символикалық үйлесімді кеңістік жасайды. Мифтік танымдағы қасиетті жан-жануар бейнесі қиюы келіскен өрнектер арқылы өтеді. Мәңгіліктің, шексіздіктің, үздіксіз қозғалыстың өрнегін автор жан-жүрегімен сезінеді.

«Қазіргі кезде дәстүрді сақтау жайын­да көп айтылып жүр. Мен үшін дәстүр деген жүз жыл бұрынғы заңдардың жиын­тығы емес, яғни көліктен түйеге міну немесе киіз үйге оралу емес. Бұл адам­дарға және табиғатқа деген қа­рым-қатынас қағидаларында жатыр, мұны ауылдың да, қаланың да өмірінен байқауға болады», деген суретшінің авторлық ұстанымынан бейбіт теңдік ұғымы анық көрінеді. Суреткердің белгілі бір аймаққа, дінге бұра тартпаған, жалпы адамзаттық мәнге ие көзқарастары жарқын бояуларға толы кенеп бетінде еркін сырғиды.

Нелли Бубэ шығармаларының бір­сыпырасы АҚШ, Кипр, Германия, Аус­тралия,Чилидегі көрме залдарында, жеке коллекцияда сақталған. Ал «Қазақтың киіз үйі» атты картинасы Парижде, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінің төрінде тұр. Қазір Алматыда тұратын суретші қазақ мәдениеті мен тарихын зерттеуді жалғастыра отырып, жаңа тұжырымдарын іске асыруда.

Басқа материалдар

Back to top button