Жаңалық

Түркиялық ғалымның «Абай Құнанбайұлы. Ғақлия кітабы» жарық көрді

«Абай шығармаларының түркі әлемінде зерттелуі мен насихатталуы». Бүгін осындай атаумен халықаралық ғылыми конференция өтті.

Оған ғалымдар, халықаралық ұйым өкілдері мен Түркияның қоғам қайраткерлері қатысты. Онлайн форматта өткен жиынның ұйымдастырушылары Абай университеті, Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы және Түркияның Тоқат мемлекеттік Гази Османпаша университеті. Алқалы басқосуда, түркі дүниесінде Хәкім Абай шығармаларына байланысты атқарылған жұмыстарды насихаттау жайы айтылды. Сондай-ақ «Абай Құнанбайұлы. Ғақли кітабы» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды. Оның авторы – түркиялық ғалым Ержан Петек. Туындыны профессор Шерубай Құрманбайұлы мен PhD докторы Марлен Әділов түрік тіліне аударып, ғылыми редакциясын жасаған. Кітапта 1907 жылы Мүрсейіт Бікеұлы хатқа түсірген Абайдың қара сөздерінің қолжазбасы, транскрипциясы және грамматикалық индексі берілген.

Ержан Петек, ғалым:

– Бұл кітапты жазуға 1 жылдай уақыт кетті. Мен 4 жылдай «екі дүние есігі, ер түріктің бесігі болған» Түркістан қаласында жұмыс жасап, қазақ тілі мен әдебиетімен, жыраулар поэзиясымен жақсы таныстым. Биылғы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығында да үнсіз қалғым келмеді. Сондықтан осындай еңбекті жазуды қолға алдым. Бүгінге дейін Абай шығармаларының жинағы қанша рет жарияланса да, қолжазбасы, транскрипциясы және индексі толық жинақталған кітап болған жоқ. Бірақ біз еңбегімізде 1907 жылы Мүрсейіт Бікеұлы хатқа түсірген нұсқасын бердік. Араб графикасымен жазылған қара сөздер қолжазбасы қайта оқылып, жаңа транскрипциясын ұсындық.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button