Жаңалық

Бабамыздың есімі тасқа қашалды

Павлодар ауданы Кеңес ауылдық округіне қарасты Әйтім ауылында 1832-1918 жылдар аралығында өмір сүрген діндар, шипагер, ұстаз, халфе Нұрғали Хазірет Боташұлы бабамызға арналып, сүйегі жатқан зират жанында орнатылған ескерткіш тас белгінің ашылу рәсімі өтті.

Тасты Баянауыл өңірінен тарихшы, қоғам қайраткері, қазірде Зеренді ауданының бас имамы, сондай-ақ «Нұрғали Хазірет Ұлағат» орталығының директоры Хабзат Баужанов өз қаражатына жасатып, орнаттырған. Осынау ұлағатты іске ауданымызда орын алатын рухани жаңғыру бағытындағы әр істің басы-қасында жүретін «Игілік-Рухани жаңғыру» қайырымдылық қорының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Бақытбек Баткеевтің де қосқан үлесі зор.

Игі шара құран оқудан басталды. Ескерткіш тасты ашу құрметі мәслихат хатшысы Айтуған Шайхимовқа және ауданымызға қарасты Ольгинка ауылы маңында дүниеге келген Дәндібай би Сәлібайұлының ұрпағы Қадиша Дәндібаеваға ұсынылды. Белгітас ашылып, жиылған ауыл тұрғындарына шашу шашылды.

Ескерткіш тас.jpg

Таста келесідей сөздер жазылған:

«Бұл жерде рухани байлығымыз, асыл дініміз Исламның осы өңірге таралуына үлес қосқан аса көрнекті дін ғұламасы, шипагер, халфе, имам болған, тірісінде Ғазиз Атекем (Қасиетті ата) атанған, 1832-1918 жылдар аралығында өмір сүрген Нұрғали Хазірет Боташұлы бабамыз жатыр», – делінген және журналист, ақын Мұхамеджан Дәуренбек атамыздың келесідей өлең жолдары көрініс тапқан:

Өкініш: қалмаса да жазба-десте,

Тірлікте берген ілім жұртқа үлеске.

Ұрпақтың жинап-терген жәдігері,

Хазрет Ғазиз Атакем салады еске.

Осынау үлкен іске мұрындық болған Хабзат Қасенұлы және Бақытбек Тілеубайұлына аудандық әкімдік өкілдері, мәслихат хатшысы Айтуған Шайхимов, мәдениет, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Ержан Рақымжанов пен ауыл халқы қолға алынған істің жас ұрпаққа берер тағылымы мол, рухымыздың жаңғыруына қосар үлесі зор екенін атап өтті. Бұл ретте, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің киелі жерлері картасына есімі енген бабамызға арнап болашақта жергілікті білім ошағында мұражай ашылмақ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button