Жаңалық

Нью-Йорк қаласынан қазақ тілінде радиохабар таратқан қазақ

«Алыстағы ағайын» жобасының кезекті кейіпкері – журналист, блогер Данияр Кожан 

Ruh.kz: Сәлеметсіз бе, Данияр мырза! Қай жерде туылып, қандай мамандық бойынша білім алдыңыз? Нью-Йоркте тұрып жатқаныңызға қанша уақыт болды?

Данияр Кожан: Сәлеметсіз бе! Мен Алматы қаласының тумасымын. Мамандығым – заңгер. Шоу-бизнес саласында жүргеніме 15 жылдай болды. АҚШ-қа алғаш рет 3 жыл бұрын бардым. Бастапқы 2 жылында демалып, жаңа қалаларды көріп, турист ретінде жүрдім. Ресми көшкеніме 1 жыл уақыт өтті. Американы барлығымыз кино арқылы көріп, қызығамыз. Онда бару үлкен арман-мақсатымның бірі еді. Қазіргі таңда сол елдің азаматы болмасам да, турист ретінде жүрмеймін. Манхэттенде тұратын америкалық заңгермен жұмыс істеп жүргеніме 1 жылға жуықтады.

Ruh.kz: Болашақта Қазақстанға келу жоспары бар ма?

Данияр Кожан: Мен қазір екі мемлекеттің арасында жүріп, екі мемлекетке қызмет етудемін. Америкаға барып, Қазақстанның ұлттық құндылығын насихаттаймын. Сол секілді, Қазақстанда жүргенде АҚШ-та жинақтаған тәжірибеммен бөлісемін. Ұшып-бару уақыты 20 сағат болса да екі елде өмір сүре беруге болатынын түсіндім.

Ruh.kz: Әлемдегі ірі қалалардың бірі – Нью-Йоркте алғаш рет қазақ бағдарламасын эфирге шығардыңыз. Осыған тоқталсаңыз.

Данияр Кожан: Радиобағдарламаны Америкадағы үздік полицей, актер, боксер Димаш Ниязовпен бірге жүргізу ниеті бар. Алғашқы хабар әлі шыққан жоқ. Америкадағы радиодан 2 сағатқа арналған бағдарламамды ашып, атын «Kazakh Time» деп қойдым. Радиохабар қазақ және орыс тілдерінде шығады. Міндетті түрде Димаш Құдайберген, Музарт тобы, Меломен тобы секілді қазақстандық жұлдыздардың орындауындағы әндер қойылады.

Ruh.kz: Келешек радиодан басқа тағы қандай жоспарларыңыз бар? (шетелде)

Данияр Кожан: Қазақ радиосы – менің үлкен жобам. Нью-Йорк қаласынан бастадым. Вашингтон, Чикаго, Майами секілді бірқатар жерлерінде қазақтар өте көп. Әр қаласынан радионың бір бөлімшесін ашқым келеді. Болмаса аудио арқылы әр өңірімен байланысқа шығу жоспары бар. Әрине, бұл тек Америкамен ғана шектеліп қалуды білдірмейді. Бәлкім, Түркия, Ресей елдерінде де ашып қалармын?! Сөйтіп қазақтардың басын біріктіру ниеті бар. Қазірдің өзінде ұсыныстар келіп түсуде. Әлбетте, барлығы қаражатқа тіреледі. Жалғыз болғаннан кейін өзіндік қиыншылығы бар. Қаражат жинап, демеушілер іздеу үстіндемін. Мүмкін мемлекеттің қолдауы болып қалар?! Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ұсыныс айттым. Қолдап жатқан тәрізді. Бірақ оған уақыт керек.

Ruh.kz: Экономикасындағы өзгешеліктеріне тоқталсаңыз.

Данияр Кожан: Жеке пікірімді айтатын болсам, Америка – өте қатты дамыған мемлекет, әлемдегі дамыған экономика орталығы. Айлықтары жоғары. Минималды айлық табысы – сағатына шамамен 15 доллар. Дегенмен қанша кіріс кірсе, сонша шығыс шығады. Мәселен, Америкада үй мен көлік жалдау және телефон байланысы өте қымбат.

Ruh.kz: Екі ел арасындағы айырмашылық қандай? Мұхиттың келесі бетіндегі мәдениет, менталитет қандай және несімен өзгеше?

Данияр Кожан: Иә, бұл сұрақты маған жиі қояды. Мұнда күліп жүру үшін ұзақ уақыт үйрендім. Америкада күліп жүру – қалыпты құбылыс. Сыртта жүргенде жымиып жүреді. Көшеде, дүкенде танымайтын адамдарға да «Күніңіз сәтті өтсін» деп айтады. Байқамай тиіп қалса, кешірім сұрауға асығып тұрады. Менталитеті өте керемет. Былай қарасаң, мұсылман елдеріне қатты ұқсайды. Шариғатта: «күліп жүру – сүннет», – деп үйретеді. Бұл жақтағы адамдардың 90 пайызы сондай. Қазақ халқы «қонақжай» деген керемет қасиетке ие. Бізде туыс-бауырлармен жақын араласады, үлкен кісілерді сыйлайды. Үйге көршіміз келсе де, жақсылап құрмет көрсетеміз. Ал Америкада ондай жоқ. Рұқсатсыз қонаққа бара алмайсың. Алдын ала хабарласып, «келсем бола ма?» деп айтуың керек. Өкінішке орай, АҚШ-та қарттар үйі көп. Оларда ата-анаға бала мен келін қарайды деген түсінік жоқ. 18-21 жастан асқаннан бастап, баласы бөлек тұруға асығады. Сол жағынан қарағанда екі ел арасында таразы тұр. Бір жағынан олар, екінші жағынан біз ұтып тұрмыз.

Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» дегенді қалай түсінесіз?

Данияр Кожан: Өте жақсы сұрақ. Рухани жаңғыру – тілімізді, дінімізді, мемлекетімізді әлем елдеріне дұрыс жағынан көрсетіп, насихаттау.

Мұнда көп жерде туды көтеріп жүремін. Американдықты көрсем, Қазақстан жайлы бірер сөз айтуын өтінемін. Әркім әрқалай жауап қайырады. Біреулер танып, Димаш Құдайбегенді есіне алса, енді біреуі естімеген. Сол себептен Америкада жүріп, Қазақстанның танылуына кішкене болсын үлесімді қоса алсам, аса қуанар едім. Нью-Йорк қаласында радиохабар таратып, қазақ тілінде сұқбат алып, қазақ әндерін халыққа есітсем, рухани жаңғыруға қосқан үлесім деп ойлаймын.

Ruh.kz: Шетелде радио таратып жүрген азамат ретінде қазақстандық жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз.

Данияр Кожан: Иә, көп жастар жекеме жазып, түрлі сауалдар қояды. Жастарға айтарым, бір мәселеден қашып, Америкадан бақыт табамын деп ойламаңыз. Себебі Америка – үлкен мемлекет. Ол жерде бізді күтіп тұрған ешкім жоқ. Барған соң үстіңізден ақша түспейді. Мұндай жағдайда көбіне былай түсіндіруге тырысамын: бір жерде есік жабылып тұрса, ол жерде тоқтап қалуға болмайды, келесі есікке бару қажет. Әйтеуір бір есік болмаса да, келесі бір есік ашылады. Мысалы мен Музарт тобымен бірге жұмыс істедім. Әлі күнге дейін бүкіл әндерін жақсы көріп, тыңдаймын. Сол сияқты, мені ешқандай таныссыз Музарт тобы мен Хабиб Нұрмағамбетов секілді әйгілі спортшының әкімшісі, аты аңызға айналған боксшы Майк Тайсоннан сұқбат алып, әнші, продюсер Қыдырәлі Болмановтың көмекшісі болады деп кім ойлаған?! Қысқасы, егер қаласаңыз, міндетті түрде жетесіз. Америкаға барғыңыз келсе, қорықпаңыз. Барып, көріп келіңіз. Америка міндетті түрде адамның көзін ашып, көзқарасын өзгертеді. Ол жақты көрген адам Қазақстанға тың идеямен оралады. Сондықтан адам өзіне сенуі тиіс. Көздеген мақсатыңызға жету үшін жай ғана адамдармен дұрыс сөйлесіп, келісе білуді үйреніңіз. Кішіпейіл болуға тырысу қажет. Осылай сіз көптеген есіктің кілтін аша аласыз.

Ruh.kz: Қазақ еліне айтар ниет-тілегіңіз болса, мархабат!

Данияр Кожан: Әлем халқы, Қазақстанымыз карантиннен тезірек, аман-есен шықса екен. Ең бірінші тілегім – осы. Дәрігерлерге Алла Тағала күш-қуат берсін! Олар вирусқа қарамай, күні-түні жұмыс істеп жүрген бірінші адамдар, қазіргі заманның батырлары. Бұрындағыдай қорықпай, бетпердесіз жүретін қалыпты шаққа жылдамырақ жетейік. Сіздерге көп рақмет. Сұқбат еркін форматта, өте жақсы өтті деп ойлаймын.

Ruh.kz: Сау болыңыз! Сұқбаттасуға келісім бергеніңізге көп рақмет!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button