Жаңалық

«Atamnyn Amanaty» ҚБ бүкілресейлік «Ыстық жүрек» сыйлығының лауреаты атанды

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтында «Atamnyn Amanaty» ұйымын Ресей Федерациясы Әлеуметтік-мәдени бастамалар қорының «Ыстық жүрек» сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті.

Айта кетейік, «Atamnyn Amanaty» ұйымы Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қазақстандық сарбаздардың жерленген жерлерін анықтап, мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен айналысады. Биыл Ұйым «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының бастамасымен қолға алынған «Өзгерістердің саруарлары» акселерациясының жеңімпазы ретінде үздік 20 жобаның тізіміне енген. «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Төрағасы Данияр Есиннің айтуынша жоба қазақстандықтардың патриотизмі мен Отанға деген сүйіспеншілік сезіміне бағытталған.

– «Atamnyn Amanaty» ұйымының өкілдері қоғамдық сананы жаңғырту бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нағыз елшілеріне айналды. Бұл өз елінің тарихи мұрасына бей-жай қарамайтын жас қазақстандықтардан құралған ұйым. Бүгінгінің батырлары десек те болады. Өйткені, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткендерді іздеп, олардың мәңгі есте қалуы үшін мұрағаттық-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқандықтары үлкен ерлік.

Майданда соғысқан 1,5 миллион қазақстандықтың 270 мыңы хабар-ошарсыз кеткен. Арада талай жыл өтті. Сол кездегі куәгерлердің көбі бүгінде өмірде жоқ. Яғни, деректердің жойылғанына байланысты із-түзсіз жоғалғандарды табу өте қиын. Соған қарамастан «Atamnyn Amanaty» ұйымы табандылық танытып, талай сарбазды табуға еңбек сіңіріп жатыр, – деді Данияр Есин.

«Atamnyn Amanaty» ҚБ соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен 600-ден астам сарбазды тапқан. 2019 жылы «Atamnyn Amanaty» ҚБ ҚР Қорғаныс министрлігі және Алматы, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан 5 сарбаз бен офицердің сүйектерін әскери құрметін сақтай отырып, салтанатты түрде елге жеткізген болатын.

Марапаттау рәсіміне қатысқан Ресей ынтымақтастығы өкілдігінің басшысы Алексей Коропченко ата-бабаларымыз туралы естеліктерді жаңғыртуда «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің маңыздылығына тоқталып, жастардың сана-сезімін оята алатын үлкен жоба екендігін атап өтті.

Мұрат Молдағалиев, «Atamnyn Amanaty» басқармасының төрағасы:

«Бұл марапат – тарихи жадымызды қалпына келтіру үшін тынбай еңбектеніп жүрген замандастарымыздың жұмысына берілген баға. Біз «Рухани жаңғыру» жобаларының акселерациясындамыз. Осы орайда өз тәжірибемізбен бөлісуге әрдайым дайынбыз».

Анықтама

«Ыстық жүрек» сыйлығын Ресей Федерациясы әлеуметтік-мәдени бастамалар қоры табыстайды. Қор мемлекеттік және қоғамдық бастамалар мен жобаларды қолдаумен, сондай-ақ, Ресей мен ТМД елдерінің халықаралық және аймақаралық мәдени байланысын күшейтумен айналысады.

«Atamnyn Amanaty» жобасы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының Акселераторлар бағдарламасы бойынша ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Акселераторлар бағдарламасы әлеуметтік жобаларға сараптамалық қолдау көрсетіп, ресурстар мен инвестицияларды тартуға, сондай-ақ жобаның аясын кеңейтуге көмектеседі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button