Жаңалық

21 жастағы студент Рубик кубигінен Абайдың суретін салды

21 жастағы түркістандық азамат – Тынысбек Палманұлы бірнеше Рубик кубигін біріктіріп, көлемді туындылар жасап шығарады. Осылайша ол бала күнгі хоббиін қосымша табыс көзіне айналдырған.

Тынысбек Палманұлы қазіргі таңда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4 курс студенті. Мамандығы – инженер-механик. Рубик кубигінен әртүрлі кескіндерді құрастыру оның хоббиі. Бүгінде жас талант көптеген белгілі тұлғалардың, Қазақстанның мемлекеттік туының суретін салып үлгерген. Соның ішінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың, эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың суреттерін ерекше атап өтуге болады.

Өнер иесінің айтуынша, Рубик кубигін құрастырып шығару – оның бала кезден бері келе жатқан сүйікті ісі:

«Бала кезімнен Рубик кубигін құрастырғанды жақсы көремін. Карантин уақытынан, жаз айынан бастап портрет жасай бастадым. Көлемді, 600 кубиктен, биіктігі 1,60 м, ені 1,10 см болатын сурет салдым».

Жақсы туынды құрастыру үшін адамға ең алдымен шабыт және есте сақтау қабілетінің мықтылығы қажет деген Тынысбек Палманұлы уақыт өте келе, сүйікті ісінің қосымша табыс көзіне айналып кеткендігін айтады:

«Адамдардың көбі жақсы пікір жаза бастағаннан кейін Рубик кубигін құрастыра бастадым. Қазір адамдар жақынына ерекше сыйлық жасағысы келеді. Солай, бірте-бірте бұл табыс көзіне айналып кетті. Аптасына 1-2 рет тапсырыс түсіп тұрады».

Суретші бір портретті жасауға 5-6, кейде 8 сағатын арнайтынын айтады. Ал бір Рубик кубигін бір минутта жинап шығаратын көрінеді. Оның ойынша, Рубик кубигінен сурет салу – математика мен бейнелеу өнерінің қосындысы.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button