Жаңалық

Алматыға саяхат: 24 сағат ішінде не үлгеруге болады?

Қапа болмаңыз! Тіпті 1 тәулік ішінде арайлы Алматыдағы демалысыңызды сапалы өткізіп, көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, қайталанбас әсер алып үлгересіз.

Шынымен де, мұндай мәселені шешу қиынға соғары анық. Себебі көпқырлы Алматының алуандылығын танып білу үшін тіпті бірнеше апталық саяхат аздық етеді. Дегенмен, 1 тәулік ішінде де көруге тұрарлық әрі үлгеруге боларлық дүние жетіп, артылады. Соның алғашқысы – таулар! Бұл – асқар таулардың керемет көріністерін тамашалап, өне бойыңызды саф ауаға қанық қылып, биіктігімен еліктірер шыңдарға бір елі жақындауға керемет мүмкіндік. Таулардың тылсым әлемі қуат сыйлайды, ақыл-ойыңызды тазартып, кемелдікке деген ұмтылысты күшейтеді.

Әрине, Алматы қаласының өзі де ерекше ықылас пен назарға әбден лайық. Бірақ саяхатыңыздың уақыты шектеулі болса, басымдылықты тауларға бергеніңіз жөн. Қала қызықтарына тау жорығынан соң жан дүниеңіз тынығып, деніңіз шаршағаннан кейін ғана көңіл бөлуді ұсынамыз. Қалада думанды көшелер мен дәулетті даңғылдарда серуендеп, мәні мен сәні жарасқан көрікті орындарға барып, еншіңізде уақыт қалса бірқатар қызықты жерлерді араласаңыз болады. Олар жайлы осы мақаламызда баяндап береміз.
Ыңғайлы жайғасып, қиялыңызды қосып, мақаламызды оқуға кірісіңіз!

Таудағы белсенді демалыс

Алматыдағы саяхаттың ең әсерлі сәттері мен жарқын естеліктері әрдайым таулармен байланысты. Бұл – жыл мезгілі мен ауа-райына тәуелсіз қалыптасқан, уақытпен тексерілген қағида. Елестетіп көріңіз, қаланың қарбаласқан тірлігінен 10 минуттық жерде ғана Солтүстік Тянь-Шаньның ірі жотасы – Іле Алатауының бауырайы жатыр. Жазғы уақытта жексенбілік жаяу жорықтарға шығып, Көк Жайлау, Үлкен Алматы көлі, көптеген шатқалдар мен сарқырамалардың көркем көріністерін көруге болады. Ал жаяу жүруді қаламасаңыз, халықаралық тау-шаңғы курорттарына «Қош келдіңіз!», – дейміз.

Қазақстандағы ең көне тау-шаңғы базасы – «Шымбұлақ»

Шымбұлақ – өзі аттас тау шатқалында орналасқан тау-шаңғы курорты. Мұнда «қар» спортына арналған барлық табиғи және техникалық жағдай жасалған. Шымбұлақ иелігінде халықаралық аттестациядан өткен үш жоғары жылдамдықты трасса, шаңғы тебуді енді меңгеріп жатқандарға арналған көптеген қауіпсіз беткейлер және дайындықтан өткен, тәжірибелі шаңғышылар үшін «қызыл» және «қара» трассалар бар. Арнайы мамандандырылған мекемеде қажетті құрал-жабдықты жалға алып, беткейлерді бағындыру бойынша сабақ өтіп, машықтануға болатын курстар ұйымдастырылады. Ал егер сіздің спортқа терең үңілу ойыңыз болмаса, жергілікті мейрамханалардың бірінен тамақтана отырып, батыл шаңғышылар мен табиғаттың көзтартар көріністеріне куә бола аласыз.

«Медеу» биіктаулы мұз айдыны

«Медеу» – әлемдегі ең әйгілі мұз айдындарының бірі. Сол себепті мұз үстінде еркін қозғалып, коньки тебуді білмесеңіз де міндетті түрде Медеуге келуіңіз керек. Кафеде тәтті тоқаш пен дәмді кофемен әлденіп алып, ашық аспан астында коньки теуіп, көңілді уақыт өткізе аласыз. Бұл жерде конькиді жалға алу да оп-оңай. Әдемі әуен. Таудан ескен самал. Көркем табиғат. Бір сөзбен – Романтика!

«Көк төбе» биіктаулы ойын-сауық кешені

Алматының нақ орталығында орналасқан Достық даңғылындағы бекетте кабинага мініп, арқан жолымен 1620 метр биіктікке көтеріле аласыз. Бар-жоғы 6 минут. Осы аз уақытта сізге Алматының бар ажары мен салтанаты ашылады: қаланың шыршалы жасыл желегі, тарих тұнған көшелер мен даңғылдар, әйгілі алматылық биік ғимараттар. Мінекей, көз алдыңызда «Қазақстан» қонақ үйі. Бұған дейін бұл көріністі талай рет ашық хаттар мен газет-журналдың бетінен, теледидардан көрген боларсыз. Таңданысыңыздан айыға алмай тұрған сәтте Көк Төбеге жетіп, қызықты аттракцион паркінің дәл ортасынан табыласыз. Таңырқау ендігіде шаттықпен жалғасады. Скалодром, шанамен жылдам сырғанап түсу, 30 метрлік шолу дөңгелегі сізге сергектік сыйлап, қандағы адреналин мөлшерін еселері анық. Егер сізге жануарлар әлемі қызық болса, осы жердегі хайуанаттар бағы мен экзотариумды көруіңіз керек. Ескертетін жайт – уақытыңызды бағалаңыз! Көк Төбедегі толған қызықтың ішінде уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалу қаупі өте жоғары.

Осымен Алматының тауларына арналған шолуды аяқтаса да болады. Алуан түрлі әсерден сіздің шаршап, белсенділікке құлшынысыңыз жоғалып кетуі мүмкін. Дегенмен, бар күш-жігеріңізді жинап, әсем Алматыдағы қалған уақытыңызды пайдамен өткізіп, қаланың қыр-сырын барынша ашуға арнаңыз. Осы орайда, сіздің тарапыңыздан туындайтын заңды сұрақ: Қалған уақытымды қалай өткізсем болады? Бұл сұрақтың жауабын келесі мақаладан оқып, біле аласыздар. Порталымыздан алшақтамаңыздар!

Ақпарат Kazakhstan.travel сайтынан алынды

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button