Жаңалық

Елордада үздік суреттер «Сүйікті астана» фотокөрмесіне қойылды

Елордадағы MEGA Silk Way сауда, ойын-сауық орталығында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты мен Ruh.kz ақпараттық порталының ұйымдастыруымен «Сүйікті астана» атты фотокөрме өтуде. 

Н.Ә. Назарбаевтың идеясымен дүниеге келген сүйікті астана бүгінде өткеннің бай мұрасы мен қазіргі заманның ең жақсы жетістіктерін үйлестіре отырып, қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның жарқын бейнесіне айналды.

Фотокөрмеге әуесқойлармен қоса, кәсіпқой фотографтар да қатысты.

Көпшіліктің алдына қойылған жұмыстар байқау арқылы таңдалды. «Сүйікті астана» деп аталатын экспозицияға Елордаға деген сүйіспеншілікті көрсететін, ерекше тәсілмен түсірілген үздік кадрлар кірді.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Асел Тоқтарова фотокөрмеден алған ерекше әсерімен бөлісті:

«Қазіргі күні ұялы телефоннан бастап фотоаппаратқа дейін суретке түсірудің сан түрлі техникалары бар. Барлығы фотосуреттің не екенін ұмытқан. Іс «аваға түсір» деумен ғана шектеледі. Аталмыш фотобайқау шығармашылықтың маңыздылығын байқатады. Әлбетте, жағымды, позитивті эмоцияларды қалаймыз. Біздің Елорда – әдемі қала. Көрмеге қойылған суреттер соның айқын дәлелі. Суреттерден өзгеше әсер алу үшін қаншама зейін, батылдық, аңғарымпаздылық қажет».

Фотокөрме 1-3 желтоқсан күндері аралығына дейін созылады. Елорда тарихына үңілгісі келетін кез келген адам көрмеге барып, сүйікті астанамыздағы әсем көшелер мен аспанмен теңескен зәулім ғимараттарға бір сәт саяхаттай алады.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button