Жаңалық

Елордада заманауи бағытта білім беретін дамыту орталығы ашылды

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, орталық STEM бағыты арқылы оқытылады. Ол дегеніміз – балалардың ғылыми-технологиялық қабілетін дамытуға бағытталған пәнаралық және жобалық оқыту жүйесі. STEM білімі келесі дағдыларды дамытады: сыни ойлау, қарым-қатынасқа бейімділік, аналитикалық ойлау, зейін қою, нысандардың байланысын көру және тапсырмаларды бөлу, work ethic (жұмыс этикасы) – оң нәтижеге бағытталу.

«STEM бағыты 4 зертхана негізінде жұмыс істейді. Олар: Robolab, Fablab, Vrlab және Designlab. Robolab – робототехника зертханасы. Fablab – 3D модельдеу мен инженерлік математика. Vrlab – виртуалды шынайылық зертханасы. Онда балалар 3D көзілдірікті киіп, ноутбук арқылы арнайы бағдарламамен жұмыс істейді. Соңғысы – Designlab. Ол графикалық дизайн, видеомонтаждау және видеографиканы қарастырады. Оған 12 жастан жоғары балалар келе алады. Designlab бағыты графикалық дизайнның бастапқы базасын үйретеді: шрифт, түстер үйлесімі, фото-видео түсіріп, өңдеу», – дейді Nazarbaev Ortalyǵy дамыту орталығының маркетинг менеджері Айгерім Сағимұрат.

Сонымен қатар орталықта «NS CHESS CLASS» деп аталатын 2 шахмат сыныбы да бар. Балаларды шахмат ойнауға үйрететін барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Білікті жаттықтырушылар құрамы оқытуды балалардың бойында қажетті дағдыларды қалыптастыратын заманауи әдістемелердің негізінде жүргізеді. Оқыту құны – 8000 тг (1 ай, аптасына 2 рет), 12 000 (1 ай, аптасына 3 рет). Сабақтың ұзақтығы оқушының деңгейіне қарай 60-тан 120 минутқа дейін созылады.

Ал Fablab тренері Алихан Есалы лабораторияның басты мақсаты – балалардың арасында 3D модельдеуді дамыту екендігін айтады:

«Біз лабораторияда балаларға заманауи, жаңа технологияларды лайықты деңгейде дұрыс қолдануға үйретеміз. Мәселен бізде 3D-принтерлер, фрезерлік және лазерлік станоктар бар. Оларды қолдану үшін 3D модельдеу негізі қажет. Лабораторияға 10-14 жастан жоғары балалар келе алады. 10 жастағыларға басқа тақырыпта, ересек балаларға басқа тақырып бойынша сабақ өтеміз. Лабораторияның мақсаты – балалардың арасында 3D модельдеуді дамыту».

Сабақ беретін ұстаздар шетелдік және отандық ЖОО-лардың, соның ішінде Назарбаев университетінің жоғары тәжірибелі түлектері болып табылады. Шамамен 120 оқушы бар. Әр лаборатория 20 оқушыдан қабылдайды. Алайда карантинге байланысты 10 оқушы ғана келе алады. Оқушылардың көбі сабақтан қалмай келеді. Сондай-ақ бақылау түрінде жүретін сынақ сабақтары бар. Яғни сабаққа жазылмас бұрын оқушылар 1 сабаққа тегін қатыса алады. Жалпы STEM білім жүйесінің 1 бағыты 3 деңгейде (бастапқы, орта және жоғары) 6 ай бойы үйретіледі. 1 айда барлығы 12 сабақ оқытылады.

«Мен №73 мектеп-лицейінің 8-сыныбында оқимын. Nazarbaev Ortalyǵy дамыту орталығына ой ұшқырлығымды дамыту үшін келдім», – дейді дамыту орталығына жаңадан жазылған Әділетбек Хасанов.

Дамыту орталығында «NS SPACE» коворкингі де жұмыс істейді. Коворкинг ағылшын тілінен аударғанда «бірге жұмыс істеу» деген мағынаға ие. Онда Елорданың шығармашылық бағытқа жақын креативті жастары жұмыс істей алады. Кеңседе жұмыс істегенді ұнатпайтын адамдар немесе студенттер келіп, дипломдық жұмысын жазуына болады. Шағын жиналыс өткізгісі келіп, локация іздегендер үшін де орталықтың есігі әрдайым ашық. Коворкинг 60 орынға арналған. Жұмыс орнын жалға алу: 500 тг/1 сағ, 2000 тг/1 күн. Оның ішіне Wi-Fi, шай, кофе және 0 форматына дейін қағаз шығару кіреді. Коворкингке 12 жастан жоғары адамдардың барлығы кіре алады.

Келушілер үшін арнайы демалатын бөлме қарастырылған. Дамыту орталығының кез келген қонағы барып, кофе, шай ішіп, тыныға алады. Оның ішінде де шығармашылық ойды дамыту жағын ұмыт қалдырмаған: Рубик кубигі, «Дженга» ойыны, сурет салу.

Болашақтағы жоспарын сұрағанымызда орталықтың мамандары келешек тіл мектебін ашу жоспары бар екендігін айтты. Айтуларынша, бірінші – ана тілінен, одан кейін – орыс және ағылшын тілдерінен бастайды. Дегенмен өзге де шет тілдерін үйренгісі келетін адамдар болса, оны да қарастырмақшы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button