Жаңалық

Халықаралық байқаудың көрмесі ашылды

7 желтоқсан күні «Туған жерім» XV халықаралық бейнелеу өнері байқауының нәтижесінде балалар шығармашылығы туындыларының көрмесі ашылды, – деп хабарлайды Ruh.kz «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» ММ Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараны Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов ашып берді:

«Бұл жыл тек қазақстандықтар үшін ғана емес, күллі әлем халқына оңайға соқпады. Жаһандық пандемия халықаралық қауымдастықты тығырыққа тіреді. Алайда, орын алған ауыр жағдайларға қарамастан, ақырындап бұрынғы қалпымызға қайта келе жатырмыз. Осы жылдың қазан айында «Құланшы» заманауи өнер орталығы «Туған жерім» халықаралық бейнелеу өнері байқауының қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды анықтады. Қазылар алқасына Қазақстаннан бөлек, Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Украина, Әзірбайжан және Беларусь елдерінен 400-ге жуық туынды ұсынылды. Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Дәстүр бойынша, 2004 жылдан бері жалғасып келе жатқан көрме бұл жолы Елбасы Музейінде өтті. Мүмкіндікті пайдаланып, баршаңызды алда келе жатқан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын.

Жоба өзектілігінің артуы және оның кең танылуы жас суретшілердің жеке және шығармашылық әлеуетін ашуға, балалар шығармашылығын насихаттауға бағытталып отыр. Жоба жұмыс істеп келе жатқан 15 жылдан астам уақыт ішінде әртүрлі жұмыстар қарастырды. Жас таланттарға олардың Отан туралы түсініктерін, дәстүр сабақтастығын, өз халқының мәдени ерекшелігін көрсететін тақырыптар ұсынылды.

Айта кетейік, көрме 2021 жылдың 25 қаңтарына дейін жалғасады. Байқау материалдарымен https://presidentlibrary.kz сайтындағы «Көрмелер» («Жобалар») бөлімінде танысуға болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button