Жаңалық

Шымкентте 3 мыңнан астам ерікті жұмыс істейді

Шымкенттік еріктілер «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының жеңімпазы атанды.

Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен «Волентерлар жылының» жабылу салтанаты онлайн форматта өткен еді.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала бойынша жылды қорытындылап, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы және «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлерін марапаттады.

«Шымкент қаласында 20 қоғамдық ұйым еріктілікпен белсенді айналысады. Бұл ұйымдар 3000-нан астам еріктілермен жұмыс істейді. Шымкент қаласында Волонтерлер жылында «Birgemiz» жалпыұлттық жобасы, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне бағытталған «Тәлімгер», «Шымкент – қайырымды қала», «ECO SANA», «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы», «Ізгілікте жарысайық», «Мейірім» жобалары ұйымдастырылды. Жоба аясында тарихи-мәдени іс-шаралар, сенбіліктер, балалармен, қарт адамдармен және мүгедектермен әлеуметтік жұмыстар, қайырымдылық акциялары өткізілді. Туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысқан жомарт азаматтардың ісі көпке үлгі», – деді қала әкімі.

Жиын барысында бірқатар азаматтар түрлі номинациялармен марапатталды. Сонымен қатар, қайырымдылық пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арқалап, еліміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген жаны жомарт жандарды көтермелейтін дәстүрлі «Жомарт жүрек» сыйлығы да бүгін табысталды.

Айта кетейік, ел көлемінде «Волентерлер жылы» аясында 2 мыңнан аса түрлі қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып, техногендік табиғи апаттардан зардап шеккен 1 миллионнан астам қазақстандыққа көмек берілген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button