Жаңалық

Жас ғалымдардың гранттарын қаржыландыру көлемі ұлғаяды

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жас ғалымдармен онлайн кездесті, деп хабарлайды Ruh.kz порталы министрдің Facebook парақшасына сілтеме жасап. 

Министрдің айтуынша, жас ғалымдардың арасында еліміздегі ғылымның дамуына елеулі үлес қосып жүрген талантты жастар өте көп. Солардың бірі – жуырда Мемлекет басшысының Жарлығымен ғылым саласында мемлекеттік сыйақы алған жас ғалым, математик, PhD докторы Сұраған Дурвудхан.

«Жас ғалымдармен осындай кездесулерді жиі өткізу, олардың ұсыныстарын бірінші болып есту, толғандыратын сұрақтарына жауап беру және бірге жаңа бастамаларды талқылау маңызды. Кездесу барысында жас ғалымдар ҰҒК қызметі, жобаларды қаржыландыру мехонизмі және гранттық қаржыландыру тағайындалатын конкурстар өткізу, ресми сараптама рәсімдерін жетілдіру, диссертациялық кеңестің қызметі, МҒТС жүргізетін сарапшылар пулының аудиті, отандық сарапшыларға қойылатын талаптарды арттыру, постдокторантураны дамыту және т. б. бойынша ұсыныстар айтты. Қазір диссертициялық кеңес бойынша Ережелерге өзгертулер енгізілуде. Біз түзетулердің барлығын сарапшылармен бір жыл бойы талқыладық, халықаралық тәжірибені зерттедік және өзіміз шағын зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде өзгерістер дайындалды. Жақында осыған қатысты жеке пост жазамын», – деп жазады министр.

Оның айтуынша, формальды сараптама бойынша. сараптама кезінде грантқа үміткерлер ұсынған өтінімдерде формальды белгілер бойынша кемшіліктер табылған жағдайда азаматтар сол кемшіліктерді түзетіп, құжаттарды қайта рәсімдей алатын болады. Өтінімдердің формальды аспектілері сайтта толтырылады.

«Мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ғалымдарымыз әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуі үшін 500 грант бөлуге қатысты жұмыстың қалай жүріп жатқаны туралы да баяндап бердім. Ғылыми институттарды жабдықтау мен жөндеу жұмыстарына қатысты мәселені де қозғадық. Келесі жылы ғылыми-зерттеу институт ғимараттарында жөндеу жұмыстарын жүргізу және ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған заманауи жабдықтар сатып алу мақсатында 4 млрд теңге бөлінеді.

Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізімге кіретін ғылыми журналдарға қатысты талаптарды айтарлықтай күшейттік. Өткен жылдан бастап магистранттардың стипендиялары айтарлықтай өсті. Докторанттардың стипендиясы бір жыл ішінде 82 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін артты. Сонымен қатар келесі жылдан бастап жас ғалымдарға арналған гранттар бойынша қаржыландыру көлемі ұлғаятынын да атап өттім. Осы жылы біз гранттық бағдарламалар бойынша теңдессіз 5 конкурс жарияладық. Уәде етілгендей, енді бұл конкурстар үш жылда бір рет емес, жыл сайын өткізілетін болады», – дейді министр.

Оның жазуынша, алынған гранттар бойынша есептілікті азайту, мерзімдер мен рәсімдерге қатысты көптеген мәселелер әлі де бар. Оларды жүйелі түрде шешу мақсатында жұмыстар жүргізілетін болады. «Мұндай кездесулердің өте пайдалы екені сөзсіз. Біз білім мен ғылымды дамыту мақсатында мүдделі топтармен кездесулер өткізуді, барлық мәселелерді бірігіп талқылауды және тиісті шешімдер қабылдауды одан әрі жалғастыратын боламыз», – делінген хабарламада.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button